Адамға өмір сүру қажеттіліктерінен, мысалы, тамақ, киім, баспана және де басқа заттар, сондай-ақ ақыретте құтқаратын амалдарға қатыстыдан басқаның ешқандай керегі жоқ.
Мәселен, өз байлығын арттыруға, ішіп-жеуді мейлінше түрлендіруге, биік мансапқа, басшылық қызметке және адамдардан мақтау естуге ұмтылу, т.с.с. бұл дүниенің алдамшыларын алсақ, хақиқи мұсылманның белгісі мұндай ұмтылыстардан аулақ болу.
Адамның абырой-беделіне нұқсан келтіретін, бұл дүниеде де, ақыретте де адамға пайда бермейтін ойын-күлкі, бос жүріс секілді тағы басқаның адамға қатысы жоқ, мұндайлардан мұсылманның бас тартқаны абзал. Өйткені мұндай істер адамның жаратылыс мақсатына арналған аса қымбат уақыттың босқа өтуіне апарады және бұл үшін адам түбінде жауап беретін болады.
Басы артық сөздер айту мұсылманды харам сөздерді айтып қоюға да жеткізуі мүмкін. Міне, осы себептен дау-жанжал, бос, мылжың сөздерден аулақ жүру мұсылманның әдебіне лайық.
Бір күні Муғаз (Алла оған разы болсын) Пайғамбардан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Біз сөйлеген барлық сөздерімізден сұраламыз ба?» – деп
сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Ей, анаң артыңда қалғыр, Муғаз, өсек сөздерден басқа не нәрсе үшін адамдарды (тозақ) отына тастайтын еді?!» – деген.
Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.): «Адам баласының (шариғат) мақұлдаған істерді орындауға бұйыру, шариғат теріске шығарған істерді орындаудан қайтару және Алла Тағаланы еске алу (сөздерінен) басқа (кез келген) сөзі оған қарсы болады, оның жағында болмайды», – деген.
Бұл хадис мұсылманның түкке тұрғысыз бос және жиіркенішті істермен емес, қастерлі іс-амалдармен айналысуы тиіс екенін көрсетеді. Бұл хадис адам жанын тәрбиелейді, оған түрлі жамандықтар мен кемшіліктерден құтылуға, сондай-ақ барлық пайдасыз әрекеттерден бас тартуға жәрдемдеседі.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz