23
Сенбі,
Қараша

һижри

Исламдағы ұялшақтықтың екі түрі

Исламдағы ұялшақтықтың екі түрі

Иман келтіру

Ұялшақтықтың екі түрі:

а) Біріншісі – туа біткен ұялшақтық, басқаша айтқанда, кейіннен табылған игілікті қасиет емес, адам баласына әу бастан тән қасиет. Мұндай ар-ұятқа ие адам мінез-құлықтың ең жоғарғы көрінісіне дейін көтеріледі. Алла Тағала Өзінің кейбір құлдарына табиғатында сондай қасиет дарытып қояды. Туғаннан ар-ұятты адам күнәлі істерге бармайды, жиренішті іске жоламайды және өз мінез-құлқының жаман жақтарын көрсетпейді. Сондықтан да ұялу (ұялшақтық) жақсылықтардың бастауы әрі иманның бір тармағы болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ұялшақтық (ар-ұят) – иманның бір тармағы», – деген. Пайғамбардың (с.а.с.) ұялшақтығы шымылдық ішіндегі жас қыздай еді. Омар (Алла оған разы болсын): «Ұяты бар – бой тасалайды, бой тасалаушы – турашыл болады, ал турашыл қауіп-қатерден аман болады», – деген.

ә) Екіншісі – кейіннен қалыптасатын, яғни Алланы, Оның ұлылығын және Өз құлдарына жақын екендігін, оларға назар салатынын және көздердің қиянатын, сондай-ақ жүректердегі жасырын сырларды білетінін түсіну нәтижесінде пайда болатын ұялшақтық. Ұялшақтықтың мұндай түріне ие болуға әрекет жасаушы мұсылман иманның ең жоғарғы сатысына жетеді және жүрек тазалығының жоғарғы дәрежелеріне көтеріледі. Мұндай ұялшақтық Алла  Тағаланың жарылқауы мен жақсылығын көруі және осы үшін Алла Тағалаға деген рахметінің мүлдем жеткіліксіз екендігін сезінуі нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Алладан ұялу – бас пен ондағыларды аман сақтау және қарын мен ондағыны аман сақтау, сондай-ақ өлім мен сынақтарды есте ұстау. Ақыретті қалаушылар бұл дүниенің әсемдіктерінен бас тартады және кім осылай істесе, сол – Алладан ұялған адам», – деді», – деген. Егер адам жаны кейіннен қалыптасатын ұялудан, ал жүрегі туа біткен ұялудан жұрдай болса, оны жиренішті де ең төмен істерді істеуден ешнәрсе тойтара алмайды және ол адамдар мен жындардан болған шайтандардың біріне ұқсайтын болады.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: