Алла елшісі (с.а.с.) бұл өсиеті арқылы біздерді жеке адамның өмірінің жақсылығы мен бүкіл қоғамды тәртіпке келтіретін жолға бағыттайды.
Мұнда адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынастың мәні және әрбір адам басқалардың өзіне қандай қатынас жасауын қаласа, өзі де басқаларға сондай қатынас жасауы қажеттігі туралы айтылған. Мұсылман адам әрқашан дос пейілді болуы керек. Ол адамдарды жақсы көреді, оларды құрметтейді және оларға жақсылық істейді, олар да оған жақсылықпен жауап береді. Мұндай жағдайда қоғамның әрбір мүшесі алаңсыз, тыныш, өз міндеттерін шын пейілмен орындайтын болады. Барлық іс тәртіпке келеді, хақиқи құндылықтар үстемдік алып, өркениет дамып, қоршаған орта гүлденетін болады.
Адамгершілік барлық халықтың өмірінде үлкен орын алатындықтан, бұл мәселеге Ислам айрықша көңіл бөледі әрі жоғары бағалайды. Көптеген аяттар мен хадистер адамдарды биік адамгершілік, жақсы мінез-құлыққа бағыттайды (үндейді) әрі оларға үздіксіз ілесудің жақсылығы неде екендігін түсіндіреді. Мысал ретінде төмендегі аяттарды келтіруге болады: «(Мұхаммед!) Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет.
Сондай-ақ надандардан бет бұр»; «(Жамандықты) ең көркем түрде қайтар (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта араларыңда дұшпандық бар біреу өте жақын досқа айналады». Ал сүннетте бұған қатысты Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және Қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?» – дейді. Адамдар үндемейді. Сонан соң (Пайғамбар (с.а.с.) өз сұрағын) екі немесе үш рет қайталайды. (Сонда) адамдар: «Иә, Алланың елшісі», – дейді. Сонда ол (с.а.с.): «Сендердің ең ізгі мінез-құлықтыларың», – деген.
Сондай-ақ Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің ең жақсыларың – ең жақсы мінез-құлықтыларың»; «Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі – ең ізгі мінез-құлықтысы», – деген.
Бұған қатысты басқа да аяттар мен хадистер өте мол. Сайып келгенде барлығының мән-мазмұнын Пайғамбардың (с.а.с.): «Мен жақсы мінезқұлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін», – дегені ашады.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдағанқырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz