22
Жұма,
Қараша

һижри

Әбу Бәкірдің (р.ғ.) басу айтуы

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз Жаратушысына жанын тәсілім еткен кезде, Әбу Бәкір басқа жерде болатын. Халық қара жамылып, аза тұтып жатты. Әбу Бәкір хабар жете салысымен, ешкімге тіл қатпастан құстай ұшып, бірден Расулуллаһтың бөлмесіне кірді. Бетіндегі жабылған матаны көтеріп, Оның (с.а.у.) маңдайынан сүйді. Содан кейін нар тәуекелге бел буып, тағдырдың жазғанына мойынсұнып былай деді:

- Біз бәріміз Аллаһтың құлдарымыз және Оған ораламыз. Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын. Сен тірі кезде әдемі едің, жаның кеудеңнен ұшып кетсе де, ажарың атқан таңдай арайланып қала беріпті. Аллаһ Тағала Саған өлім ауыртпалығынан басқа бір қайғы бермейді. Бұл белесті де артқа тастадың.

Мұнафықтар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз жұмған сәтін қапы жібермей, аярлыққа басып, тағы бір лаң шығарып, бүлік бастады:

- Мұхаммед егер пайғамбар болса, өлмес еді,- деп мұнафықтар мұсылмандардың жан күйзелісін пайдаланып, рухтарын түсіруге тырысып бақты.

Айтылған бұл ауыр сөздерге одан әрі төзе алмаған асыл ер хазіреті Омар қылышын қынынан суырып:

- Расулаллаһ өлген жоқ. Кімде-кім оны өлді десе, мына қылышыммен басын кеудесінен ұшырамын,- деді.

Осы кезде Әбу Бәкір салқынқандылық танытып, сахабалардың Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктерінен туындаған рухтары мен көңілдеріндегі терең тебіреністі басқа оқиғалар арқауына желі боларын ойлап, бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ол:

- Кімде-кім Мұхамедке құлшылық еткен болса, біліп қойсын, Ол өлді. Кім Аллаһқа құлшылық еткен болса, Ол Бақи (Өлімсіз) және өлмейді. Аллаһ Тағала Құранда: «Мұхаммед тек пайғамбар ғана. Одан бұрын да қаншама пайғамбар келген. Егер ол өлтірілсе немесе өлсе, сіздер қайтып ескі күйлеріңізге қайта ораласыздар ма? Кімде-кім кері оралар болса, Аллаһқа зиян келтіре алмайды. Аллаһ шүкір еткендерге оның сауабын береді (Әли-Имран, 144) деген аятты оқыды да:

- Аллаһтың діні өмір сүре береді. Аллаһ дінін кемеліне жеткізеді. Аллаһ өзінің дініне жәрдем етіп, оның туын жоғары желбіретер адамның көмекшісі болады. Қолыңызда Аллаһтың кітабы бар. Ол — нұр және шипа. Аллаһтың адал қылған да, харам қылған да нәрселері сонда мәлім етілген,- деп, жиналған жұртқа басу айтып, Расулаллаһтың бұл дүниеден өтуімен оның қызметінің тоқтап қалмайтындығын білдірді. Жұртшылық абдырап қалған сын сағатта Әбу Бәкір салқынқандылығымен, парасатымен адамдардың мұңды көңілдеріне дем беріп, қайғыға бел алдырмауы үшін қам жасады. («Саңлақ сахабалар» кітабы, 51,52-беттер)

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: