21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ибраһимның (а.с.) һижреті және ұлдары Исмайыл мен Ысқақтың (а.с.) дүниеге келуі

Ибраһимның (а.с.) һижреті және ұлдары Исмайыл мен Ысқақтың (а.с.) дүниеге келуі

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Хақ пайғамбар әйелі Сара және інісінің баласы Лұтты ертіп Шамға қоныс аударды. Олар Шам аймағындағы Харран қаласына табан тіреді. Ал, хазірет Лұт Харранға жақын маңдағы Садум еліне тартты. Көп ұзамай оған сол жерде пайғамбарлық та келген еді.

Хазірет Ибраһим Харранда көп тұрақтаған жоқ. Ол Мысыр еліне баруға бел буды. Сол кездері Мысырды перғауындар билеп тұрған еді. Ибраһим пайғамбар заманындағы перғауын өте залым, айлакер болатын. Хақ пайғамбар Сарамен бірге қалаға кірген шақта, перғауынға олардың келгені туралы хабар келді. Хазірет Сара ажарлы еді. Нәпсіқұмар перғауын сұлу әйел көрсе болды, өзіне тартып алатын. Ол хазірет Ибраһимнен қасындағы әйелдің кім екендігін сұрады. Хақ пайғамбар «қарындасым» деп жауап берді. Артынан хазірет Сараға: «Мен оларға сені «қарындасым» деп таныстырдым. Менің бұл сөзімді жоққа шығарып жүрме. Расында, біз дін тұрғысынан туыс-бауыр саналамыз», – дейді.

Хазірет Сара перғауынның алдына кіргенде, ол оның сұлулығына таңырқап көп телмірді. Сосын ол жаман ниетпен Сараға қолын созғаны сол еді жансызданып, салақтады да қалды. Қанша тырысқанымен, қолы икемге келмеді. Ол аз болғандай жаны мұрнының ұшына келді. Перғауын бұл сырдың, Сараға тікелей қатысы барын сезді де, оған: «Мен үшін Құдайға дұға ет! Егер де дұғаң қабыл болса, мен саған тиіспеймін», – деді. Хазірет Сара дұға еткен замат та қолы баяғы қалпына келді. Алайда перғауынды өне бойын түгел ұялаған шайтаны түрткілеп, ақылы-есі кетіп, бағанағы әрекетін қайталады. Қолы тағы жансызданып, сіресіпқатып қалды. Жаны көзіне көрінді. Ол ұятты мүлде ұмытып Сарадан өзі үшін Хақ Тағалаға тағы бір мәрте дұға етуін талап етті. Бұдан кейін маңына да жоламауға уәде берді. Хазірет Сараның дұға еткені сол еді, оның қолы икемге келді. Ол дереу күзетшісін шақырып: «Сендер маған адам емес шайтан алып келіпсіңдер. Мынаны дереу босатыңдар!» – деп әмір етті. Оны құр қол жібермей, Ажар деген бір күңді тарту етті. Осы шақта хазірет Ибраһим (а.с.) намаз үстінде еді. Әйеліне бір жамандықтың келмеуі үшін Алладан дұға тілеп тұрды. Ол әйелін көрген кезде, орнынан қозғалмастан «Бұл кім?» дегендей, қолымен ишарат етті. Әйелі: «Алла кәпірдің құрған тұзағына өзін түсіріп, Ажарды маған қызметші етіп берді», – деп шүкіршілік айтты.

Хақ пайғамбар көп ұзамай әйелі Сара және күңі Ажармен бірге Мысырдан Палестинаға көшіп, сол жерге қоныс тепті. Хазірет Сара жасы жетпістен асса да, бала көтермеген еді. Ол бұдан кейін де перзент сүйе алмайтынын түсініп, бірақ ерінің ұрпағы болуын армандады. Сол себепті еріне күңіне үйленуді ұсынды. «Мүмкін содан ұлды болып, сол ұл мына қартайған шағыңда көмекшің болар», – деді. Хазірет пайғамбар оның сөзін жөн көріп, күңі Ажарға үйленді. Хазірет Ажар да жай ғана күң емес, Мысыр елінің патшасының әйелі болатын. Бірақ перғауынның әскерлері бір түнде шабуыл жасап әлгі патшаны өлтіріп, әйелі Ажарды күң етіп алған-тұғын.

Хазірет Ажардан көп ұзамай Исмайыл дүниеге келді. Осылайша хазірет Ибраһимнің жасы сексеннің алтауынан асқанда, ұлды болды. Хақ пайғамбар қуанышы қойнына сыймай Алла Тағалаға шүкір етті. Хазірет Сара да оның қуанышын бөлісті. Бірақ оның қуанышы ұзаққа созылмады. Ол баланы және оның анасын көрген сайын жүрегіне «шіркін мен де ана болсам» деген арман ұялай бастады. Осы бір арман-тілек күннен-күнге ұлғайып, жараға айналып, ақыры, хазірет Ибраһимге бір күні сырын жайып салды. Ол ерінің өзге әйелден бала сүйгеніне ешқандай қарсылығы жоқ екендігін, қайта қуанышына ортақтығын, бірақ оларды көрген сайын өзінің де ана болғысы келетіндігін алайда ана бола алмайтындығын ойлаған сайын, жаны жай таппай, жүрегі сыздайтындығын айтты. Һәм оның бала туа алмауы Хақ Тағаладан берілген бір сынақ еді. Егер ана мен бала көз алдында жүрсе, осыған сабырлық таныта алмай, сынақтан сүрінуі мүмкін-ді. Сол себептен ана мен баланы өзінен ұзақ бір жерге апарып тастауын өтінді. Осы кезде Хақ Тағаладан уахи келіп, әйелінің өтінішін орындауын бұйырды. Яғни бұл жердегі хикмет – хазірет Исмайылдың Меккеде өсуі тиіс болатын. Мінеки, хазірет Сараның да өтініші осыған сәйкес келді. Хақ пайғамбар жас әйелі мен баласын Мекке төңірегіндегі тау-тастың қуысына әкеліп тастады. Айнала елсіз сахара, жерге қылтаң шықпайтын. Хазірет Ибраһим оларға бар-жоғы бір қоржын құрма мен бір торсық су қалдырды. Ол кетіп бара жатқанда, Ажар ана да артынан қалмай: «Ибраһим! Бізді қайда тастап кетіп барасың? Мына елсіз тау-тастың арасына бала-шағаңды шынымен-ақ тастамақпысың?» – деп таңдана сауал тастады. Хақ пайғамбар Алла Тағаланың әмірін қаз-қалпында орындай алмай қаламын ба деп қорқып, артына бір рет болсын мойын бұрмады. Сонда Ажар дауыстап: «Әлде саған осылай істе деп Алла Тағала әмір етті ме?» – дегенде ғана, ол: «Иә» деп жауап берді. Сонда ғана хазірет Ажар кілт тоқтап: «Олай болса Алла бізді қараусыз қалдырмайды», – деп артынан жәудірей қарап қалды.

Мінеки бұл жерде пайғамбарға да оның әйеліне де жарасатын үлгі-өнеге бар. Пайғамбардың Хақ Тағалаға деген иманының беріктігі сол – тіпті әйел, бала-шағасын елсіз, сусыз «Құлан жортпас қу медиен далаға» тастап артына бұрылмай кетіп бара жатса да, әйелі бұның Хақ Тағаладан екендігін білген сәтте ерінің артынан жүгірмей, тәуекел етіп қалып қойды. Осылайша жалғыз ана баласымен сахарада тау мен тастың арасында қала берді. Айналада өзен тұрмақ, бұлақ та жоқ. Қыл аяғы қылтан да жоқ. Оның үстіне ми қайнаған аптап ыстық. Түздің жыртқыш аңдары өз алдына.

Хақ пайғамбар бала-шағасынан бөлініп сүт пісірім жер жүрген соң тоқтап, Қағба жаққа қарап қолын жайып дұға етті.

Ол Құранда былайша берілген:

«Я, Раббым! Осы қаланы бейбіт қыл! Мені және ұлдарымды пұттарға табынушылардың қатарынан етпе!» (Ибраһим 35);

«Уа, Раббым! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйіңнің жанына орналастырдым. Уа, Раббымыз! Олар намаз оқитын болсын! Шүкір етсін десең, адамдардың көңілін оларға ауатын қыл, оларды жемістеріңмен ризықтандыр!» (Ибраһим 37).

Зәмзәм бұлағы

Хазірет Ибраһим кеткен соң Ажар ана қолындағы шаранасымен жапан далада жалғыз қалды. Бірақ қарап отырмай, сол жердегі бір ағаштың жапырағынан өздеріне пана жасап алды. Баласын кейде емізсе, кейде су берді. Көп ұзамай торсықтарындағы су да таусылды. Құндақтағы сәби қарны ашып шырылдап жылай бастады. Анасы сәбиінің сай сүйекті сырқыратқан дауысына төзе алмай безек қақты. Жүгіріп Сафаның төбесіне шығып жан-жағына көз салды. Айналадан тек ұшық иыры жоқ шөл дала мен тау-тастар ғана көрінді. Ол осыдан кейін кері қайтып Мәруәнің төбесіне шықты. Айналадан сол баяғы сақара мен таулар көрінді. Бір жағынан айнала жүгіріп шаршаса, енді бір жағынан сәбидің ащы дауысы жанын жегідей жеді. Ол осылайша екі төбенің арасында тыным таппай жеті рет жүгірді. Жетінші мәрте Мәруаның төбесіне шыққанда құлағына ғайыптан бір дауыс естілді. Ол дереу: «Ей, дауыс! Шамаң келсе бізге көмектес!» деп айқайлады. Осы кезде дәл қазіргі зәмзәм құдығының тұрған жерінен Жәбірейіл періште көрінді. Ол аяғымен яки қанатымен жерді қаза бастады. Бір кезде жерден бұрқ етіп мөп-мөлдір су атқылап қоя берді. Хазірет Ажар суды көре сала, қуанышы қойнына сыймай, жан-жағын бөгеп, бұлақтың көзін тырмалап ашып, Мысыр тілінде «зәм зәм» (тоқта-тоқта) деді. Ақиық елші (саллАллау аләйһи уә сәлләм) бұл туралы: «Алла Исмайылдың анасы – Ажарға рақым етсін. Ол зәмзәмды алақанымен бөгемегенде, ол сөзсіз сарқырап аққан үлкен өзен болатын еді» дейді.

Хазірет Ажар да, баласы да судан қанғандарынша ішіп шөлдерін басты. Жәбірейіл оған: «Өмір сүре алмаймыз деп қорықпаңдар. Бұл жерде Қағба бар. Оның қабырғасын мына бала мен әкесі бірге қалайды» деді де көзден ғайып болады.

Ажар ана мен баласы Исмайыл осылай күн кешіп жатты. Бір күні бұл маңнан Жархам тайпасы өтіп бара жатты. Олар ұзақтан Қағбаның төбесінде бір құстың айналып ұшып жүргенін байқайды. Жархам тайпасының ақсақалы «құс бар жерде сөзсіз су болады, қанеки барып көріп келіңдер» деп екі адамын жібереді. Олар сол жерге жақын бір төбенің басына шыға қап суды көріп өз көздеріне өздері сенбей дереу артқа қайтып, көргендерін ақсақалдарына жеткізеді. Олар бұлақ басына жеткенде сол жердегі күркеде бір әйелдің құндақтағы сәбиімен ғана тұрып жатқанын байқайды. Олар әйелден:

– Біз де осы жерге келіп қоныстансақ деп едік. Осыған рұқсат етесің бе? – деп сұрайды. Ол:

– Әрине, болады. Судан қалағандарыңша пайдаланыңдар. Бірақ түптің түбінде «су біздікі» деп таласпайсыңдар. Судың иесі мен, – деп жауап береді. Жархам тайпасы осылайша сол жерге шатырларын тігіп қоныс тебеді. Хазірет Ажар да олар келген соң жалғыздықтан айықты. Көп жыл өткен соң бұл жер қауым елге айнала бастады. Бұл – Ибраһимнің (а.с.) дұғасының қабыл болуының белгісі еді. Жархам – сол аймақтағы арабтардың тайпасы болатын. Хазірет Исмайыл өсе келе араб тілін үйреніп, сол тайпаның бір қызына үйленді.

Құрбандықтың қасиеті

Уақыт зулап өтіп жатты. Көзді ашып жұмғанша хазірет Исмайыл да тепсе темір үзетін жігіт болды. Анда-санда әкесі Ибраһим келіп, екеуі бірге таудан отын таситын. Бір күні Ибраһим пайғамбар түс көреді. Кейбір деректерде бұл күннің Зилхижжа, яғни қажылық айының сегізінші күні екендігі айтылады. Түсінде өз баласы Исмайылды Алла Тағала жолында құрбандыққа шалып жатқанын көрді. Әлгі түсін ертеңіне қажылық айының тоғызыншы (арапа) күні тағы да көреді. Оныншы күні (құрбан айт) күні үшінші рет көреді. Сосын бұл түстің жай ғана түс емес, Хақ Тағаланың әмірі екендігін айқын аңғарады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарды ауыр сынаққа салған еді. Бір пайғамбардың баласын құрбан етіп шалуы, әлбетте, оңай емес. Сондықтан Хақ Тағала оған түсінде үш рет аян беріп, ауыр сынаққа бойын әсте-әсте үйретеді.

Хақ пайғамбар баласы Исмайылға «Қолыңа балта мен пышақ, жібіңді ал, тауға отын алуға барамыз», – деді. Осылайша екеуі жолға шықты. Жолда баласына көрген түсін айтты: «Балам! Бірнеше күннен бері ылғи түсімде сені құрбандыққа шалып жатқанымды көремін. Осыған сен не дейсің?» Баласы ойланбастан: «Әкешім-ау! Саған қандай нәрсе әмір етілсе соны дереу орындағаның жөн. ИншАлла мені Хақ Тағаланың әміріне бағыну тұрғысында сабыр етушілердің қатарынан табасың» (Саффат 102), – деді.

Исмайылдың бұл жауабынан оның Алланың әмірін екі етпейтін аса бағынышты құл екендігі байқалды. Ибраһим (а.с.) зор тәуекелге барды. Баласының жауабына іштей қатты сүйсінді.

Олар жолда келе жатқанда, алдарынан Ібіліс шығып, Ибраһим пайғамбарды азғыруға тырысты. Ол көрген түсінің шайтани түс екендігін «адам өз баласын өзі құрбандыққа шала ма екен?» деп жолын кес-кестеді. Алайда Хақ пайғамбар оның сөздеріне құлақ аспады. Одан соң Ібіліс хазірет Исмайылды азғырып, осы күнге дейін әкесінің айдалаға анасымен бірге жалғыз тастап кеткенін, қанша жылдан соң көріссе де, баласын құрбандыққа шалып, анасын тағы да жалғыз тастамақ екендігін айтып азғырды. Исмайыл Ібілістің сөзіне құлақ аспастан, оны қуып жіберді. Артынан жеті тас лақтырды. Қажылық кезінде шайтанға жеті тас лақтыру да осының бір көрінісі еді.

Хақ пайғамбар баласы екеуі Мина жеріне келді. Ибраһим баласын жатқызып, жіппен байлап, пышағымен қанша рет кеңірдектен оңды-солды тартса да, пышақ өтпей қойды. Осы кезде баласы жерге етпетінен жатып, жүзін әкесінің көрмеуін қалады. Бірақ пышақ тағы да өтпеді. Бір кездері Хақ пайғамбар елін ақиқатқа шақырғаны үшін Алла жолында құрбан етіліп отқа тасталған болатын. Бірақ сол от Алла жолында болғандықтан, Ибраһим пайғамбарды өртемеген еді. Осы жолы да алмастай өткір пышақ оның Алла жолында құрбан етілген баласының мойнын кеспеді. Хақ Тағала отқа «Ей, от, Ибраһимге салқын әрі жайлы бол», – дегендей, бұл пышаққа да «жұмсақ бол» деп әмір еткен еді. Өйткені Алланың хикметі баласын құрбанға шалу емес, екеуінің ниеті мен адалдығын сынау еді. Һәм бұлардың осы сынақтан қалай мүдірмей өткенін бүкіл ғаламзаттағы періштелерге көрсетіп жер бетіне халифа жаратуындағы хикметін тағы бір рет көрсетуі және қияметке дейінгі адамзатқа өнеге екендігін дәлелдемек еді. Осылайша Хақ Тағаланың хикметі мерзімі келгенде іске асты. Әкелі-балалы қос пайғамбар сынақтан табыспен оралды. Осы кезде Алладан аян келді. Құранда: «Ей, Ибраһим! – деп дыбыстадық. Рас, түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз, ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз. Шын мәнінде, бұл бір ашық сынақ еді. Оны бір ірі құрбандыққа ауыстырдық. Оған кейінгілердің арасында (жақсы даңқ) қалдырдық» (Саффат 104-108), –деп айтылады.

Хақ пайғамбар баласы екеуі осы дауысты есітіп жан-жақтарына қарады. Олар аспаннан бір қошқарды алып түсіп келе жатқан Жәбірейілді көрді. Ол Ибраһим пайғамбарға: «Мына қошқар қырық жыл жаннатта тұрды. Ал енді балаңның орнына осыны құрбанға шал», – дейді. Осыдан кейін баласы екеуі әлгі қошқарды Алла разылығы үшін құрбанға шалып, Хақ Тағалаға шүкіршілік етті. Хазірет Ибраһим осы оқиғадан кейін Палестинадағы әйелі Сараның қасына оралды.

Хақ пайғамбардың қонақтары

Лұт пайғамбар елін дінге шақырғалы, талай заман өтті. Бірақ олар тәубаға келудің орнына Лұт пайғамбардың өзіне қарсы шығып, жан төзгісіз азап шектірді. Соңында Хақ Тағала оларды жермен-жексен ету үшін періштелер жіберді. Олар алдымен хазірет Ибраһимге барып, жақында жасы жүзге жетсе де бала көтермеген бәйбішесі хазірет Сараның ұл табатындығын, Лұт пайғамбарды аяқ асты еткен кәпір елдің тып-типылын шығаратынын айтты. Періштелер оның үйіне жас жігіттің бейнесінде келді. Хақ пайғамбар мал-дүниеге қаншалықты бай болса, көңілі де соншалықты кең еді. Ол қонақтардың есігін қағып «құдайы қонақпыз» деген дауысын естігенде қуанышы қойнына сыймай, есікті ашқанша асықты. Бір-бірлерімен көркем мінезді мұсылмандарша сәлемдесті. Қонақтардың киім-киісінен, жүріс-тұрысынан-ақ бөгде жердің адамдары екендігі көрініп тұрды. Әншейінде қонақсыз аузына ас батпайтын, тіпті қонақ келмесе, көлденең жүргіншілерді шақырып алып асты-үстіне түсіп күтетін Ибраһим пайғамбар мына келген бөгде қонақтарға да ерекше ілтипат жасап, иіліп жастық, жазылып төсек болды. Үйдегі жылы-жұмсағының барлығын солардың аузына тосып, құрақ ұшты. Төрге шығарып күтті. Құранда былай делінген: «Дереу үйіне барып бір семіз тайынша алып келді. Оларға тамақты жақындатып қойып: «Жемейсіңдер ме?» – деді. Олардан тіксініп қорықты. Олар: «Қорықпа!» – деді де, болашақта білімпаз болатын бір ұлмен қуантты. Сонда үйінің арғы тұсынан Ибраһимның жұбайы бетін шымшып: «Әбден кемпір болғанда, бала көтеремін бе?» – деді. Олар: «Осылайша Раббың бұйырды. Өйткені Ол аса дана, толық білуші», – десті» (Зәрият 25-30).

Ибраһим (а.с.) оларға қарап: «Уа, Алланың елшілері! Сендер тек қана ұлмен сүйіншілеуге келмеген боларсыңдар. Басқа да маңызды міндеттерің бар шығар?» – деп сұрайды. Олар: «Біз діннен безген, адам баласының жаратылысына теріс, адам айтқысыз зұлымдықтарға барған бір күнәһар елді жер бетінен жоқ қылу үшін жіберілдік. Біз оларға балшықтан жасалған тастар жаудырамыз. Бұл тастар нәпсіге құл болған азғын ел үшін арнайы әзірленген», – дейді. Осы кезде Ибраһим (а.с.) қатты қорқып: «Ол жерде Лұт та бар ғой», – деп сұрағанда, олар: «Біз, әрине, ол жерде кімдердің бар екенін жақсы білеміз. Сөзсіз, Лұт та, оның отбасы да бұл азаптан құтылады. Бірақ оның әйелі құтыла алмайды. Өйткені ол елінің жасаған қылмыстарына ортақтасқан», – деп жауап береді.

Періштелер хабар берген соң, көп ұзамай Сара жүкті болды. Айы, күні жеткенде, шекесі торсықтай ұл тапты. Ол Ысқақ (а.с.) еді.

Қағбаның тұрғызылуы

Арада біраз уақыт өткен соң Ибраһим (а.с.) Меккеге тағы келді. Ол баласының маңдайынан сүйген соң: «Исмайыл! Алла маған бір ұлы істі әмір етті» дейді. Исмайыл болса: «Әкешім! Алла әмір етсе дереу орындаңыз. Мен де сізге көмектесейін», – дейді. Ол сонда: «Алла бізге Қағбаның қабырғасын қалауды әмір етті», – деп жауап береді.

Олар шұғыл іске кірісіп құрылысты бастап та кетті. Хазірет Исмайыл тас тасып, Ибраһим пайғамбар оны қалап жатты. Бір кезде Қағбаның қабырғасы биіктеп, Ибраһим пайғамбардың бойынан асқанда, ол баласына бір тас әкелуді бұйырды. Баласы Исмайыл таудан бір тас әкеліп, әкесінің табанының астына қояды. Кейбір деректерде бұл тасты Жәбірейіл періште жаннаттан алып келгені туралы айтылады. Бұл тастың түсі қара болғандықтан, «Қара тас» деп аталды.

Әкелі - балалы екеуі Қағбаны салып біткен кезде, Ибраһим қолын жайып: «Бізден қабыл ет, күдіксіз, Сен тілекті, тым естуші, толық білушісің. Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымызды да өзіңе бойсұнушы үмбет ете гөр, әрі бізге қажылық амалдарымызды көрсетіп, тәубәларымызды қабыл ет, әрине, Сен өзің тәубаны қабыл етуші, ерекше мейірімдісің. Раббымыз, ұрпағымыздың ішінен, оларға аяттарыңды оқитын, Кітапты әрі үкімдерін үйретіп, оларды тазартатын бір елші жібергейсің, күдіксіз, Сен өзің ғана аса үстем, өте данасың» (Бақара 127-129), – деп жалбарынады. Баласы Исмайыл да қасында қол жайып «әмин» деп қайталап тұрады.

Иә, Халилулланың (а.с.) осы дұғасы қабыл болып, Хақ Тағала ақыр заман пайғамбары етіп хазірет Мұхаммед пайғамбарды (саллАллау аләйһи уә сәлләм) жібереді. Қағба толық біткен кезде, Хақ Тағала оларға Қағбаға тауап ететін қажылықтың парыз болғандығын жария етуіне әмір берді. Хазірет Ибраһим Қағбаның үстіне шығып күллі, мұсылмандарды қажылыққа шақырды. Естіген халық топ-тобымен келіп Ибраһим пайғамбардан қажылық парыздарын үйреніп, онымен бірге қажылық жасады. Хазірет Ысқақ та ит арқасы қияннан келіп, ағасы Исмайылмен бірге міндетін өтеді. Содан күні бүгінге шейін мұсылмандар сол бір қасиетті жерге зиярат етіп, қажылық жасап келеді.

Хазірет Ибраһим ақырғы қажылығын әйелі Сарамен бірге жасады. Одан кейін Шамға оралды. Әйелі Сара жүз жиырма жасында бұл дүниемен қош айтысты. Оның артынша хазірет Ибраһим де өзіне жүктелген міндетті толық атқарып барып көз жұмды. Хазірет Ибраһим Құдысқа жақын Халилур-рахман деген жерде жерленеді.

(Материал Қ. Сейтұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: