21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбардан (с.ғ.с) кейінгі ең ізгі жан

Пайғамбардан (с.ғ.с) кейінгі ең ізгі жан

Ислам жұлдыздары

Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а) – ықыласты мүміндер мен шыншылдардың мырзасы, Пайғамбарлардан (с.ғ.с) кейінгі ең ізгі жан. Ол – ең үздік, ең мәртебелі сахаба. Оның ісі мен сөзі әркімге де үлгі.


Ислам дінінің Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейінгі ең ардақты тұлғасы – Әбу Бәкір (р.а.). Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы.
Әбу Бәкір (р.а) сахабалардың арасындағы дінді озық білетін жан еді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Егер маған адамдардың арасынан ең жақын дос (халил) таңдау мүмкіндігі берілсе, сөзсіз, Әбу Бәкірді таңдаған болар едім. Алайда ол менің діндес бауырым әрі жолдасым» (Бұхари), «Осы екеуінен үлгі алыңдар – Әбу Бәкірден және Омардан» (Тирмизи), - деген. Ал онымен замандас болған Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Сен – біздің мырзамыз әрі ең жақсымызсың және Алла Елшісінің (с.ғ.с) ең сүйіктісісің», - дейді.
Ол Меккеде бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Құрайыштың түп шежіресі мен тарихын жетік білетін. Дау-дамайлардың әділ шешілуі үшін соның төрелігіне жүгінілетін. Әбу Бәкір Сыддық саудамен айналысатын, сауда-саттықта еш қулық жасамайтын. Айтқан сөзіне берік, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елді-мекендерді көрген, ішкі мәдениеті жоғары, қырағы қырандай байқағыш еді.
Әбу Бәкірдің (р.а) шын есімі – Абдулла ибн Осман ибн Амир ибн Амир ибн Ка’б ибн Са’д ибн Тайм ибн Мурра ибн Ка’б ибн Люайй ибн Ғалиб әл-Құрайши ат-Тайми.
Яғни құрайыштың тайми руынан шыққан. Адамдар оны бала кезінен Әбу Бәкір деп атайтын болған. Бәкір – «жас түйе» деген мағынаны білдіреді.

Әбу Бәкірдің (р.а) төрт әйелі және алты баласы (үш ұл, үш қызы) болатын. Олар:


1. Абдуррахман (р.а) – Әбу Бәкірдің (р.а) үлкен ұлы.
2. Абдулла (р.а) – Алла Елшісі (с.ғ.с) мен әкесінің қоныс аударуында өте маңызды рөл атқарған сахаба.
3. Мұхаммед (р.а) – қоштасу қажылығы орындалған жылы дүниеге келіп, құрайыштардың құрметті жастарының бірі болған.
4. Әсма (р.а) – Әбу Бәкірдің (р.а) үлкен қызы әрі көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген сахаба Зубайр ибн әл-Аууамның (р.а) жары.
5. Айша (р.а) – мүміндердің анасы, Алла Елшісінің (с.ғ.с) бұл өмірдегі ең сүйікті адамы.
6. Айша (р.а) анамызбен бірге Меккеге қажылық жасаған Умм Кулсум.


Міне, бұл – Алла Тағала ислам нұрына бөлеген Әбу Бәкір әс-Сыддықтың (р.а) өнегелі отбасы. Ғалымдар: «Тек қана Әбу Бәкірдің (р.а) отбасында төрт бірдей буын Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабасы атанып үлгерді», - деген. Олар: әкесі Осман, өзі, қызы Әсма және оның ұлы Абдулла (р.а).
Алла Елшісінің (с.ғ.с) құрметіне ие болып, артында аңызға толы өмір қалдырған хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) хижраның он үшінші жылы, 22-ші Жәмадульахирде 63 жасында дүниеден озды. Екі жылдан аса уақыт халифа болған ол артында бір саумал түйе, бір қызметші және ішінде сүт сауылған бір ыдыс қана қалдырыпты. Ол қайтыс болмас бұрын халифалығы кезінде өзіне тағайындалған айлығының қажеттілігінен артылып қалған бөлігін хазіреті Омарға берілуін өсиет етіп кетті. Омарға бұл аманат табысталғанда ол: – Алла Әбу Бәкірге рақымын жаудырсын. Ей, Әбу Бәкір! Өзіңнен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырдың-ау! – деп көз жасын төкті.

Бөлісу: