22
Жұма,
Қараша

һижри

Зәкәрия мен Яхия пайғамбар (а.с.)

Зәкәрия мен Яхия пайғамбар (а.с.)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Зәкәрияның (а.с.) есімі Құранда сегіз мәрте кездеседі[1]. Зәкәрия пайғамбарды тарихшылар хазірет Сүлейменнің ұрпағынан тараған деп айтады.

Ол хазірет Иса дүниеге келмей тұрып, Исрайыл ұрпақтарына пайғамбар етіп жіберілді. Зәкәрия Исрайыл халқын Хақ Тағалаға ғана құлшылық етуге, шақырды. Ол пайғамбарлықпен келген кезде, ел азғындап, адамгершіліктен айрылған болатын. Пайғамбарға да, дінге де қырын қарай бастады. Исрайыл халқының дүниенің соңына түскені сонша, бара-бара Алла Тағаланы да, ақыретті де ұмытты. Дінге қарсы аянбай тер төгетін күйге түскен еді. Олар дінге емес шайтанның азғыруына құлақ түрді. Нәпсінің құлақкесті құлына айналды. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, елдегі пайғамбарларға, салиқалы, тақуа кісілерге өлердей өшігіп, тіпті соларды құрту жолында қан төгуден аянбайтын еді[2]. Хақ пайғамбар ұзақ жылдар бойы олардың күнә жасауына бөгет болып, хақ дінге шақырып, туралықты насихаттады. Алайда олар оның сөзіне құлақ аспады.

Хақ пайғамбар олардан қартайғанша озбырлық көрді. Қартайып, самайына ақ түскен шақта да «Мен өлген соң Исрайыл ұрпақтарының күні не болар екен» деп уайымға қатты беріледі. Өйткені елдің байлары мен көсемдері халықты азғырудың сан түрлі айласын күннен-күнге дамытып жатқан еді. Осы кезде ол Жаратқанға қол жайып өзінен кейін пайғамбарлық мұраға ие болып, дін-дағуасын жалғастыратын бір ұл нәсіп етуін тіледі. Өзінің осы уақытқа дейін ешбір баласы болмаған еді. Сондықтан оның ұл тілеу себебі тек дін ісін жалғастырса екен деген арманнан туған кіршіксіз тілек еді. Құранда: «Зәкәрияны да есіңе ал! Раббына: «Раббым! Мені жалғыз қалдырма. Сен ең жақсы мұрагерсің!» – деп жалбарынды. Сонда оның тілегін қабыл етіп, Яхияны бердік. Әрі жұбайын жасарттық. Өйткені бұлар жақсылықтарға ұмтылады. Бізден үміт пен үрей арасында тілейді де, бізден қатты қорқады»[3], – дейді.

Хазірет Зәкәрияның Исрайыл ұрпағына пайғамбар етіп жіберілуі хазірет Исаның дүниеге келуіне жақын қалғандығын жария ету болатын. Иса пайғамбар (а.с.) Исрайыл ұрпағына жіберілген ақырғы елші еді. Сондықтан Алла Тағала оларға оның алдында екі бірдей пайғамбарды жіберді: Зәкәрия және оның баласы Яхия (а.с.).

Зәкәрияның (а.с.) өзіне үмітпен ұрпақ тілеуі былай болды. Дүниеге әкелмей жатып хазірет Мәриямды анасының дін жолына бағыштағаны белгілі. Енді толысып келе жатқан шағында мінәжатханаға барған хазірет Мәриям жеке бөлмеде жалғыз өзі құлшылық жасаумен шұғылданатын. Оған Зәкәрия (а.с.) ғана қамқорлық танытып жүретін. Хазірет Мәриям сол күндердің өзінде айтса нанғысыз қасиеттерге ие болған. Зәкәрия пайғамбар оның бөлмесіне кіргенде, қыс күндері жаздың жемістері, жаз күндері қыстың жемістері пісіп тұратынын көріп қатты таңырқап: «Бұлар қайдан келді?» – деп сұрағанда, қаршадай қыздан: «Бұл Алладан, Ол қалаған пендесіне қалағанынша береді», – деген жауап еститін. Содан бастап Хақ Тағаланың құдіретінің шексіздігіне үміт артқан хазірет Зәкәрия өзінің қарттығын ойлап үмітсіздікке салынғанның жөн еместігін түсініп былай деп ұрпақ тілей бастаған: «Раббым! Буыным босап, шашым ағарды. Дегенмен тілегім босқа кетпеген екен», – деді. «Шынында, мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Сондай-ақ жұбайым қартайды. Сонда да маған бір мұрагер бере гөр! Ол маған да әрі Жақып ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым, оны ризалығыңа бөле!»[4]. Алла Тағала оның осы ықыласпен жасаған дұғасын бірден қабыл етіп, Жәбірейіл періштені жіберіп сүйінші хабар береді. Жәбірейіл періште келген кезде, Хақ пайғамбар құлшылық етіп отырған болатын. Періште оған көп кешікпей Яхия атты бір ұлды болатындығын жеткізеді. Хазірет Зәкәрия дұға етіп бола сала, бұл сүйінші хабарды естігенде, қатты таңырқап «Менде қалай бала болады? Өйткені жұбайым бала туатын жастан әлдеқашан өтіп кеткен. Ал өзім күшім қайтып, қартайған қариямын»[5] дейді. Бұл жерде хазірет Зәкәрия күмәнданып тұрған жоқ. Қайта Хақ Тағаланың құдіретінің шексіздігіне таңданып, иманының арта түскенін білдірген еді. Жәбірейіл періште оған Хақ Тағаланың құдіретінде шек жоқтығын айтты. Хазірет Зәкәрия Алладан әйелінің қалай жүкті болатындығына қатысты бір белгі сұрады. Жаратқан Ие оған белгі ретінде адамдармен үш күн бойы сөйлесе алмайтындығын айтты.

Көп өткен жоқ бір күні хазірет Зәкәрия аяқ астынан сөйлеуден қалды. Ол айтқысы келген нәрсесін тек ыммен ғана жеткізе білді. Сол күні таңертең бөлмесінен шығып еліне қарап: «Ертелі-кеш Алланы дәріптеңдер!» – деп ишарат жасады[6]. Күн мен ай бір пайғамбардың туылуына асыққандай бір-бірімен жарыса зулап өтіп жатты. Айы-күні толғанда, хазірет Зәкәрияның қасиетті шаңырағында «шыр» еткен баланың дауысы естілді. Кейбір деректерде Яхия пайғамбар хазірет Исадан үш ай яки үш жыл бұрын дүниеге келгендігі айтылады. Хазірет Яхия бала күнінен салиқалы, парасатты болып өсті. Ол балиғат жасына толғанда, Хақ Тағала оған Тәуратты үйретті, оны терең меңгеруге әмір етті. Ол Тәуратты тез үйреніп, сол бойынша амал етіп, кейде сахараға кетіп, сол жерде Хақ Тағалаға жалғыз өзі құлшылық жасай бастады. Өзі жас бола тұра Тәураттан үкім шығарып, халыққа уағыз айтып, кейбір мәселелерге қатысты пәтуа беріп отырды. Кейіннен оған пайғамбарлық беріліп, Тәуратпен де, кейінгі түскен Інжілмен де амал етті. Құранда хазірет Яхияның ерекшеліктері туралы берген мәліметтер мыналар: Хақ Тағаладан рақым мен шапағат беріліп, күнәлардан ада болды; Әрдайым ата-анасына ізгілік жасап, оларға әсте қарсы келмеді; Дүниеге «шыр» етіп келген һәм өлген сәтте де, ақыретте қайта тірілген сәтте де Хақ Тағаладан амандық берілді; Ол асқан тақуа, құлшылық және ілім, сонымен қатар, дін істерінде өз заманының теңдесіз биік тұлғаларының бірі болды; Бел қуаты күшті бола тұра, нәпсісінің тізгінін ұстай білді; Хазірет Исаның пайғамбарлығын растап, оған көмектесті.

Әкелі балалы қос пайғамбар Исрайыл ұрпақтарынан шығатын ақырғы пайғамбарды қарсы алуға дайындық жасап, ол пайғамбар болып келген кезде көмекшілері болатын еді. Бірақ осы қос пайғамбар да Исрайыл ұрпақтарының қолынан шейіт болады. Осы арада олардың Исраил ұрпақтарының қолынан қалай шейіт болғанын айта кету керек. Хазірет Мәриям бір күні ешқандай еркек кіндікке жоламай-ақ Хақ Тағаланың құдіретімен көтерген баласын алып еліне келгенде халық шуылдап ортаға алып, «бұл бала кімнен туған?» деп, өсекке таңа бастайды. Сонда құндақтағы сәби Исаға тіл бітіп, өзінің әкесіз дүниеге келгендігін білдіреді. Осыған халық әу баста сеніп тарқағанмен, кейіннен: «Мұның әкесі сенсің. Біз саған ғана сеніп тапсырған болатынбыз», – деп хазірет Зәкәрияға жала жауып, күндердің күні тобыр халық өз пайғамбарларын шейіт етеді. Хазірет Яхия да көп ұзамай әкесінің кебін киеді.

Бірде Исрайыл ұрпағының көсемдерінің бірі жақын туысының қызына құмартып, сол қызды әйелдікке алмақ болады. Оның некесін қиюға хазірет Яхияны шақырады. Алайда хазірет Яхия туысына үйлену харам екендігін айтып, үйленуіне рұқсат бермейді. Оның осы сөзіне қатты ашуланған исрайылдықтар кек сақтайды. Сол кек ұлғайып, соңы Яхия пайғамбардың басын кесіп, шейіт етумен бітеді.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Әли Имран», «Әнғам», «Мәриям», «Әнбия» сүрелері

[2] А.Л.Казанжы, Пейгамберлер халкасы, Стамбул. 1997. 203-207 беттер

[3] «Әнбия» сүресі, 89-90

[4] «Мәриям» сүресі, 4-6

[5] «Әли Имран» сүресі, 40

[6] «Мәриям» сүресі, 11

Бөлісу: