21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Адам атаның (а.с.) өнегелі өмір жолы (бірінші бөлім)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Алла Тағала саналы тіршілік иелерінен алдымен Адам атаны (а.с.), сонан кейін оның серігі – Хауа ананы жаратты.

Адам атаның жер бетіне түсірілгенін Құран кәрімнен білеміз. Күллі адамзаттың бабасы һәм жер бетінің алғашқы халифасы ретінде оның өмір жолы осылай басталды.

Осы тұста жер бетінде Адам ата мен Хауа анамыздан бұрын өмір сүрген басқа тіршілік иелері болды ма деген көлденең сауал туады. Құран мен хадистерге зер салып, Ислам ғұламаларының көзқарастарына үңілсек, олардан да бұрын жер бетінде өмір сүрген тіршілік иелерінің болғандығын сеземіз. Расында, жер бетінде адамға дейін болмысы бөлек тіршілік иелері болған тәрізді.

Шамасы, Алла Тағала әуелі жындарды жаратқан. Жер бетін мекендеген жындар жанды-жансыз тіршілік иелерінің барлығын бір өздері басқарған. Демек, жер бетіне басшылық (халифалық) ету ісі әуелі жындарға тиесілі болған.

Құрандағы «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып) маған ғибадат етсін» деп жараттым» (Зарият 56) деген аятта да алдымен жындар айтылғанын көреміз. Демек, бұл жоғарыдағы ойымызды растай түседі. Бірақ жындар Хақ Тағаланың ұлы аманатын орындай алмаған. Өзін танып, құлшылық қылсын деп жаратқанымен, олар өзара жауласып, өздеріне жүктелген осынау міндеттің үддесінен шыға алмады. Алла Тағалаға құлшылық қылудан бас тартып, азғындыққа салынды. Осыдан кейін Хақ Тағала жер бетіндегі күллі тіршіліктің жауапкершілігін өз мойнына алатын жауапты іске оларды лайық көрмеді. Осы себепті, Алла Тағала жер бетін басқаратын өзгеше әрі ақылды жан иесін жаратуды қалады. Алла Тағала жаратуды көздеген тіршілік иесі – адам нәсілі еді.

Хақ Тағала адамды жаратпастан бұрын періштелеріне: «Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын», – деген кезде, (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінде, біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз», – дейді» (Бақара 30).

Кейбір ғалымдар адамзаттың бүлікке, қан төгіске бейім тұратынын періштелердің сезгенін мына себептермен байланыстыра қараған:

  1. Алдында айта кеткеніміздей, жер бетінде адамнан бұрын жындар тіршілік еткен. Олар да адам тәрізді саналы болмыс еді. Алайда жындар Хақ Тағалаға лайық құлшылық қылмай, жер бетінде бір-бірімен жауласып, көп қан төккен болатын. Періштелер Алла Тағаланың жын тәрізді тағы бір саналы тіршілік иесін жарататынын естіген сәтте, Жаратушының көздеген мақсаты мен хикметін білмегендіктен, «олар да жындар тәрізді қан төкпей ме?» деп күдіктерін жасыра алмаған.

Сырттай қарағанда, періштелер адамның жаратылуына наразылық танытып, қарсылық білдіргендей көрінеді. Шынында, солай ма? Әлбетте, олай емес. Періштелер – Құдай Тағаланың нұрдан жаратқан құлдары. Олар пәк жаратылыс болғандықтан, Аллаға қарсы келмейді. Олардың бойында адамдікі сияқты нәпсі жоқ. Тіпті адам мен жын тәрізді жынысқа да бөлінбейді. Қашанда Жаратушының әмірлерін мүлтіксіз орындайды. Рухани дәрежесі тұрақты. Олар – ғибадат барысында рухани ләззат алатын Алланың таңғажайып жаратылысы. Сондықтан да олар: «онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба?» деп сұраған еді. Олардың бұл әрекетін Аллаға білдірген қарсылығы деп емес, керісінше, адамды жарату сырына үңілгені деп түсіну керек. Өйткені олар жындардың азғын жолға түсіп, қан төккенін көрген соң, дәл солар сияқты біреуді жаратудың мәнісін алғашқыда түсіне алмаған болатын.

  1. Періштелер өздеріне берілген ілім арқылы адам баласының да жер бетінде қан төгетінін сезіп еді. Яғни «Ләухул-махфұздағы» (Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) адамзат тағдырына қараған болуы мүмкін. Бірақ олар сол адамдардың арасынан пайғамбарлар мен әулиелердің және салиқалы кісілер мен тақуа жандардың қалай шығатынын ұқпады.
  2. Адамға жүрек, ерік, ақыл, сана-сезім, ар-ождан секілді көптеген қасиеттермен бірге күндестік, ашу-ыза секілді нәпсіні қоздыратын сезімдер де берілген еді. Осыған орай, періштелер адамның жамандыққа бейім тұратынын байқап, «қан төгіп, бүлік шығармайды ма?» деген қаупін білдіруі де мүмкін. Алла Тағала оларға: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін» (Бақара 30), – деген еді. Періштелер артынша Адам атаның ілімі өздерінің ілімінен әлдеқайда терең екеніне көздері жеткен соң, оның аспанмен таласқан биіктерді бағындыра алатындығын байқап, өздерінің аз білетіндіктерін мойындаған-ды.
  3. Алла Тағаланың періштелермен ақылдасқандай болып, қандай тіршілік иесін жарататыны жөнінде хабар беруі арқылы кеңесудің қаншалықты маңызды екендігін сездіріп тұр. Нақтырақ айтсақ, адам баласын кез келген істі өзара ақылдасып, кеңесіп шешуге шақырады. Яғни, «Ей, адам баласы, Мен сені жаратарда періштелерге хабар бергенмін. Ендеше, сендер де өзара ақылдасып тұрыңдар. Сонда адаспайсыңдар» дегендей. Осылайша Алла Тағала адам баласын қоғам болып, бір-біріне қол ұшын беріп өмір сүруге үндеуде.

Алла Тағала – Ұлы Жаратушы. Оның кез келген әміріне пенделер тек мойынсұнуы тиіс. Ендеше, адам баласы Хақ Тағаладан пайғамбар арқылы келген әмірді талдамай, талғамай, орындауы қажет. Яғни илаһи әмірлерді «мынау менің ақылыма сыймай тұр» деп қазбалау құлға тән қылық емес. Демек, Алла Тағала осы аят арқылы адам баласын Өзіне қарсы келмей, әмірін қалтқысыз орындауға шақырған-ды.

Адам атаның (а.с.) жаратылуы

Құран кәрімде адамның жаратылуы жөніндегі аяттардың барлығында да хазірет Адамның топырақтан жаратылғандығы айтылады. Ол туралы Құранда: «Алла Тағала сені (Адам атаны) топырақтан, сосын бір тамшы судан (Адам атаның ұрпағын) жаратты» (Фатыр 11), – дейді. Арғы бабамыз жаратылған топырақты Ұлы Жаратушы адам баласының қияметке дейін ғұмыр кешетін, өзі мекендейтін қара жер бетінен алдыртады. Ол жай ғана топырақ емес, жер бетінің өзегі мен дәнін құрайтын топырақ. Яғни жердің барлық элементтерін қамтыған топырақ.

Сондай-ақ, Алла Тағала «Сад» сүресінде адамды тікелей Өзі құдірет қолымен жаратқандығын айтады. Аяттағы «Құдірет қолмен жаратуы» адамды жалпы жаратылыстан үстем, ардақты етіп жаратқандығын білдіреді.

Адам атаның жаратылуы – Алла Тағаланың тікелей мұғжизасы. Құран кәрімде Адам атаның жаратылуы хазірет Исаның жаратылуына ұқсас екендігі білдірілген. «Әли Имран» сүресінде: «Шын мәнінде, Алланың қасында (дүниеге келуі тұрғысынан) Исаның жағдайы (Исаның Мәриям құрсағында әкесіз жаратылуы); топырақтан жаратып, сонан соң «бол» дегенде бола қалған (әкесіз тіпті анасыз жаратылған) Адамның жағдайы сияқты» (Әли имран 59), – делінген.

Сонымен қатар, Құранда Адам атаның (а.с.) жаратылысы жайлы айтылғанда, адамның жаратылысы да баяндалады.

Құранда: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны (Адам атаның ұрпағын) шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге (ана құрсағына) орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жаратылысқа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық (жан беріп сөйлеттік)» (Муминунм 12-14), – дейді.

Яғни бұл аяттан түсінгеніміз, адам жаратылысы бірнеше сатылардан тұрады. Пайғамбарымыздың (саллАллау аләйһи уә сәлләм) : «Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысыңыз әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір жапырақ етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз я бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады» (Бухари, Муслим) деген хадисі де бұл аятта айтылған ақиқаттарды құптай түседі.

Адам атаға есімдердің үйретілуі

Хақ Тағала өзге жаратылысқа қарағанда тұрпаты бөлек, айрықша артықшылықтар беріп жаратқан хазірет Адамға бүкіл заттардың есімдері мен сипаттарын үйретті. Ол жайлы Құран кәрімде былай дейді: «Алла Адамға (а.с.) барлық атауды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», – деді. Періштелер: «Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білушісің, өте данасың», – деді. Осы уақытта Ұлы Жаратушы: «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет, – деді. Сонда (Адам а.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Алла: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?» (Бақара 30-33) – деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай, періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі адамның ең ұлы міндеті – Алланы танып-білу.

Осылайша Алла Тағала періштелерге қарағанда Адамға мол ілім беріп, мәртебесін жоғары етіп жарату арқылы оның халифалыққа лайықты бірден-бір жаратылыс иесі екендігін аңдатады. Әлбетте, адам баласы ілімімен былайғы жаратылыстан үстем. Адам баласының халифа деген атқа лайықты болуының басты шарты – ілімді меңгеріп, пайдасына жаратуы. Міне, сонда ғана адам баласы Алла Тағаланың үкімдері мен шариғат шеңберінен шықпай өмір сүре алады. Ал періштелерде мұндай қабілет пен қасиет жоқ. Негізінде, адам білген жаратылыс құпиясының шет жағасын періштелер де білетін. Алайда Адамның мерейі олардан бәрібір үстем. Мұның себебі, періштелерге қарағанда есімдерді көбірек біледі, һәм ғаламзат пен Хақ Тағаланың барлық есімдерінің ақиқатына бойлай алады. Ол – жұмыр жердің бірден-бір халифасы. Халифалықтың шарты тек қана құлшылық етумен және күнәлардан сақтанумен шектелсе, жер бетіне періштелер әлдеқашан халифа болар еді ғой.

Сонымен қатар, Алла Тағаланың хазірет Адамды жер бетіне халифа етіп тағайындауына оның өзге жаратылыс иелерінен үстем ететін төрт артықшылыққа ие болуы себеп болды:

  1. Оны Алла Тағаланың өз құдірет қолымен жаратуы;
  2. Адамға Алла Тағаланың бізге беймәлім Өз рухынан үрлеп, жан бітіруі.
  3. Хақ Тағаланың күллі періштеге оған сәжде етуге әмір беруі.
  4. Хақ Тағаланың оған барлық есімдерді үйретуі.

Хазірет Адамға сәжде ету

Хазірет Адам атаның періштелерден қандай қасиетімен, ерекшеліктерімен үстем түсетінін білдік. Оның осы үстемдігін паш ету үшін, Алла Тағала періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» (Бақара 34), – деп бұйырды.

«Сәжде ету» сөзі араб тілінде «кішіпейілділік танытып, бас ию» мағынасына саяды. Шариғаттық терминде «маңдайды жерге қойып, құлшылық ету» деген ұғымды білдіреді. Сол себепті ғұламалар бұл жердегі «сәжде ету» Адам атаны мойындау, оған құрмет білдіру арқылы Хақ Тағалаға құлшылық қылу деп түсіндірген.

Негізінде, бұл сәжде хазірет Адамға емес, Хақ Тағаланың бұйрығына әрі «Адам» секілді ең ғажайып мақұлықты жаратқан Оның құдіреті мен теңдессіз шеберлігіне жасалған сәжде еді.

Періштелердің Адам атаға сәжде етіп, құрмет көрсетуінде үлкен мән бар. Періштелер илаһи әмірді орындау арқылы жер бетіне халифа болған адамға бұдан кейін қызмет етіп жәрдемдесетіндіктерін көрсеткен еді. Яғни Алла Тағала күллі ғаламзатты адамға бағынышты етті. Барлығы да адамға қызмет етуі тиіс болды. Осының бір белгісі ретінде жалпы ғаламзаттың атынан періштелер оған бағынғандығын көрсеткен-ді.

Һәм күллі мұсылман Хақ Тағалаға құлшылық қылады. Бес уақыт намаз – тілін кәлимаға келтіргендерге парыз. Намазды құбылаға – Қағбаға қарап оқиды. Қағбадан басқа бағытқа қарап намаз оқығанның намазы қабыл болмайды. Қажылықта миллиондаған мұсылман Қағбаны тауап еткенімен қоймай, соған сәжде қып жатады. Сөйтсе де бұл мұсылмандардың Қағбаға сәжде еткенін білдірмейді. Мұсылмандар Қағбаның алдында оған емес, Хақ Тағалаға сәжде қылады. Қағба – мұсылманның Хақ Тағалаға сәжде қылар құбыласы болса, періштелердің құбыласы хазірет Адам болды.

Ібілістің сәждеден бас тартуы

Хақ Тағаланың Адамға сәжде ету жөніндегі әміріне барлық періштелер мойынсұнды. Тек Ібіліс қана бас тартқан еді. Құран кәрімде Алла Тағала: «Ей, Ібіліс! Менің бұйрығыма құлақ аспай, адамға сәжде етуіңе не бөгет болды?» – деді. Ол: «Мені оттан, оны топырақтан жараттың. Мен, әлбетте, одан қайырлымын, артықпын, қалай оған сәжде етпекпін, менен артық жаратылыс бар ма?» (Сад 75-76) – деп тәкаппарланды. Өзінің қатесін түсініп, тәубеге келудің орнына ішін өрт шалған Ібіліс: «Мен одан артықпын. Мені оттан, оны балшықтан жараттың», «Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба?» (Ағраф 12; Исра 61) – деп одан сайын кергіді. Өйткені, ол өзін ең ардақты жаратылыспын деп білетін. Осылайша Ібіліс өзінің бағын байлап, өз жолын кесті.

Оның бұл әрекеті Алланың рахымынан қуылуына себеп болды. Өйткені ол таяз санасымен шынайы сырды көре алмады. Өз сезімдеріне беріліп, нәпсісінің жетегінде Алланың әміріне құлақ аспай, өзінен жаратылысы бөлек адамды Алланың періштелерден де, өзінің болмысынан да артық қойып, әспеттегенін көтере алмады. Хазірет Адамға сәжде жасау бұйрығы тек шайтанның өзіне ғана емес оның нәсіліне де қатысты еді. Белгілі уақытқа дейін мұрсат сұраған шайтан қателігін мойындап тәубеге келмеді.

