Асыл дініміз ислам – әуелі тазалықтың діні. Сондықтан да дінді – мәдениет деп қарау осындай адамзатқа ортақ элментерден қалыптасса керек. Кейбір ғалымдар діндегі тақуа адамды – мәдениетті я парасатты адам деп түсіндіреді. «Күмәнсіз Алла тәубе етушілер мен таза болушыларды жақсы көреді» («Бақара», 222-аят) десе, «Алла Тағала – таза және тазаларды сүйеді», - деген хадис те бар(Тирмизи жеткізген). Демек, тазалықтың орыны – ислам да жоғарғы категориялардың бірі. Пайғанбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.), «Дін – бұл тазалық»,-деп бұйырады. Осы жерде тазалықтың тек гигеналық тазалық деп кембағал қабылдауға болмайды. Мәселен, мен, өз субъективті көзқарасыммен мындай тұжырымға бөлдім: бірінші, жан тазалығы; екенші, тән тазалығы; үшінші ар тазалығы деп үшке жіктеп, жеке-жеке қарастыруды жөн көрдім.
Жан тазалығы. Көп уағыз айтушылар «тән тазаланбай, жан тазаланбайды» дейді. Бәлкім бірінші жанның, яғни адамның іші таза болуы керек шығар. Біз бірінші орынға жанды қойған себебіміз, Хакім Абай: «Әрбір ақылды адамға иманпарыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз»,- дейді. Сондықтан бірінші жан тазарып, иман нұрымен жұпарланса оған екінші барып, тән тазалығы міндетелсе керек. Бұл жердегі жан тазалығының да масштабы ауқымды; мәселен, иман тазалығы, ниет тазалығы т.б жатады. Ішкі тазалық – исламның барлық міндеттерін орындауда жүрек арқылы ұғынған (тасдик) және іс-әрекет арқылы сенімнің бір бөлігін көрсететін рухани тазалық болмақ.
Тән тазалығы. Жан тазарды, иманын жүрегіне бекітіп құлшылыққа келдік, енді қандай тазалық керек? Тән тазалығы керек. «Намаздың кілті – дәрет» делінген. Яғни, тән тазалығы; ғұсыл-тәһәрат, дәрет жалпы бұл жерде гигеналық барлық талаптары жатады. «Суды тазалаушы еткен һәм нұр еткен Аллаға мадақ болсын» деуіміздің сыры міне, осы! Өзің таза болып, айналаң лас болса ол тазалық толық болмас. «Тазалық - иманның жартысы» (Мүслім, «Тахарат», 1) бұл – яғни, сыртқы тазалықтың ішкі тазалыққа ықпал етуі, екеуінің бір бірімен тығыз байланысын білдіреді. Сыртқы тазалық адамзат баласын өркениет мен мәдениетке және әдептілік пен әдемілкке жетелейді. Ислам – ол әдеміліктің де діні. Таза және ұқыпты болу, өзінің тәніне жақсылап қамқор болу, өзінің сыртқы келбетіне қарап жүру туралы айтқан Пайғанбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері көп. Оның бәрін тізбелей беру – орынсыз болар. Бір ғұлама: «Кімнің тақуа (бұл жерде тазалық пен мәдениет деп түсіну керек) адам екендігін білгің келсе, ол кіріп шыққан дәретхананы қара», - деген екен.
Ар тазалығы. Қарадан шығып хан болған, аға сұлтан Құнанбай Өскенбай баласының қазақ үшін орыны әмәнда қадірлі. Қазаққа Абайдай ұлды тудырды. Зұлмат заманда алғашқы болып Меккеде қонақ үй (қажыларға арналған), Қарқаралыда сәулетті мешіт салғызған, ислам дініне де азды-көпті еңбегі сіңген тұлға. Біздің айтпағымыз мүлде ол емес, ар тазалығы жайында. Құнекеңнің бір сөзінде «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», - деген екен. Мұндай тазалықтан Хакім Абай тумауы мүмкін емес еді. Сондықтан да Ар тазару керек. Арлы адам – батыл келеді, батыл адам – батыр келеді. Арлы адам – ештеңеден де қаймықпайды, патшаға да шындықты айтады. Шыншылдық, әділдік, ынсаптық секілді үлкен мәселелер адам баласындағы Ар ілімне келіп тіреледі. Ар ілімін көп зертеп зерделеген Шәкәрім қажы былай дейді: «Ар түзер адамның адамдық санасын».
Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,
Береді бұл надандық кімге пайда?
Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды, - дейді данышан Шәкәрім. Енді біз қалай сонда гигеналық тазалықта айта бермекпіз? Ойланып көріңіз...
Дін де, тақуалық та, білім де, ғылым да, жалпы өнер тек қана таза жүрекке қонбақ. Мәселен, сіз көшеде бір жерге отырғыңыз келді делік, маңайыңызда отыратын сәккі жоқ. Сіз не істейсіз? Отыруға болатын таза жер іздейсіз, логикалық тұрғыдан алғанда, кез-келзен ізгі дүние тек таза жерге тұрақтамақ. Байлық та, мол ырыс несібе де осы таза жерді іздесе керек! Лас, нәжіс, арам жерде тек қана лағынет шайтан ғана болмақ, соның үшін әрбір адам баласы, әрбір ислам, әрбір қазақ Таза болуға тырысқаны абзал екен.
Әділ Агитаев,
"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің найб имамы