«Сорлаған (яғни, сана-сезім мен адамгершіліктен жұрдай болған) қауым ғана Алланың айласынан (яғни, тосын азабынан) қорықпайды» («Ағраф» сүресі, 99-аят).
«Расында, кәпір қауымынан өзге ешкім Алланың рақымынан үмітін үзбейді» («Жүсіп сүресі, 87-аят.»)
«Расында, Раббың (жазалауды қаласа), жазасын өте тез береді. Шынтуайтында, Ол – өте кешірімді, ерекше мейірімді» («Ағраф» сүресі, 167-аят).
«Салиқалыِ ізгі жандар сөзсіз нығметке толы жұмақта болады. Ал тура (жолдан адасқан) кәпірлер болса, күмәнсіз тозаққа барады» («Итфитар» сүресі, 13-14-аяттар).
«Кімнің таразысы ауыр тартса (яғни, жақсы амалдары күнәларынан басым түссе), ол шат-шадыман болып (яғни, сансыз нығметке толы жұмақта) ғұмыр кешеді. Ал кімнің таразысы жеңіл тартса (яғни, жақсылықтары күнәларынан кем түссе), оның паналайтын жері Һәуия (яғни, лаулаған от) болады» («Қариға»сүресі, 6-9-аяттар).
Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.): «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салардан үш күн бұрын: «Ешқайсысың Ұлы Жаратушымыз Алла Тағала жайында жақсы ойда болмай дүниеден озбаңдар», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим, жаннат 81).
Әнәс (р.а.): «Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла тағала: «Ей, адам баласы! Маған дұға етіп, Менің рақымымнан үмітіңді үзбегенше, күнәларың қаншалықты көп болса да, ешбірін елемей кешіре беремін. Ей, адам баласы! Егер аспандағы бұлтқа жететіндей күнәға батып, Менен кешірім тілесең, жарылқап кешіремін. Ей, адам баласы! Маған еш серік қоспастан алдыма таудай күнәмен келсең, дәл сондай таудай кешіріммен қарсы аламын», – деп айтты» – дегенін естідім», – деген (Тирмизи, дағауат 98).
Ибн Масғуд (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жұмақ сендерге аяқ-киімдеріңнің бауынан да жақын. Тозақ та дәл сондай жақын», – деп айтты» – делінген (Бұхари, риқақ 29).
Түсініктеме: Яғни, ажал пендеге қалай жақын болса, жұмақ пен тозақ та сондай жақын. Адам баласы иман, ниет, ізгі амал және құлшылық арқылы жұмаққа барар жолға түсетіні секілді, тойымсыз нәпсінің қалаулары мен тән құмарлықтарының соңында кету арқылы да тозаққа кіруге лайық болады. Һәм адам баласы қандай ісімен жұмаққа немесе қай ісімен тозаққа кіретінінен бейхабар, сондықтан пенде мен жұмақтың немесе тозақтың арасында оның ажал сәті соққанда қандай жағдайда немесе қандай амалдың үстінде дүниеден озғандығы тұрады. Осыған байланысты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласы қандай амалдың үстінде көз жұмса, сондай жағдайда қайта тіріледі», – деп айтқаны да бар.
материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,
ummet.kz