Құранда Ібілістің «алаулап тұрған түтінсіз оттан жаратылғандығы» айтылады. Ендеше ол періште емес. Періштелер нұрдан жаратылған. Ібіліс жер бетінде адамнан бұрын өмір сүріп жатқан жындар нәсілінен еді. Ол алғашқыда жер бетінде өмір сүрген. Кейін дәрежесі көтеріліп, періштелердің өзі қызығатын биікке жетті. Кейбір әлсіз деректерде ол бұрын жер бетінде өмір сүрген жын ретінде сипатталады. Тақуалығы сонша жер бетінде ол табан тіреп, құлшылық қылмаған тоқымдай жер қалмаған. Кейін көкке көтеріліп періштелердің ұстазы болған. Ол ұзақ жылдар бойы періштелердің арасында болды. Олармен бірге Хаққа үзбей құлшылық етіп келді. Алла Тағала жалпы көктер мен жердегі періштелерге сәжде ету әмірін берген кезде, ол да солардың арасында болғандықтан, әмір оған да тікелей қатысты еді. Бірақ бұл әмір Ібіліске түрпідей тиді. Оның өзіндік сыры бар. Өйткені Алла Тағала хазірет Адамға сәжде ету әмірін бергенге дейінгі бұйрықтарды орындау Ібіліске ауыр емес-ті. Оның осы уақытқа дейін қарсылық көрсетпей келуі барлық сынақтар Ібілістің өз қалауына сәйкес түсіп отырғандығынан болатын. Ендеше адамның тікелей бас пайдасы мен нәпсісіне сәйкес келген әмірлерді орындау Хақ Тағаланың разылығы үшін жасалған істер деп айта қою қиын. Өйткені Ұлы Жаратушының әміріне өз нәпсісінің қалауына сәйкес келген жағдайда ғана мойынсұнған жанды Алла Тағалаға бағынды ма, әлде өзінің нәпсісіне бағынды ма, ол жағын парықтау қиын. Сондықтан хазірет Адамға сәжде ету әмірі періштелермен қоса Ібіліске де арналған сынақ еді. Осы кезде ғана Ібіліс өзінің шынайы бет-бейнесін, жылдар бойы ішке бүккен тәкаппарлығы мен менмендігін көрсетіп алды. Сонда ғана періштелер жандарында жүрген Ібілістің қандай екендігін байқайды.

Ібілістің бұл жердегі қарсылығы қызғаныштан туды. Ол өзін адамнан үстем санады. Өйткені адам жаратылмай тұрғанда, жер бетінде, бәлкім, ғаламзатта Алла Тағаланың сынағының сырына бойлап, Оны таныту жындардың міндеті болатын. Ібіліс Алланың әміріне бағынып, құлшылық қылып, талай сынақтан сүрінбей өтті. Күллі әлемнің ұстазына айналды. Алланың хикметі шексіз. Қалаған құлын қалаған сәтте сынайды. Бұлай дейтініміз, көп ұзамай Хақ Тағала хазірет Адамды жаратты. Оны бәрінен де, тіпті жындардан да үстем етті. Оның үстемдігін мойындаудың жалғыз-ақ шарты: оған бағынып, сәжде ету. Алланың әмірі – осы. Тіпті жындарға да адамға бағынуға тура келді. Олар осыдан кейін өздерін екінші орынға ысырылып қалғандай сезінді. Бұған төзбеген Ібіліс ақыры тура жолдан тайқып шыға келді. Ішіне от түсіп, қызғаныштан тұла бойы өртенді. Оның осы ішіне қыл айналмайтын қызғанышы, ақыры, оны Алла Тағалаға қарсы шығуға дейін апарды. Өйткені ол өзінен басқа ешкімнің үстем болғанын қаламады. Сондықтан да ол өзінің оттан, ал адамның топырақтан жаратылғандығын айтып, тәкаппарланды. Адамға сәжде ету әмірі келгенде, нәпсісі кері тартып, аяғынан шалды. Осы сәтте оған екі жолдың бірін таңдауға тура келді. Бірі – Алла Тағаланың әміріне мойынсұну, екіншісі – нәпсісінің қалауынан шықпау. Ол өз нәпсісін жеңе алмаса, жаһаннамның мәңгілік азабына баратынын біле тұра, Хақ Тағаланың әмірін тәрк етті. Міне, осы сәттен бастап оның жылдар бойы, бәлкім, ғасырлар бойы Хақ Тағала жолында еткен құлшылығы зая кетті. Яғни әу бастан жүрегінің түкпірінде қыбыр етпей жатқан жемтік құрт жегі құртқа айналып, мезгілі келгенде қара шұбар улы жыландай көкірегін жарып шықты.

Асылында, Ібілістің бұл әрекеті адамдарға ғибрат болмақ. Яғни Алла Тағаланың сынағы тек қана күнәлар арқылы емес, өмірдің әр түрлі кезеңі мен хал-ахуалдары арқылы да көрініс табады. Мысалы, бұрынырақта бір асқан тақуа дін ғұламасы өмір сүріпті. Елге көп көмегі тиіп, қаншама жандардың тура жолға түсуіне себепкерлік етеді. Бар өмірін қажымай-талмай дін таратуға арнапты. Елдің барлығы білмегенін осы кісіден келіп сұрайды екен. Күндердің күнінде одан да тақуа адамдар пайда болыпты. Олар тіпті бұрынғы ғұламаның қателіктерін таба бастайды. Елдің назары енді жаңа ғалымдарға ауады. Бұдан кейін жиын-тойдың барлығында ел солардың аузына қарайды. Осы кезде әлгі тақуа ғұламаның ішіне қызғаныш құрты түседі. Ақыры, әлгілерді көре алмай күндеп, олардың қателігін табу үшін, шариғат заңына қарсы келуге дейін барады. Бар мақсаты – өзінікін дұрыстау. Өзінің беделін қайта жинаудың жолында дінге қалай қайшы келгенін білмей де қалады. Бара-бара діннен де шығып қалады. Әһлі кітап та осылай болған-ды. Олар Алла елшісін өте жақсы танитын. Бірақ, әрине, иманға келудің жөні бір бөлек те, оны танудың жөні бір бөлек. Олар танып білгендерімен қызғаныш пен күншілдіктері иманға келуіне кедергі келтіреді.

Міне, Ібіліс те жаһаннамға кететінін біле тұра, қызғаныштың қызыл итіне таланып, ашуын ақылға жеңдіре алмай, «Мен Адамнан артықпын», – деп, өзін жаратқан Хақ Тағалаға қарсы шықты. Атап айтқанда, Ібіліс мынадай үлкен қателіктер жіберді:

  1. Ібіліс ең алдымен өзінің міндетінің құлшылық пен мойынсұну екендігін, осы екі міндеттің негізі кішіпейілділікте жатқанын біле алмай, Хақ Тағалаға өрескел түрде қарсы шықты.
  2. Алла Тағаланың «адамға сәжде ет» деген әмірі оған міндетті бола тұра, осыны орындауға оның нәпсісі жар бермей, өзінің оттан, ал Адамның топырақтан жаратылғанын, өзінің одан үстем екендігін дәлелдеуге тырысты. Осы тырнақтың кіріндей уәжін алға тартып, адамға тағзым етуден қашты. Алланың әміріне қарсы келіп, алғаш рет оңбай адасқан да осы Ібіліс болды.
  3. Ібілістің «Мені оттан, Адамды балшықтан жараттың» дегені дұрыс. Бірақ осы дұрыс үкімді айта отырып, от пен топырақты салыстыра келе, «отты топырақтан артық» деп қате топшылауға барды. Яғни ол, бір жағынан, Алланың жаратушы екендігін мойындаса, екінші жағынан, менмендігі мен тәкапппарлығын жеңе алмай, назарын түгелдей жаратылған затқа аударып, ерекшеліктің барлығын соған үйіп-төкті. Бірақ ол Алла Тағаланың Адамды жаратуындағы мақсатын қаперіне де ілмеді. Оны жерге халифа етіп жаратқан соң заттардың атауларын (мәні мен мағынасын) үйрету арқылы адамға өзгеше бір ерекшелік берілгендігін көргісі келмеді. Яғни ол Адамда топырақ, өзінде оттан басқа ешқандай ерекшелік жоқ деп ойлады. Осылайша «Тіріден өліні, өліден тіріні шығарған» және де затқа әр түрлі ерекшеліктер беретін Алла Тағаланы тым тар түсінікпен шектеген. Яғни Алла Тағала топыраққа ешқандай ерекшелік бере алмайды, ол сол күйі топырақ болып қала береді деп ойлаған. Алайда топырақ пен отқа өзіне тән ерекшеліктерді кімнің бергенін парықтай алмаған.

Шынтуайтында, отқа қарағанда топырақтың ерекшелігі басым. Себебі, топырақ – өмірдің қайнар көзі. Барлық тіршілік топырақтан өрбиді. Сондықтан топырақта Алла Тағаланың «теңдессіз жаратушы», «толассыз рызық беруші», «шексіз шебер» сияқты есімдері мен сипаттары көрініс тапқан. Яғни, топырақ– Ұлы Жаратушының сансыз көркем есімдері мен сипаттарының айнасы іспетті.

Ібіліс осы тәкаппарлығынан Хақ Тағаланың қаһарына ұшырады. Сөйтіп, шайтан Хақ Тағаланың: «Ендеше, дереу ол жерден түс! Сенің ол жерде тәкаппарланып, паңдануыңа жол жоқ. Қанеки, тез шық! Сөзсіз, сен малғұндардансың!» (Ағраф 13) деген сөзімен рахметінен қағылды. Өзін «оттан жаралғанмын және осы шыққан биік мәртебемнен түспеймін деп ойлаған Ібіліс бір сәтте барлық абыройдан жұрдай болып, масқара күй кешті.

Алла Тағаланың қаһарына ұшыраған Ібіліс өзінің өмірде түкке тұрмайтындығын сол сәтте түсініп, жоқтыққа жұтылудан қорқып, қорлықпен болса да, өмір сүруді қалап: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер!» (Ағраф 14)– деп, Алла Тағаладан қиямет күніне дейін өмір сұрады. Алла Тағала: «Сен мұрсат берілгендердің қатарындасың» (Ағраф 15), – деді. Ібіліс тәубемен шүкіршілік етіп азаттыққа жетудің жолдарын іздеудің орнына: «Ендеше, Сен мені қаңғыртып, адасуға душар еткенің үшін, мен де олардың тура жолға түсуіне барынша бөгет жасаймын. Олардың алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп азғырамын. Сөйтіп, Сен олардың үркердей тобын ғана Өзіңе шүкір еткендердің қатарынан табасың» (Ағраф 16-17), – деп, адамға деген жауыздығы мен жаулығын іске асыруға кіріседі.

Иә, шайтан адам баласын саңылау қалдырмай қамап ұстап, қарға адым жерін қараңғы түнекке айналдыруға тырысады. Шайтан кейде адамның алдынан келіп, оның алға ұмтылысын, болашаққа деген сенімін жоғалтып, ақыретке деген талпынысын ойрандайды.

Ібіліс тәубе етудің орнына тәкаппарланып, Хақ Тағаланың халифа етіп жаратқан адам баласын азғыруға, жолдан тайдыруға барынша күш салатындығын айтты. Міне, осы кезде ол Хақ Тағаланың рақымынан жұрдай болмақ. Өйткені Алла Тағала алғаш рет оған «Шық» деген әмірінде мәңгілік қуылу мағынасы жоқ еді. Екінші рет айтылғанда, біржолата қуылып, мәңгілік азапқа душар болды.Міне, Ібіліс содан бері әлі күнге дейін адам баласын азғырумен келеді. Әсіресе, қияметке жақын қалған мына заманда Ібіліс жер бетіне патшалығын құрып, өзіне берілген мұрсаттың бітуге таяп, мәңгілік азаптың құшағына енуге санаулы жылдар қалғанын сезіп, бәлкім, бұрынғыдан да бетер ашу-ызаға булығып, жер бетін дүрліктіріп, адам баласын жаппай азғырып жатқан шығар. Ендеше, адамдар еркіне ие болып, Ібіліс құлаған биік шыңнан құлдиламас үшін өзіне берілген нығметтерге шүкіршілік қылып, Ібіліске аңдаусыз еріп кетуден сақ болуы тиіс. Һәм адам баласы мынаны есте тұтқаны жөн: Ібілістің бұл сорақы әрекетін жөн көріп, өзінікін дұрыс санаған адам шайтанның соқпағына қалай түсіп кеткенін байқамай қалады. Сол себепті сөзсіз түбіне жетпей қоймайтын қыңыр мінез, қисық әрекеттен арылып, өзін жөнге салғаны дұрыс.

(Жалғасы бар...)

(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: