Әбу Хурайра (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қай жерде болсаң да, құбылаға қарап тәкбір айт!»,- деген болатын»,- деді.
Әл-Барра ибн Азиб (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғашқы кезде Бәйтүл-Мақдис жаққа қарап (құбыла етіп) он алты немесе он жеті ай бойы намаз оқыған болатын. Негізінде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаға қарап намаз оқуды ұнататын. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Біз сенің аспанға қарап, құбыла іздей бергеніңді көріп тұрмыз»,- деген аятты нәзіл қылды. Адамдардың ең ақылсызы – яхудилер: “Оларды ілгерідегі құбыланы өзгерттірмекке не мәжбүрлік қылыпты.”,-деді. Сен: «Шығыс та, батыс та Аллаға тән»,- де оларға. Қалаған адамын Алла тура бағытқа бұра алады!»,- деді. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге бір кісі намаз оқыды, кейін ол Аср намазын Бәйтүл Мақдис жаққа қарап оқып жатқан бір ансарий қауымының жанынан өтіп бара жатып, оларға өзінің Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге Қағбаға қарап намаз оқығанын және соған куәлік ететінін айтты. Бұл сөзді естігеннен кейін намаз оқып жатқан жамағаттың бәрі жүздерін Қағба жаққа бұрды»,- деді.
Жәбир (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің түйесіне мініп бара жатқанында ол (түйе) қай жаққа қарап бұрылса да, сол жаққа қарап намаз оқи беретін. Ал, бірақ парыз намазын оқымақшы болса, түйеден түсіп, құбылаға қарап оқитын»,- деді.
Абдулла ибн Масғуд айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бесін әлде аср намазын оқыды». Осы хадисті Ибн Масғудтан естіген Алқамадан бізге жеткізуші Ибраһим (р.а.) айтты: «Сол кезде көбірек оқыды ма әлде кемітіп азырақ оқыды ма, анық айта алмаймын»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі жағына сәлем бергеннен кейін: «Я Расулулла, намазға бірер жаңалық енгізілді ме?»,- деп сұрасты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Неге бұлай дейсіңдер?»,- деп сұрады. Олар: «Сіз намазды былай оқыдыңыз»,- деп айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тізерлеп отырды да, құбылаға қарап екі рет сәжде қылып, содан соң сәлем берді. Кейін бізге бұрылып: «Намазда бірер нәрсе өзгеріс болса, мен, әлбетте, сендерді хабардар еткен болар едім. Бірақ мен де сендер сияқты адаммын, сендер ұмытқандай, мен де ұмытамын (жаңылысамын). Егерде мен жаңылыссам, маған ескертіңіз, егерде біреуіңіз намаз оқып жатып, неше рәкат оқығаныңызды ұмытып күмәндансаңыз, өзіңіздің ойлағаныңыз бойынша намазды аяғына дейін жеткізіп, содан соң сәлем беріңіз, одан кейін және қосымша (сәһу сәжде) екі рет сәжде етіңіз!»,- деді.
Абдулла ибн Омар (р.а.) айтты: «Құба мешітінде адамдар таң намазын оқып жатқан уақытта, бір кісі келіп айтты: «Сол кеште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құран аяты нәзіл болып, Қағба жаққа қарап намаз оқу бұйырылды»,- деді. Адамдар жүздерін Қағба жаққа қаратты. Олар алғашқы уақытта жүздерін Шам жаққа қаратып намаз оқып жатқан болатын»,- деді.
Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бесін намазында бес рәкат намаз оқыды. Сонда Сахабалар: «Намаздың рәкаты көбейтілді ме?»,- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Неге бұлай сұрадыңыздар?»,- деді. Сахабалар: «Парызды бес рәкат етіп оқыдыңыз»,- десті. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі аяғымен тізерлеп отырып, тағы да екі мәрте (сәһу) сәжде етті.
материал «Сахих әл-Бұхари хадис жинақтары» кітабынан алынды,
ummet.kz