Ниет – адам баласының нақты мақсатын қозғаушы күш болып есептеледі. Кісіні нысанаға бағыттайтын да, істің мән-мәнісін белгілейтін де осы ниеті.
Бүгінде ниетті бата арқылы білдіру қазақ халқының тұрмысына сіңген дәстүрге айналған. Ниетті тұрақты ұстау адамның өзі, оның жеке болмысы. Ниет адамның табиғаты болғандықтан, оны түбірімен өзгерту мүмкін емес, оған тек белгілі мөлшерде әсер етуге ғана болады. Ал ниетті бұзушы – нәпсі болса, қорғаушы – ары және иманы. Ниет – адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді.
Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған жақсы - жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты.
Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет - жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты ұлағатты сөздер қалдырып, ұрпақ тәрбиесіне мән берген. Дініміз тұрғысында ниеттің маңыздылығына аса мән беріледі. Мысалы, адамға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алайда ол басқалар қажы деп айтсын деген ниетпен барса, қажылық парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ сауабы болмайды. Егер қажылық барысында сауда жасап келейін деген ниетпен шықса, алайда қажылық жасау ниеті басым болған жағдайда, қажылық сауабын алады. Егер керісінше сауда жасап қайту ниеті басым болса, қажылық сауабын ала алмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі. Дәл сол секілді парыз болған оразаны ұстау арқылы ауруынан жазылайын деген ниет болса, сауап болмайды. Тек парыз болған ораза мойнынан түседі. Намаз оқу да әрбір исі мұсылманның басты парызы. Парыз болған намазды Алланың алдындағы негізгі міндет деп санамай, оны денсаулыққа пайдалы дене шынықтыру ниетінде оқыса, намазы дұрыс болмайды, тек дене шынықтыру жасағандай ғана болады. Демек, Исламдағы әмір етілген міндеттерді дүние үшін істесе дұрыс әрі қабыл болмайды. Ол дүние үшін жасалған болып саналады. Керісінше дүние ісі ақыреті үшін жасалса ғибадат болып есептеледі.
Алла елшісі (с.ғ.с) : «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» деген.
«Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды» деген дана халқымыз пейілі таза адамның әрекеті де берекелі болатынын айтып өткен. Дана хакім Абай осы түрғыда былай деген:
Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Егер адамның ой дәптері таза болса, оның сөзі дұрыс болады. Сөзі дұрыс болған адамның әрекеті оңды болады. Әрекеті әдетке айналып, әдет мінезге ұласады.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz