Тәуелсіздік асыл дінімізге жаңа серпін бергеніне ешбір жанның шүбәсі жоқ. Ауыл-аймақ, қала-кенттерімізде зәулім мешіттер менмұндалап бой көтере бастады. Ай алмасып, жыл жылжыған сайын, Алласын танып, құбылаға жүз бұрып, тізе бүккен, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен, Меккені мұрат етіп, қажылық парызын орындайтын жандар қатары көбеюде.
Тіршіліктің сан түрлі саласында уақыттың ағымымен жаңа ұғым, сөз тіркестері пайда бола бастады. Дін саласы да осы үдерістен тыс қалмады. Ел арасында ХХ ғасырдың соңына дейінгі кезеңді айтпай-ақ, бұрын-соңды қаперіне де келмеген ұғым-түсініктер пайда бола бастады. Айтар болсақ, қазіргі күні бүкіл әлемді дүрліктіріп жатқан «Ислам терроризмі, ислами фундаментализм мен радикализм» ұғымдары кез келген БАҚ беттерінде емін-еркін қолданылуда. Сонымен қатар, «жаңа Ислам» деген де ұғым пайда болған. Бірақ, Ислам «жаңа» не болмаса «ескі» болмайды. Өйткені, сонау Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) түсірілген Қасиетті Құран осы кезге дейін өзгермеді әрі Қияметке дейін өзгермейді де. Ал, баршамызға мәлім болғанындай, Құран – діннің бастапқы ұстыны, негізі, түпқазығы. Осы себептен «жаңа Ислам» деген ұғымды қабыл ету «Құран өзгерді» дегенмен тең екенін ескерейік.
Бұқара халықтың көкейіндегі ендігі сөз – «дәстүрлі Ислам» деген ұғым. Айта кету керек, негізі бұл ұғымның пайда болуының басты себебі әлемді дүрліктіріп жатқан «діни экстремизм» салдары ғана.
Ақиқатында, лаңкестікті тек бір ұлт, дін не болмаса өркениетке тән етуге болмайды. Лаңкестік – сорақылықтың ғаламдық көрінісі. Оны белгілі бір дін немесе ұлтқа емес, бәлкім белгілі бір тұлға не болмаса бір топпен байланыстырған жөн болады.
Ал «Дәстүрлі Ислам» ұғымы жайлы сөз қозғар болсақ, бұл түсінік дінді бұрмалаушыларға қарсы бағытталған саясат ретінде түсінген жөн. Бұл мәселені түсіну үшін бір сәт тарихқа назар салайық!
Әуел баста дін тек Араб түбегінде тарады. Ол – ақиқат. Бұл – тарих. Уақыт өте Ислам Еуропа, Африка және Азия халықтарына да жетті. Діннің осылай кеңінен қанат жайып таралуы Құран мен сүннетке негізделген фиқһи (шарғи) мектептердің қалыптасуына басты себеп болды. Мұны шариғат терминологиясында «мәзһаб» деп атайды.
Біреулер «Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) және сахабалардың дәуірінде мәзһаб болмаған» деген сыңаржақ сөздер айтады. Ақиқатына келер болсақ, мәзһабтар сонау сахабалардың дәуірінен-ақ пайда бола бастаған. Бұған басты себеп Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) дін мирасқорлары – сахабалардың жан-жаққа тарауы. Сөзіміздің дәлелі ретінде Мекке, Мәдина, Куфа және Басра фиқһи мектептерін келтірсек болады.
Басы Османның р.л.ғ. дәуірінде басталып, Әлидің р.л.ғ. дәуірінде өрбіген және табиғиндер заманында күш алған харижит, муғтазиля тәрізді дінді бұрмалаған ағымдар тарих бетінен нық орын алды. Бастапқыдағы Мекке, Мәдина, Куфа және Басра фиқһи мектептері, уақыт өте «мәзһаб» атауымен белгілі болған әһлүс-сунна уәл-жамағаның негізгі құрамы дәл сол харижиттер мен муғтазилдерге тойтарыс бере білді. Бұған тарихтың өзі дәлел!
Әрине, мәзһаб пайда болумен түрлі ағымдар ғайып болды деу қате пікір. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) заманында мұсылмандардың ішінде мұнафықтар болып жатса, кейінгі заман мұсылмандыққа жат ағымдар болмайды деу астамшылық екенін ескеріңіз. Алайда, мәселенің мәні теріс ағымдардың болмауында емес. Ақ пен қараның, ақиқат пен жаланың өзара күресуі – табиғи заңдылық. Дәл сол сияқты, біреу тура жолда болса, басқа біреу адасып жатады. Мәселе, сол теріс ағымдарға тойтарыс бере білуде. Бұқара халық арасында дұрыс бағыттағы үгіт-насихат, діни мазмұндағы ағартушылық жұмыстарды жүргізу арқылы жұртшылықты дінбұзарлық аласапыранынан аман алып қалу. Көпшілік санасында «дәстүрлі Ислам» ұғымын қалыптастыру – осы бағытта істелетін оңтайлы шара десек қателеспеген болармыз деп ойлаймын. Осы себептен «дәстүрлі Ислам» ұғымы кем дегенде «саләфия, уаһабия, мәзһабсыздық» тәрізді көріністің антонимы ретінде қабылданғаны дұрыс. Ал іс жүзіне келер болсақ «дәстүрлі Ислам» сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қазақ халқының бойында қалыптастырған бір Құдайға сыйыну үрдісі, «дінім – Ислам, кітабым – Құран» деген ұраны, дін істерінде жетекшілікке алған Имам Ағзамның мәзһабы. Осы ұғымдағы дәстүрлі Ислам – дін ғалымдарының көрсеткен сара жолы. Міне, осы бағыт халқымыз үшін тиімді де ыңғайлы, ұлтымыздың табиғатына тән және тұрмыс-тіршілігімізбен тығыз байланысты. Сонымен қатар, дәстүрлі Исламның маңыздылығы тек фиқһ, мәзһаб мәселелерімен шектелмейді. Дәстүрлі Ислам күнделікті тіршіліктің күрделі мәселелеріне ұтымды әрі дұрыс жауап береді.
Еліміз егемендік алып, өз тәуелсіздігіне ие болғанына жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктеріміз жетерлік. Дегенмен, кемшіліктеріміз де жоқ емес. Әсіресе, бастапқы кезеңде елімізге Ислам дінін бетперде қылып теріс пиғылды ағымдардың еніп кеткені жасырын емес. Осының нәтижесін қазіргі күні, бүтін бір халықтың сан ғасырлар қалыптасқан өмірлік өлшемдері мен дүниетанымына, мәдениеті мен дәстүріне қырын қарау, мәзһабсыздық ретінде байқаса болады. Ендігі міндет – осы олқылығымыздың орнын толтырып, жөнге келтіру. Ал мұның бірден-бір жолы – дәстүрлі, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ұстанған нағыз Ислам жолын насихаттау. Өйткені, «дәстүрлі Ислам» түсінігі бастауын Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) кезеңінен алып, бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан әһлүс-сунна уәл-жамағаны меңзейді. Ал, «әһлүс-сунна уәл-жамаға» мұсылман жұртшылығы тарапынан сенімге ие болған ханафи, шафиғи, мәлики және ханбали мәзһабтары, ал сенімде матуриди және әшғари мектептері.
2011 жылы қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін нығайту мақсатында дін туралы жаңа заң қабылданғаны баршаға мәлім. Ал Елбасымыз 2012 жылғы жолдауында діни тұтастық мәселесі өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз...» деп, діни ұстанымымыздың бағытын айқындап берді. Осы тұрғыда мемлекеттік тұтастығы, ел мен жер қауіпсіздігін сақтауда дәстүрлі Исламның қызметі ерекше. Өйткені, мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ететін факторлары көп. Сол факторлардың бірі – Қазақстан халқының рухани, діни тұтастығына айрықша ықпал ететін дәстүрлі Ислам. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі сүнниттік ханафи мектебін дамыту қажет. Қазақтың ғұмырлық өлшемі болған Едіге бидің «Жасақ» жарлықтары, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», Абақ Керейдің «Төрт би, төре заңы» т.с.с. дәл осы ханафи мазһабының талаптарына негізделгенін, ал ханафи мәзһабы дәстүрлі Исламның іс жүзіндегі көрінісі екенін естен шығармаған жөн.
Сөз орайы хақ Ислам жайында айтылғасын, дәстүрлі Исламның негізгі ұстанымдары турасында бірер сөз айта кетсек. Ең алдымен, дәстүрлі Ислам радикализмге түбегейлі қарсы. Радикализмнің өкілдеріне саләфия, уаһабия, такфиризм, мадхализм тәрізді көзқарастарды ұстанған азаматтарды жатқызса болады. Неге? Өйткені, мәселен, саләфилер тек өзін Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ереміз деп, өзгенің бәрін кәпірге шығаруда. Уаһабилерге тән ерекшеліктің бірі – олар дінсіз бен адасқандарға қарсы жиһадқа үндейді. Такфиршілер қоғамнан оқшауланып, өзгенің бәрін дінсіз деп есептейді. Байқап отырсақ, осы аталғанның бәріне ортақ бір сипаттама бар – олармен пікірлес болмағанның бәрін кәпір деп білу. Саләфия, уаһабия, такфиризм, мадхализм өкілдері тек өздерін тура жолдамыз деп, бірақ өзара қырықпышақ болып жататыны да осы себептен. Талайғы тарихтың сүзгісінен өткен әһлүс-сунна уәл-жамағат санатындағы имам Азғам негізін қалыптастырған, Ханафи мәзһабында, көпшілік бір болған жерде, ауызбіршілікте болғанымыз абзал болмақ. Өйткені, әз пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиеті осыны меңзейді. Бірлігімізге бекем болайық.
Абдуссамад МАХАТ,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің наиб имамы