Алла Тағала – Өзінің жолында, мұқтаж жандарға қол ұшын беретін атымтай жомарт пенделерін айрықша жақсы көреді. Жалпы, көңілі дархан қазақ халқының бойынан жомарттылық, кеңпейілділік қасиеттері ешқашан ажыраған емес. Жомарттық – жұмыр басты пендеге бақыт алып келетін ұлық ғибадат.
Жомарттық қанша деңгейден тұрады?
Ғалымдар жомарттықты үш түрге бөліп қарастырған.
Біріншісі: Дүниесін жұмсағанымен оның кемуіне әсер етпесе және оған еш қиындық туғызбаса, жомарттықтың бұл түрі – әс-саха اَلسَّخَاءُ дәрежесі деп аталады.
Екіншісі: Дүниесінің көбірегін сарп етіп, өзінде бір бөлігін алып қалуы немесе жұмсағандай мөлшерді өзінде қалдыруы, жомарттықтың бұл түрі – әл-жуд اَلْجُودُдәрежесі деп аталады.
Үшіншісі: Сол нәрсеге өзі мұқтаж бола тұра6 өзгені өзінен артық көруі, жомарттықтың бұл түрі – اَلْإِيثَارُәл-исәр деп аталады. Әл-исәр – жомарттықтың ең жоғарғы сатысы. Құранда жомарттықтың ең жоғарғы әл-исәр дәрежесінде болған жандар жайында:
وَلَا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ
«Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді»,-деп сипаттаған. («Хашр» сүресінің 9 аяты).
Әли ибн Абу Толиб (р.ғ.):
"اَلإِيثَارُ أَعْلَى الْإِيمَانِ"
«Әл-исәр – иманның жоғарғы сатысы»,-деді.
Құран Кәрім аяттарында Алла Тағаланың жомарттыққа үндеуі:
Аса қамқор ерекше мейрімді Раббымыз:
وَمَاتُنفِقُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Қандай қайыр-садақа берсеңдер де, Алла Тағала оның бәрін біледі» -деп айтты. (Бақара сүресі 273).
Келесі аятта:
وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ
«Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы». (Сәбә сүресі, 39 аят). Тәпсірші Ибн Кәсир (р.х.) осы аяттың түсіндірмесінде: «Аса Ұлы Алланың ризық етіп бергенінен парыз, нәпіл садақа ретінде жұмсағандарыңды Аса Ұлы Алла екі дүниеде де қайтарады»,-деген.
Бақара сүресінің 272 аятында:
وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَلِأَنفُسِكُمْ وَمَا تُنفِقُونَ إِلَّا ابْتِغَاءَ وَجْهِ اللَّهِ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْ لَا تُظْلَمُونَ
«Жақсылықтан не берсеңдер де, ол – өздерің үшін. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар».
Бұл аяттың тәпсірінде Ибн Кәсир (р.х.): «Алла Тағаланың разылығын қалап садақа берген адам кез келген жағдайда – садақа алушы адамның лайық немесе лайық болмауына қарамастан сауап алады»,-деп түсіндірді.
Пайғамбар сүннеті – жомарттыққа шақыруы:
Алла елшісі (с.ғ.с.) жомарттық жайлы не деді? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оның сахабалары Алла жолында мал-мүліктерін қалайша сарып етті? Олар Алла жолында жұмсауды кімнен үйренді? Өздері мұқтаж бола тұра өзгелерге қалайша қол ұшын созды?
Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):
مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إِلا وَمَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا ، وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا
«Күн сайын таңертен Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр»,-десе, екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр»-деп, дұға жасайды»,-деп айтты» -делінген. ( Имам Бухари, Мүслим риуаят етті).
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:
اَلسَّخِيُّ قَرِيبٌ مِنْ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنْ الْجَنَّةِ قَرِيبٌ مِنْ النَّاسِ بَعِيدٌ مِنْ النَّارِ وَالْبَخِيلُ بَعِيدٌ مِنْ اللَّهِ بَعِيدٌ مِنْ الْجَنَّةِ بَعِيدٌ مِنْ النَّاسِ قَرِيبٌ مِنْ النَّارِ وَلَجَاهِلٌ سَخِيٌّ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ عَالِمٍ بَخِيلٍ
«Жомарт – халыққа, жұмаққа, Алла Тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң – халықтан, жұмақтан, Алла Тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын. Сол сияқты, надан жомарт – сараң ғалымнан қарағанда Аса Ұлы Аллаға сүйкімді»деуімен жомарт пен сараң адамның айырмашылығын жіктеп көрсетті.Осы орайда,хакім Абай атамыз: «Пейілі кедей байдан сақта» деген екен.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) мәрттігі:
Омардың (р.ғ.) риуаяты бойынша, күндердің бір күнінде әлдебір бәдәуи Алла елшісінен (с.ғ.с.) мал-мүлік сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қазір қолымда ешнәрсе жоқ. Бірақ, сен менің атымнан өзіңе қажеттіні ал. Ақысын өзім төлеймін» деді.Бұған төзе алмаған Омар (р.ғ.):«Уа, Расулалла! Сізден сұраған кезде бердіңіз. Жарайды ол кезде қолыңызда бар еді. Қазір қолыңызда жоқ. Алла Тағала қолыңызда жоқ нәрсені тауып бермегеніңіз үшін жауапқа тартпайды ғой!»деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омардың (р.ғ.) бұл сөзін ұнатпады. Осы кезде ансарлық сахабалардың бірі: «Уа, Алланың елшісі! (Алла үшін) беріңіз! Ғарыштың иесі сізді аш қалдырмайтыны өзіңізге аян»,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөзді естігенде «Жаратқан мені осы мақсатпен жіберді» деп жадырап сала берді.
Сахаби аналарымыздың мәрттігі:
Имам Мәліктің риуаяты бойынша, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жан жары Айша (р.һа.) анамыз ораза тұтқан күні бір кедей жәрдем сұрап келеді. Айша анамыздың үйінде бір жапырақ наннан басқа азық жоқ еді. Соған қарамастан қызметшісіне: «Келген адамға үйдегі нанды бер»,- деді. Қызметшісі: «Егер нанды берсек, кешке аш жатамыз»,- десе де Айша анамыз қоярда-қоймай нанды әлгі кедейге бергізген еді. Сонда қызметшісі: «Айшаның (р.һа.) айтуымен нанды келген адамға бердім. Кешкісін біреулер үйге піскен ет пен нан әкелді. Айша (р.һа.) мені шақырып алды да: «Мынаны же, мына нан әлгі (бергің келмеген) нанның орнына келген нығмет»,-деді.
Абдулла ибн Зүбәйрдің (р.ғ.) риуаяты бойынша, «Хазірет Айша мен әпкесі Әсмә (р.анһума) сияқты жомарт әйел затын көрмедім. Олардың жомарттығы бір-бірінен ерекше еді. Айша (р.анһа) біртіндеп жинайтын. Сосын пақырларға тарататын. Ал Әсмә (р.анһа) ертеңгі күнім қалай болады деп ойланып-толғанып жатпастан, қолындағысын сол сәтте мұқтаждарға таратып жіберетін».
Сахабалардың мәрттігі:
Хасан Басридің (р.х.) жеткізген хабарында біреу Османға (р.ғ.) келіп: «Ей, дәулеттілер! Сендер-ақ бүкіл сауапты қоймайсыңдар. Садақа үлестіріп, құлдарға азаттық алып бересіңдер. Қажылыққа барасыңдар және дін жолында мал-мүлік жұмсайсыңдар»,- депті. Осман (р.ғ.): «Сендер бізге қызығатын болып тұрсыңдар ғой, солай ма?»,-деді. Сонда әлгі кісі: «Иә, біз сендерге тамсана қараймыз»,-дегенде, Осман (р.ғ.): «Уаллаһи (Алланың атымен ант етейін), өзі зәру жағдайда бола тұра адамның дін жолында бір дирхам жұмсағаны бай-бақуатты, молшылық заманда берген адамның он мың дирхамынан артық»,- деді.
Алла Тағала:
لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ
«Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар». («Әли Имран» сүресі, 92-аят).
Тәпсірші ғалымдар осы аят турасында: «Мал-дүниелеріңнен садақа бермейінше жәннәтқа кіре алмайсыңдар»,-деп тәпсірлеген.
Сахабалар бұл аят түскенде ерекше жомарттылық танытуда жарысқан.
ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا إِذَا أَعْجَبَهُ شَيْءٌ مِنْ مَالِهِ تَصَدَّقَ بِهِاِتِّبَاعًا لِهِذِهِ الْآيَة.
«Осы аятқа амал еткен ибн Омар мал мүлкінің қайсысына көңілі құлай бастаса, оны сол сәтте Алла жолында жұмсайтын».
Сондай сахабалардың бірі Әбу Талха (р.ғ.) болатын.
Әнәс ибн Мәликтен (р.ғ.): «Әбу Талха Мәдинадағы ең дәулетті ансар еді. Оған мүліктерінен ең сүйіктісі мешіттің қарсы бетіндегі Байраха бағы болатын. Алла елшісі (с.ғ.с.) оған кіріп, ондағы дәмді судан ішіп жүретін».
«Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар» (Әлі Имран» сүресі, 92-аят) деген аят түскенде, Әбу Талха Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Расында, Алла кітабында: «Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар», – дейді. Шын мәнінде, маған мүліктерімнен ең сүйіктісі – Байраха. Енді ол – Алла үшін садақа. Мен оның игілігін және Алланың құзырында қазына (болуын) үміт етемін. Оны өзің қалаған орынға жұмса, уа, Алла елшісі!» – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Пах, (шіркін)! «Бұл – неткен олжалы сауда!». Мен сенің айтқаныңды естідім. Расында, мен оны жақындарыңа бөліп беруіңді жөн көремін», – деді. Сөйтіп, Әбу Талха оны жақындарына және көкесінің балаларына бөліп берді» (Хадисті Мүслим риуаят етті).
Омар ибн әл-Хаттаб (р.ғ.) былай деді: «Пайғамбар (с.ғ.с.)-нің сахабаларынан болған бір кісіге қойдың басы тарту етілді. Сонда ол: «Менен қарағанда бауырыма қажет»,-деп оған жіберді. Сөйтіп әрқайсысы бір-біріне жөнелту кезінде (әлгі қойдың басы) жеті үйді аралап, қайтадан бірінші үйге оралды».
Жомарт адамға қызығуға болады:
Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.) -данАлла елшісі (с.ғ.с.)-нің:
لَا حَسَدَ إِلَّا فِي اثْنَتَيْنِ رَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ مَالًا فَسُلِّطَ عَلَى هَلَكَتِهِ فِيالْحَقِّ وَآخَرُآتَاهُ اللَّهُ حِكْمَةً فَهُوَ يَقْضِي بِهَا وَ يُعَلِّمُهَا
«Дүниеде қызығушылық екі нәрседе: Бірі: Алла Тағала бір кісіге дәулет беріп, оны хақ (шариғат бұйырған, яғни зекет, садақа, т.с.с) жолға жұмсаса. Екіншісі: Алла Тағала бір кісіге даналық беріп, ол кісі сол арқылы дұрыс төрелік етсе, және оны басқаға үйретсе»,-деген. (Хадисті Бұхари, Мүслим риуаят етті). Демек, ілім мен даналықтың шүкірі оны басқаларға үйретуменжүзеге асады, ал, дүние-мүліктің шүкірі мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайрымдылық жасау арқылы жүзеге асары белгілі.
Жомарттық – дертке дауа
Жомарт адам садақа беру арқылы дертке шипа табады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:
وَ دَاوَوْا مَرْضَاكُمْ بِالصَّدَقَةِ
«Ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер»,-деп өсиет еткен.
Нұрлан РАМАЗАНОВ,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы