08
Сенбі,
Ақпан

һижри

Жақсы көрген нәрседен садақа берудің сауаптылығы

Жақсы көрген нәрседен садақа берудің сауаптылығы

Ислам тарихы

Аллаға жақын пенде бола білу үшін жақсы көрген нәрсемізді садақа етіп беру керектігін мына аят баян етеді:  

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (4.Али Имран-92).

Әбу Талха есімді сахаба мадиналық дәулетті кісілердің бірі еді. Ол дүние-мүлкінен Пайғамбар мешітінің алдындағы «Бәйраха» деп аталатын бауын ерекше жақсы көретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол бауға жиі баратын, сондағы қайнардан мейірі қанып су ішетін. Бірде «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны толық біледі» деген «Али Имран» сүресінің 92-аяты түскен соң, Әбу Талха Пайғамбарымыздың құзырына барып: «Алла кітабында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп бұйырады. Менің ең жақсы көретін дүнием – «Бәйраха» бауы. Ол бүгіннен бастап Алла үшін садақа болсын. Бұл садақаның қайырлы және Алла құзырында оның таусылмайтын ақырет азығы болғанын тілеймін. Ей, Алланың Елшісі! Бұл бауды қалауыңызға қарай игілігіңізге жаратыңыз», - деп, садақа етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сені құттықтаймын. Табысты дүние деген міне осы. Сені естідім Әбу Талха. Оны туыстарыңа бергенді жөн санаймын», - деді. Әбу Талха да: «Ей, Алланың Елшісі. Солай жасайын», - деп, аталған бауды кейбір туыстары мен немере ағайындарына бөліп береді. (Бухари, Зәкат 44; Муслим, Зәкат 42).

Иә, ардақты сахабалар осындай теңдессіз жомарттықты жасай білді! 

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: