21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Бисмилласыз» дәрет дұрыс болмай ма?

«Бисмилласыз» дәрет дұрыс болмай ма?

Сұрақ-Жауап

Ассаләмүғаләйкүм!

Дәрет алған кезде «бисмилла» деп айту міндетті ме? Ауылда аталар мен ағалар қол жуа бастағаннан «бісмиллә» деп бастап жатқанын көргенім бар еді. Осы жөнінде айтып беріңізші.

Уағалейкүмүссаләм!

Жалпы, дәрет алған кезде «бисмилла» айту шарт деген риуаяттар бар. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Дәреті жоқтың – намазы жоқ, ал Алла атын айтпағанның – дәреті жоқ[1]» сонымен бірге: «Алла есімін айтпағанның дәреті жоқ[2]», - деген хадис жеткен. Бірінші хадисті Әбу Һурайра (р.а.), келесісін Әбу Сағид (р.а.) риуаят еткен. Осы мағыналас риуаяттарды ханбали мазхабы басшылыққа ала отырып, дәретте «бисмилла» шарт деп түйіндейді.

Ал, біздің мазхабымыздың ғалымдары дәрет алу барысында «бисмилла» айту сүннет деп пәтуа берген. Себебі, дәрет алуға қатысты аятта «бисмилла» айту жөнінде Құранның әмірі жоқ. Бұған қоса, намазын дұрыс оқи алмаған кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намазға тұрсаң, Алла әмір еткендей етіп дәрет ал[3]», - деген.

Ал, бір мәселеге қатысты сырттай қарама-қайшы деректер болған жағдайда салмағы басым дәлелге жүгіну қажет. Ал, сырттай қарама-қайшы деректерді мағыналас риуаяттар арқылы түп мақсаты айқындалады. Мәселен, «Мешітке көрші адамның тек мешітте намазы дұрыс[4]», - деген хадис бар. Бұл мешітке үйі жақын адамның бес уақыт намазын мешітте оқуы абзал екендігін білдіреді. Демек, дәрет алғанда да «бисмилла» айту абзал, бірақ міндет емес.

 Руслан Қамбар


[1] Әбу Дауд, Хаким

[2] Ибн Мажа, Байһақи

[3] Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Мажа, Насаи

[4] Дарақұтни, Хаким, Байһақи

Бөлісу: