23
Сенбі,
Қараша

һижри

Амалдарды адамдар көрсін деген ниетпен істеуден аулақ болу

Амалдарды адамдар көрсін деген ниетпен істеуден аулақ болу

Иман келтіру

«Оларға (яғни, Кітап иелеріне) да мінсіз әрі саф сенімді ұстана отырып, шынайы ықыласпен тек қана Аллаға құлшылық ету, намазды шарттарына сай етіп толық оқу, зекетті толық беру бұйырылған-тын. Міне, осы – нағыз хақ дін» («Бәйинә» сүресі, 5-аят).

«Мал-мүлкін ел-жұрт көрсін деген ниетпен (ізгі жолға) жұмсаған адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсініп немесе ренжітіп беру арқылы (сауабын) текке кетірмеңдер» («Бақара» сүресі, 264-аят).

«Олар (яғни, мұнафықтар ізгі амалдарды) ел-жұртқа көз қылу үшін ғана істейді. Задында, олар Алланы өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят).

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла Тағала: «Мен құлдарымның Маған серік қосуына мұқтаж емеспін. Кімде-кім жасаған амалын жалғыз Мен емес, басқалар да көрсін, білсін, естісін деген ниетпен жасап, Маған өзгелерді серік етіп қосатын болса, оны да, Маған серік етіп қосқандарын да керек қылмаймын», – деп айтты», – дегенін естідім», – деген (Муслим, зүһд 46).

Әбу Һурайра (р.а.): «Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қиямет күні адамдардың ішінен Алланың алдында ең алғаш жауапқа тартылатыны – дін жолында қаза тапқан шейіт болады. Оны Алланың алдына алып келгенде, Алла Тағала дүниеде үйіп-төгіп берген нығметтерін түгелдей оның есіне салады. Ол болса, бәрін мойындайды. Сонда Раббысы одан: «Саған осыншама нығметті бергенім рас болса, Мен үшін не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Сенің жолыңда шейіт болғанша соғыстым», – деп жауап береді. Сол кезде Раббысы оған: «Өтірік айтасың. Асылында, сен «Елжұрт мені батыр» деп айтсын деген оймен соғыстың. Түбінде солай айтылып, мұратыңа жеттің», – дейді де, азап періштелеріне бұйрық береді. Сонда олар оны етпетімен сүйреп апарып, тозаққа тастайды. Содан кейін өмір бойы ілім үйреніп әрі оны басқаларға да үйретіп, асқан шеберлікпен Құран оқыған адамның кезегі келеді. Оны да Алланың алдына алып келгенде, Алла Тағала дүниеде үйіп-төгіп берген нығметтерін есіне салады. Ол да бәрін мойындайды. Сонда Раббысы одан: «Саған осыншама нығметті бергенім рас болса, Мен үшін не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Сенің разылығың үшін ілім үйреніп әрі оны басқаларға да үйреттім һәм Құран оқыдым», – деп жауап береді. Сол кезде Раббысы оған да: «Өтірік айтасың. Шынтуайтында, сен «Ел-жұрт мені ғалым, білгір» деп айтсын деген ниетпен ілім үйрендің, әрі «Қандай керемет қари!» деп айтсын деген пиғылмен Құран оқыдың. Нәтижеде солай айтылып, мұратыңа жеттің», – дейді де, періштелерге бұйрық береді. Періштелер оны да етпетімен сүйреп апарып, тозаққа тастайды. Сонан соң кезек Алла Тағала дүниеде жағдайын жақсы қылып, сан алуан байлық нәсіп еткен дәулетті адамға келеді. Оны Алланың алдына алып келгенде, Алла Тағала дүниеде үйіп-төгіп берген нығметтерін оның да есіне салады. Ол да бәрін мойындайды. Сонда Раббысы оған: «Саған осыншама нығметті бергенім рас болса, Мен үшін не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Өзің берген дүние-мүліктің қай жолда жұмсалуын қаласаң, сол жолдардың бірін қалдырмай Сенің разылығың үшін дүниемді жұмсаудан тартынған жерім жоқ», – деп жауап береді. Сол кезде Раббысы оған да: «Өтірік айтасың. Негізінде сен дүниеңді «Ел-жұрт мені қандай жомарт жан еді!» деп айтсын деген ниетпен жұмсадың. Түбінде солай айтылып, көздегеніңе жеттің», – дейді де, періштелерге бұйрық береді. Олар оны да етпетімен сүйреп апарып, тозаққа тастайды», – деп айтқанын естідім», – деген. (Муслим, имара 152).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: