Әрбір халықтың басынан өткерген тарихи тағдыр кешулері бар. Халық осы тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып-қойындасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Сол үшін де халықтың дәстүрлі жүйесін күшпен өзгерту былай тұрсын, негізсіз сынауға да болмайды. Салт-дәстүр және ұлттың басқа да құндылықтары тек табиғи жолмен ғана трансформацияланады.
Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті дін», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.
Діни экстермизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен өзгерту мен билікті күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз.
Діни терроризм деп – дін атынан камуфляждалыпжарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қаза ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық іс-әрекеттерді айтамыз.
Ал, деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиырмадан астам діни ұйымдіни экстремистік һәм террористік деп танылды. Атап айтар болсақ,
«Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Хизб-ут - Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиғи жамағат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» ұйымдары ел заңдары бойынша діни экстремистік және террористік деп саналады.
Еліміздегі исламдық бағыттағы деструктивті ағымдарға негізінен салафилік идеямен қаруланған діни топтар жатады. Салафилік діни ағымдардың идеясы бір боғанымен, насиқат алаңындағы әдіс-тәсілдері әртекті және олар жағымсыз салдарларының басымдығымен ерекшеленеді. Жалпы, салафилік ағым авторитеттерінің шығарған постулаттарын басшылыққа алып өмір сүретін индивидтерді қазір қоғамның барлық саласынан кездестіре аламыз. Әсіресе, болашағымыз саналатын жас буын өкілдерінің салафизммен улануы, еліміз үшін бұл мәселенің салдарының ауыр болатынын көрсетеді.
Салафилік ағым өкілдері теологияда антропоморфистік түсініктерді насиқаттайды. Сондай-ақ, шариғат заңдарымен үкім шығармайтын лидерлер мен оған мойынсұнған елді кәпірге деп есептейді. Әрбір халықтың дәстүрлі құндылықтарын басы бүтін жоққа шығарады Салафилердің бұл насиқаты әһлу сунна сеніміне, яғни қазақ халқының мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ханафи мәзһабының құндылықтарына қарама-қайшы келеді.
Жоғарыда атап көрсеткен ағымдардың ішіндегі «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Лашкар-е-Тайба», «Джунд-аль-Халифат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» секілді ұйымдар салафилік идеяның асқынған – экстермистік және террорлық санатына жатады. Ал, салафиліктің бүгінгі заман талаптарына бейімделген әрі зайырлы заңдарға сиымды болып көрінетін Александрия және мадхалия секілді тармақтарын деструктивті діни ағымдарға жатқызсақ болады. Себебі, салафиліктің бұл тармақтарының іс-әрекеттерінен дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару белгілері анық көрініс береді.
Александрия және мадхалия тармақтары сырттай қарағанда зайырлы мемлекеттің заңдарын мойындайтын секілді көрінгенмен, олар өз іштерінде кез-келген исламдық емес қоғамнан оқшаулануды насиқаттайды. Сонымен бірге, Александрия және мадхалия тармақтары өздерінің насихат жұмыстары кезінде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сынауда ерекше құлшыныс танытады. Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді. Яғни, Александрия және мадхалия тармақтарын аса қауіпі деструктивті ағымдар деп айтуымызға толық негіз бар.
Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Заманымыз түлкі болса, әріптестеріміз тазы болып шалуға әзір тұруы керек. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, қан мен жансыз ұлт тірі өмір сүре алмайды. Яғни, ұлтымыз тірі болсын десек дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Жұманазар САДЫРХАНОВ,
«С.Ғылмани» мешітінің бас имамы