21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету дұрыс па?

Пайғамбар (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету дұрыс па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мешіті мен қабірін зиярат ету Ислам үмметі үшін қастерлі әрі үрдіске айналған іс болып саналы. Оған басты себеп, үмметтің Рахым Пайғамбарына (с.ғ.с.) деген шексіз сүйіспеншілігі, сағынышы.

Әрі Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Қабірімді зиярат еткен кісіге шапағатым уәжіп болады»[1], «Кімде-кім Мен қайтыс болғаннан кейін Мені зиярат етсе, Мені тірі кезімде зиярат еткендей болады. Зияратын Қабіріме дейін жеткізсе, қиямет күні Оған шапағатшы боламын»[2] деген сынды сүйіншіге толы сөздері.

Сахабалар қиын сәттерінде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қабірінің басына барып, Аллаға дұға етіп, пайғамбардың шапағатшы болуын сұрайтын. Бұл туралы Әус ибн Абдулла былай әңгімелейді: «Бір жылы Мәдина халқы қатты қуаңшылыққа тап болды. Сөйтіп, Айшаға (р.а) шағымдарын айта келгендерінде: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) қабіріне барыңдар, Оны аспанға (яғни, Ұлы Аллаға) дәнекер қылыңдар. Оны мен Ұлы Зат арасында бір тосалғы болмасын», - деді. Олар айтылғанды бұлжытпай істеген кездерінде, күркіреп жаңбыр жауды. Шөптер жайқалып өсіп, түйелер семіргені соншалықты май басып, жүрмей қалды. Сол жыл «Ғәмул фәтқ» (яғни, түйенің майдан жарылған жылы) деп аталды»[3].     

Алла Тағала Рахым Пайғамбары (с.ғ.с.) бұл дүниеден қайтса да үмметінің қамын жеп, тілеуін тілеу құрметіне лайықты еткен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Сендерге Менің тірі кезім жайлы айтылады және айтасыңдар. Сендер үшін бұл бір жақсылық. Дүниеден қайтуым да сендер үшін бір жақсылық. Сендердің амалдарың Маған көтеріледі. Жақсы істерің үшін Аллаға хәмді айтамын, жақсы болмаған істерің үшін Алладан кешірім тілеймін»[4] деген.   

Ислам ғұламалары, аталмыш хадистерге сүйене отырып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мешітін және оның қабірін жылдың кез-келген уақытында зиярат етуді мұстахаб  амалға жатқызған. Ханафи мәзһабының белді ғалымы имам Кәмалуддин «Шарху фатхул қадир» атты көлемді еңбегінде: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) қабірін зиярат етудегі үшінші мақсат болса, біздің машайхтарымыз (р.х.): «Мәндуб амалдардың абзалы», - дейді. «Мәнәсикул фариси және шархул Мұхтар» еңбектерінде: «Мүмкіндігі болған адам үшін уәжіпке жақын амал», - деп келеді»[5] десе, Ханбали мәзһабының ғалымы имам әл-Мардауи «Инсаф» атты еңбегінде, қабірді зиярат етудің мұстахаб амалға жататындығына Ханбали мәзһабының ғалымдары бір ауыздан келіскенін айта келіп: «Қажылық істерінен босаған адамның Пайғамбардың (с.ғ.с.) және оның екі жолдастарының (сахабалардың) қабірін зиярат етуі мұстахаб»[6] деген.

Мәшһур тәпсірші имам Нәсәфи, имам Сәғлаби және имам Құртуби сынды ғалымдар «Ниса» сүресі, 64-аятына қатысты «Хикәятул Ғәтаби» атты хикаяны Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қабірінде де тірі кезіндегі сияқты үмметінің сәлеміне жауап беріп, күнәлары үшін Алладан кешірім тілейтіндігіне дәлел ретінде келтіреді[7]. Имам Ибн Кәсир, Құрандағы: «Егер олар күнәға бату арқылы өз-өздеріне қиянат жасаған кезде, алдыңа келіп, Алладан кешірім тілесе, сондай-ақ Алла елшісі де олар үшін кешірім тілесе, олар Алланың тәубелерін қабыл етіп, кешіргенін көрер еді» («Ниса» сүресі, 64-аят) деген аятты түсіндіру барысында хикаяны былай баяндайды: «Алла Тағала күнәлі жандардың Алла елшісінің (с.ғ.с) қасына келіп Алладан кешірім сұрайтыны және Одан өздері үшін Алладан кешірім сұрауын өтінетіндігі баяндалып тұр. Осындай сәттерінде Алла олардың тәубелерін қабыл етіп, кешіретіндігін «олар Алланың тәубелерін қабыл етіп, кешіргенін көрер еді» айтты. Көптеген ғалымдар, солардың бірі шайх Әбу Наср ибнул Саббағ, өзінің «Шәмил» еңбегінде Ғәтабиден жеткен мына мәшһур хикаяны зікір етеді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірінің қасында отыр едім. Бір әғраби (бөтен кісі) келіп: «Әссәләму ғәлайка иә Расулулла! Алланың: «Егер олар күнәға бату арқылы өз-өздеріне қиянат жасаған кезде, алдыңа келіп, Алладан кешірім тілесе, сондай-ақ Алла елшісі де олар үшін кешірім тілесе, олар Алланың тәубелерін қабыл етіп, кешіргенін көрер еді», - деп айтқанын естідім. Саған күнәмнің кешіріліп, Раббым Сені маған шапағатшы етуін сұрап келіп отырмын...», - деді. Кейін Ғәтабиға түс арқылы дұғасының қабыл болғандығы білдірілген»[8].

Ибн Хажар әл-Асқалани, «Осы үш ме­шіт­тен бас­қа (на­маз жә­не ғи­ба­дат үшін) еш­қан­дай ме­шіт­ке жол­ға шы­ғу дұ­рыс емес. Бұл үш ме­шіт: Мәс­жидул-Ха­рам, Мәс­жи­дул-Ақ­са, Мәс­жи­дул-Нә­би (Пай­ғам­ба­ры­мыз­дың (с.ғ.с.) ме­ші­ті)» деген хадиске түсініктеме беру барсында: «Бұл хадис Сәийдіміз Алла елшісі (с.ғ.с.) және басқа салихалы адамдардың қабірін зиярат етуді харамға шығаратын Ибн Тәймиянің көзқарасын ұстанатындардың сөзі дұрыс еместігіне дәлел»[9], - дейді. Сөзін дәлелдеу мақсатында: «Пайғамбар (с.ғ.с.) әр сенбіде Құба мешітіне жәяулап да, көлікпен де келетін. Абдулла да соны істейтін еді» деген риуаятты келтіріп: «Бұл үш мешіттен басқа мешіттерге жолға шығуға болмайды деген тыйым харамдықты білдірмейді»[10] деген. Яғни, аталмыш үш мешітке сапарға шығу, пайғамбар қабірін зиярат ету өзге мешіттер мен қабірлерге сапарға шығып, зиярат еткеннен абзал екендігіне ескертеді.

Кезінде уахабистер, Мекке мен Мәдинадағы сахабалар мен табиғиндердің, шәһидтер мен әулиелердің қабірлерін зиярат етуді ширк (Аллаға ортақ қосу) амалына жатқызып, қабірлерді қиратқаны тарихтан белгілі. Олар өз әрекеттеріне: «Осы үш ме­шіт­тен бас­қа (на­маз жә­не ғи­ба­дат үшін) еш­қан­дай ме­шіт­ке жол­ға шы­ғу дұ­рыс емес. Бұл үш ме­шіт: Мәс­жидул-Ха­рам, Мәс­жи­дул-Ақ­са, Мәс­жи­дул-Нә­би (Пай­ғам­ба­ры­мыз­дың (с.ғ.с.) ме­ші­ті)», «Алла яһудилер мен христиандарға лағнет етсін. Олар пайғамбарларының мазарларын ғибадатхана етіп жіберді»[11]деген сынды хадистерді дәлел қылады. Алайда, Ислам ғұламалары олардың дәлел ретінде келтірген хадистерін біз қозғап отырған тақырыпқа дәлел бола алмайтындығын айтқан. Ол туралы жоғарыда Ибн Хажар әл-Асқаланидің көзқарасын келтірген болатынбыз.

Матуриди сенім мектебінің көрнекті ғалымы имам Мұхаммад Заһид Әл-Кәусари, өзінің «Әл-Ақидату уә ғилмул кәләм» атты еңбегінде: «Хафиз Салахуддин әл-Алаийдің Пайғамбарды (с.ғ.с.) зиярат етуге қатысты жинақтаған бір мұнша хадисі жоғарыда бір бөлімде келді. Бұл хадистерге мұсылман үмметінің амал етуі жалғасын тауып келеді. Мұсылман жәмәғатынан бөлініп жүрген Ибн Тәймия ғана. Әли Қари «Шарху әш-Шифа» атты еңбегінде, «Әлбетте, Ханбали мәзһабынан болған Ибн Тәймия Пайғамбарды (с.ғ.с.) зиярат ету мақсатында сапар шегуді харамға шығарды. Бұдан басқа мәселеде де осындай шектен шыққан еді. Сондай-ақ, пайғамбарды зиярат ету дінде анық болған сауапты іс. Оны мойындамаған адамға күпірлік үкім беріледі. Мүмкін осы сөз шындыққа жақынырақ. Өйткені, ғұламалардың мұстахаб екендігіне ижмәғы болған істі харамға шығару күпірлікті келтіріп шығарады...» деген көзқарасын келтіре отырып, сөзін былай жалғайды:

«Ибн Тәймияның Пайғамбарды (с.ғ.с.) зиярат етуден адамдарды тыйым салуы Алла Елшісіне (с.ғ.с.) болған жасырын өшпенділік. Оны «Алланың құлы және елшісі» деп сеніп, Оған күніне намаздарында шамамен аз дегенде жиырмадай салауат жолдап жүрген мұсылмандардың Пайғамбарды (с.ғ.с.) зиярат етіп, тәуәссул жасауын қалай ширк деп айтуға болады? Білім иелері қарапайым халықты күніне бидғәдтан (дінде болмаған істен) қайтарып, зиярат ету және одан басқа да мәселелердегі сүннетті үйретіп келеді. Ешкімге Алла елшісіне (с.ғ.с.) тәуәссул жасап, зиярат етуің себепті мүшрік болдың демеген. Алла мұсылмандарды ширк амалдан тазартып, көңілдеріне иман нұрын ұялатқан жандар. Оларды уәсила жасағаны үшін алғаш мүшрік (Аллаға ортақ қосушы) деген, ол – Ибн Тәймия. Оған ергендер нәпсілерінің қажетіне беріліп, мұсылмандардың жанын да (өлтіруді), малын да (тонауды) адалға шығарды. Ибн Тәймия, «Пайғамбарды (с.ғ.с.) зиярат ету мақсатында сапарға шығуды күнәлі сапарға жатқызып, намаз қысқартылып оқылмайды. Бұл туралы риуаят имам Әби Уафа ибн Ғуқайл әл-Ханбалиден жетті» деп айтуда Алладан қорықпады. Аталмыш Ханбали мәзһабының ғалымы Әби Уафа ибн Ғуқайлдің «Тәзкира» атты еңбегінде, Мұстафаға (с.ғ.с.) тәуәссул жасап, Оны зиярат ету жайлы құрметі ерекше айтылады. Яғни, Ибн Тәймия оның сөзін бұрмалап, аталмыш ғалымға жала жауып отыр»[12] деп, Ибн Ғуқайлдің «Тәзкира»[13] атты еңбегіндегі мәтінді толығымен келтіреді.                              

Қорыта айтар болсақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мешіті мен қабірін зиярат етудегі басты мұратымыз Оған (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімізді арттыру, салауаттар жолдау және қияметте біз үшін шапағатшы болуын Алладан тілеу болып табылады. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады. Өйткені, қабірді зиярат ету ақыретті еске түсіреді»[14] деген. Яғни, мұсылмандар үшін зиярат етуге ең лайықты қабір, ол – Алла елшісінің (с.ғ.с.) қабірі емес пе?!

Самет Оқанұлы

 Исламтанушы


[1] Дәру Құтни, 2-том, 278-бет. 194-хадис; Бәйһақи, Шүғәбул иман, 3-том, 490-бет. 4159-хадис.

[2] Бәйһақи, «Кубра» еңбегі, 5-том, 246-бет. 10054-хадис; Сунану Дәру Құтни, 2-том, 278-бет. 192-хадис.

[3] Сунану әд-Дәрими, 1-том, 56-бет. 92-хадис. Бұл мауқуф хадис.

[4] Мусанаду әл-Баззар, 5-том, 308-бет. 1925-хадис. Сүюти «Хасаис» еңбегінде хадисті сахих деген. 2-том, 491-бет.

[5] Шарху фатхил Қадир ли Кәмалиддин Мұхаммад ибн Абдулуахид, 3-том, 179-бет.

[6] Әл-Инсаф лил-Мардауи, 4-том, 53-бет.

[7] Доктор, Омар Абдулла Кәмил, әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф, «әл-Уабилус сайб» баспасы, Қаһира. – 2009. 800 б. 424-бет.

[8] Тәфсиру Ибн Кәсир, 2-том, 306-бет.

[9] Фатхул бари ли Ибн Хажар, 3-том, 66, 85-бет.

[10] Фатхул бари ли Ибн Хажар, 3-том, 69-бет.

[11] Мирқатул мафатих шарху Мишкатул масабих, Китабус сала, 712-хадис.

[12] Әл-Ақида уә ғилмул кәләм мин әғмәлил имам Мұхаммад Заһид әл-Кәусари, «Дәрул кутуб ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2004. 645 бет. 531 б.

[13] Имам Әз-Заһаби, дүниеде Ибн Ғуқайл әл-Ханбалидің сексен томдық еңбегінен көлемді еңбек жазылмады деген. имам Әл-Кәусари, «Тәзкира» еңбегіндегі мәтінді оқыған адам Ибн Ғуқайл әл-Ханбалидің көзқарасы Ибн Тәймияның айтқаннан мүлдем басқаша екендігін көреді деген.  

[14] Мүслим, 2-том, 672-бет. 977-хадис.

Бөлісу: