23
Сенбі,
Қараша

һижри

Адамның игі немесе жаман іске бастама болуы

Адамның игі немесе жаман іске бастама болуы

Иман келтіру

«Олар (мүміндер): «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және ұрпақтарымызды (тура жолға салу арқылы) бізді шексіз қуанышқа бөлегейсің. Сондай-ақ, бізді тақуаларға имам (үлгі-өнеге) қылғайсың», – деп тілейді» («Фурқан» сүресі, 74-аят).

Біз оларды (пайғамбарларды) бұйрығымыз арқылы тура жолға бастайтын жолбасшы қылдық» («Әнбия» сүресі, 73-аят). Жәрир ибн Абдуллаһ (р.а.): «Таңертеңгілік уақыт болатын. Алла елшісінің (с.ғ.с) қасында отырғанымызда, оған арыстан терісіне ұқсаған ала-құла жүннен дайындалған шүберектің қақ ортасын ойып, бастарынан өткізе киген жартылай жалаңаш, қылыш асынған, көпшілігі, бәлкім, барлығы дерлік Мұдар тайпасына жататын бір топ адам келді. Олардың мұншама пақырлығын көргенде Алла елшісінің (с.ғ.с) (жаны ашып) мүбәрак жүзінің реңі өзгеріп кетті. Дереу үйіне кіріп, қайта шықты да, Біләлге азан шақыруды бұйырды. Біләл азан шақырып, іле қамат түсірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жамағатпен намаз оқыды да, соңынан жұртқа уағыз айтып, сөз арасында мына аятты оқыды: «Әй, адамдар! Сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбын жаратып, ол екеуінен (жер бетіне) көптеген ерлер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңа (қарсы келуден) қорқыңдар. Бір-біріңнен атын атап жәрдем сұрасқан Алладан (қаһарынан) және туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алла сендерді әрдайым Бақылаушы».

Сондай-ақ, «Хашр» сүресінің соңындағы: «Әй, иман еткендер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертеңгі күніне (ақыретке) қалай дайындалғанына көңіл бөлсін» – деген аятты да аузына алды. Содан кейін жамағатқа: «Әрбір адам динарынан (алтынынан), дирхамынан (күмісінен), киімінен, бидайынан немесе құрмасынан (Алла жолында) берсін. Тіпті, жарты құрма болса да берсін», – деді. Сол кезде бір ансарлық сахаба мықшыңдай көтеріп, бір қап әкелді. Оны көрген басқалары бірінен соң бірі (қолдарындағы барын) әкеле бастады. Сөйтіп, әлгі жерде бірі азық-түлік, ал екіншісі киім-кешектен тұратын үлкен екі үйме пайда болды. Сол кезде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қарағанымда, жүзі жадырап кетіпті. Сонда ол: «Кімде-кім Исламда бастама көтеріп, қандай да бір игі іске мұрындық болса, өзінен кейін сол істі істегендердің алған сауабындай сауапқа кенеледі. Одан кейін сол игі істі істегендердің сауабы титтей де кемімейді. Сондай-ақ, кімде-кім Исламда елден бұрын, қандай да бір жаман іске барса, оның күнәсін және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәсін де арқалайды. Кейінгілердің күнәлары бұдан кемімейді», – деп -айтты», – деген (Муслим, зәкәт 69).

Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жазықсыздан-жазықсыз өлтірілген әрбір жанның қанындағы күнәдан Адам атаның тұңғыш ұлы Қабылдың да алар үлесі бар, өйткені, ол нақақ кісі өлтіруге ең алғаш болып жол ашқан адам еді», – деп айтты» – делінген (Бұхари, диәт 2; Муслим, қасамә 27).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: