Иманның негізі – жүректің аса Құдіретті де Ұлы Аллаға берік сенімі мен бойсұнуы, Оны Тәңір деп тануы және басқа да иман тіректеріне, басқаша айтқанда, періштелерге, Кітаптарға, пайғамбарларға, Қиямет күніне, шешім мен тағдырға сенуі.
Бұл хадис Алла Тағаланың елшісі адам өшпенділіктен, жеккөрушіліктен, күншілдіктен, өзімшілдіктен аулақтамайынша, өзіне нені қаласа, соны басқаға да тілеп, басқалардың зұлымдық пен ренжуден аман, сау-саламат болуын, Алла Тағаланың разылығына бөленуін және Оған жақын болуын қаламайынша иман негізі адам жанында да, жүрегінде де берік орнықпайтынын, ал иманның мұсылман кеудесінде кәміл бола алмайтынын бізге түсіндіреді. Иманның адам жүрегінде мүлтіксіз жетілген кемел болуына мына себептер жәрдемдеседі:
а) Мұсылман халал игіліктер мен діни міндеттерді орындауға қатысты да өзіне нені қаласа, басқаға да соны қалауы тиіс. Ол өзіне жек көрінішті
барлық жамандық пен күнәлі іске басқаларға қатысты да жек көруге міндетті. Муғаз (Алла оған разы болсын) бір күні Алла елшісінен (с.а.с.): «Иманның ең жақсы көрінісі не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «…өзіңе нені қаласаң, басқаға да соны қалауың, өзіңе нені қаламасаң, басқаға да соны қаламауың», – деген.
ә) Егер мұсылман діндес бауырының өз міндеттерін орындауда қандай да бір кемшілік жібергенін, не оның дінінде қандай да бір кемістік бар екенін көрсе, оны түзетуге жәрдемдесуге міндетті.
б) Ол өзіне басқалардан қандай әділдікті күтсе және құқығының сақталуын қалай қаласа, дін қарындас-бауырының да құқығын солай сақтап, оған сондай әділ болуға әрекет жасауы керек. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кім тозақ отынан аулақтап, жәннатқа кіруді әрі өлген күні Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген (қалпында) болуын қаласа, ол адамдар өзіне қандай қатынас жасағанын қалағанына қарай басқаларға да сондай қатынас жасасын», – деді», – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz