23
Сенбі,
Қараша

һижри

Нәпсі тәрбиесін машықтандырудың үш дәрежесі

Нәпсі тәрбиесін машықтандырудың үш дәрежесі

Иман келтіру

Кім өз нәпсісінің кемшіліктерін білгісі келсе, мұның үш жолы бар:

Біріншісі: нәпсінің кемшіліктерінен хабардар, оның жасырын апаттарын танитын ғалымның құзырында болу. Мұнда мүрид шейхке қарап, нәпсісін тәрбиелейді, нәпсімен күресте оның айтқандарын орындайды. Бұл шейх пен мүридтің және ұстаз бен шәкірттің арасындағы қатынас. Себебі шейх мүридтің, ал ұстаз шәкірттің нәпсісіндегі кемшіліктерін және оларды емдеу жолын жақсы біледі.

Екіншісі: адал және шыншыл, зерек әрі діндар дос табуы қажет. Бұл дос оның нәпсісінің үстінен күзетуші қызметін атқарады. Сол кезде ол осы досының айтқан насихаты мен ескертулеріне қарап, өзінің сыртқы және ішкі кемшіліктерін біледі. Ұлы адамдар осылай жасаған. Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Кемшіліктерімді айтып, маған һадия қылған (тарту жасаған) адамға, Алла рақымын жаудырсын!», – деген. Салман Фарси болса (Алла оған разы болсын), өзінің кемшіліктерін басқалардан сұрап тұрған. Бірде оның құзырына бір адам келеді. Салман Фарси одан: «Мен жайында қандай жаман сөздер естідің?» – деп сұрайды. Ол кісі ешнәрсе білмеген сыңай танытады бірақ, Салман Фарси оны айтқызбай қоймайды. Айтпасқа шарасы қалмаған ол: «Дастарқаныңызда ылғи екі идам (нанға жағып жейтін азық) тұрады. Күндіз және түнде ауыстырып киетін екі түрлі киіміңіз бар екен деп есіттім», – дейді. Салман Фарси: «Бұдан басқа да кемшіліктерім бар ма екен?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Жоқ», – деді. Салман Фарси: «Осы екеуі де жетерлік», – дейді. Сол сияқты Салман Фарси Хузайфадан (Алла ол екеуіне разы болсын): «Сен Алла елшісінің (с.ғ.с.) мұнафықтар (екіжүзділер) жайында айтқан сыр сандығысың. Айтшы, менде де соның аламаттары бар ма?» – деп сұрайды екен. Қараңыз, сондай жоғары дәрежедегі сахабалардың өздері осылай сұрап, нәпсілерінен есеп алып отырған. Олар ақыл жағынан қаншалық кемел, мансап жағынан қаншалық биік болса, соншалық өздерін кішірейтіп, нәпсілерінен айып іздеген. Бүгіндегі достар қандай? Жағымпаздықты тастап, кемшілікті айта ма? Әлде көре алмаушылықтың арқасында айып саналмайтын нәрселерді кемшілік етіп көрсете ме? Осы себепті Дәуд әт-Тай адамдардан оқшауланып кеткен. Одан: «Неге адамдардан оқшауланып өмір сүресің?» – деп сұраған кезде, ол: «Кемшіліктерімді менен жасыратын қауыммен қалай тұрамын», – деген екен. Демек, бізден бұрынғы ұлықтарымыз өздеріне ескерту үшін өз айыптарына көңіл бөлу жолын ұстанған. Біз болсақ не істейміз? Кемшіліктерімізді жүзімізге айтқан адам дұшпанымызға айналады, оған айырықша кек сақтаймыз. Мұның барлығы иманның әлсіздігі. Жаман мінез улы жылан мен шаянға ұқсайды. Егер біреу шапанымызға жабысқан шаянды көріп: «Ішіңе шаян кіріп жатыр», – деп айтса. Біз оның ескерткеніне қуанып, шаянды үстімізден түсіріп, дереу өлтіруге тырысамыз. Шаянның уы бір немесе бірнеше күнге созылар. Ал енді жаман мінездің жүрекке тигізетін кесірі бұдан анағұрлым қауіптірек. Өйткені оның кесірі өлімнен кейін де жалғасады. Алайда, біз кемшілігімізді ескерткен адамға қуанбаймыз және ол мінезден құтылуға да асықпаймыз. Керісінше, насихат айтқан адамға: «Өзің де мынадай әрекеттерді жасайсың ғой» – деп оның кеңесін пайдаланудың орнына, араға дұшпандық саламыз. Бұл жүректің қатайғандығын білдіреді. Қатайып қеткен жүректе күнәлар ғана «көгереді», күнәлар ғана «жеміс береді».

Негізінде барлығының себебі, иманның әлсіздігіне барып саяды. Алла бізді кемшілігін мойындайтын және оның емімен шұғылданатын пенделерден жазсын! Біздің кемшіліктеріміз, бізді һидаят жолына үндесін. Мейірімі мен артықшылығының арқасында біздің кемшіліктерімізді айтқан адамның алғысын орындауымызға қуат берсін!

Үшіншісі: нәпсінің кемшіліктері дұшпанның тілі арқылы белгілі болады. Дұшпанның аузынан шыққан жаман сөздер, сенің бойыңдағы теріс мінез бен жаман әрекеттерді айтып жатса не ғажап?! Бәлкім сен үшін кемшіліктеріңді жасырып, мақтау мен алғыс сөздеріне көмген жағымпаз достан, әр сөзі ашуға толған дұшпан пайдалырақ шығар. Сенің табиғатың оны (дұшпанды) өтірікші, көре алмаушы деп айыптауға бейім тұрса да, көзі ашық, көкірегі ояу адам тіпті, дұшпанның сөзінде де пайданың бар екенін көре біледі.

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: