Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірде сахабаларымен мәжіліс құрып отырып: «Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды асырауға, қиыншылықтары мен қуаныштарына төзіп сабыр етсе, Алла Тағала ол адамды қыздарына рақымдылық танытқаны үшін жұмаққа кіргізеді», – деп айтады. Сонда сахабаларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Егер екі қызы болса ше?» – деп сұрайды. «Екі қызы болса да солай», – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). «Ал, егер бір қызы болса ше?» – дейді бір сахаба. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сонда: «Бір қызы болса да солай», – деп жауап берген екен[1].
Аталмыш хадистен аңғарғанымыздай, кімде-кім қызының тәрбиесіне салғырт қарамай, оның барлық қиыншылықтары мен қуаныштарына төзімділікпен сабыр етіп, шүкіршілік танытса – жәннаттық болады екен. Демек, қыз баланың тәрбиесі өте жауапты да сауапты іс болып табылады. Бүгінгі таңда кейбір жандардың «төрт қыздың әкесімін» деп кеуде қағып, «жұмаққа кіретінін» айтып, жар сап жүргеніне куә болып жатамыз. Алайда, ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінен жұмақтың төрт қыздың әкесіне емес, әлпештеп өсірген перзентінің бойына имандылық пен ізгілік дәнін егіп, дұрыс тәрбиелегенге нәсіп болатынын аңғарамыз.
Халқымызда «қызға қырық үйден тыйым» деген қанатты сөз бар. Әр мақал-мәтелі қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен үндескен дана халқымыздың қараптан-қарап қызға қырық үйден қарауыл қойып, қырық түрлі тыйым салмағаны айдан анық. «Қыз бала – жат жұрттық» деп әуел бастан-ақ жасауын белгілеп, жабдығын бөлек жинаған халқымыз бұрымды перзентіне қашанда «болашақ ана» деп қараған. «Барған жеріңе балдай батып, судай сің» деп құлағына құйып отыратын әжелеріміздің ақыл сөздерінің арғы жағында «қызына тәрбие бере алмапты, дұрыс тәрбиелемепті» деген масқараға қалмау қауіпі аңғарылып тұр. Демек, қыз бала өзі келін болып түскен шаңырақтың берекесі мен бірлігін арттырып, ұйытқысы болуы қажет. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «...Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты...», – дейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, халқымыз қыз баласына болашақ ана деп қарап, ұлт ертеңі болатын ұрпақты дүниеге әкелетін абзал жан деп қадірлеген. Ал, ұрпақтың ұлағатты болуы, ең алдымен, анасының ақ сүтімен даритыны даусыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сенімді сахабаларының бірі болған Омар (р.а.) әкенің бала алдындағы ақыларының бірі – жақсы ана таңдау екендігін айтады. Екі дүние сұлтаны болған Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қаншама жыл қасында болып, пайғамбарлық парасатынан үлгі алған Омардың (р.а.) бұл айтқаны ойландырмай қоймайды. Бабаларымыз да «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл қалдырған.
Сондықтан да ата-бабамыз қыз баласына қырық үйден тыйым салып, тәрбиесіне терең мән берген. Үлкеннің жолын кесуден, жарыса сөйлеп, жағаласудан, дарақы күлкі мен бейәдеп әрекеттерден тыйып, әдептілікке, инабаттылық пен имандылыққа үндеген. Ашық-шашық жүруден тыйып, талтайып отырудан, шалқайып жатудан, сарт-сұрт жүрістен, көргенсіз қылықтан бойын аулақ салуды бұйырған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінде: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін»[2], – деп әмір етіледі. Бағзы заманнан бері мұсылманшылықты ұстанған бабаларымыздың Алла бұйрығынан аттап шықпай, аруларымыздың абыройын бүркеп ұстағаны белгілі. Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі «құдайсыз қоғамның» кесірінен бүгінде ашық-шашық киінетіндердің көбейгені өкінішті-ақ. Біле білсек, қызға қойылар қырық тыйымның негізгісі де – әурет жерін жабық ұстап, ашық-шашық жүрмеу емес пе?!
Осыдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген атақты Мөңке бидің өлеңінде ақырзаман әйелдері былай суреттеледі:
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Айтқандары айнымай келген атақты бидің ақырзаман белгілерінің бірі ретінде әйел затының жалаңаштануын жырлағаны бекерден бекер емес. «Қазаннан қақпақ кетсе, ұрыдан ұят кетеді» демекші, ашық-шашық киінген қыздың абыройы да аласара берері сөзсіз. Сондықтан да әрбір ата-ана қыз тәрбиесіне аса мән беріп, Алла Тағала алдындағы міндетіне мұқият болғаны абзал. Өйткені, Жаратушы Алла қасиетті Құран Кәрімде жаратқан құлдарына: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй- іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар»[3], – деп әмір етеді. Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «отбасына жауапты» деп міндеттеген ер-азамат тек өзінің құлшығын ғана құнттамай, жары мен перзенттерінің де құлшылыққа қырын қарамауына қам жасауы тиіс. Бұл жайында Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оларға мұсылмандықты үйретпесеңдер, олар үшін жауапты боласыңдар!»[4]– деп қатаң ескертеді.
Халқымыз «Қыз өссе – елдің көркі» деп, қыз баласына ерекше құрмет танытады. Ертеңгі күні бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетер анаға айналатын қыз ғұмырын жер бетін құлпыртқан гүлмен теңестіреді. Сондықтан да болар, «Ер бұзылса – отбасы бұзылар, Әйел бұзылса – ұлт бұзылар» деп, әйел затының қоғамдағы мәртебесін биіктете түседі. Ал, ұлттың діңгегін мықтап, ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне тікелей ықпал жасайтын кей аналарымыздың бүгінде қырық үйден тыйым көрмей өсіп, қырсығы қырық есекке жүк болған жайы бар. Бұған біреулер заманды кінәлі қылса, енді біреулері бар кінә адамның өзінде жатқанын айтады. Дегенмен, қоғамымыздағы бұл дерттердің түбірі тәрбиесіздіктен шығып жатқанын ескеруіміз қажет. Жастайынан ата-анасының айтқанымен жүріп, әр қадамын аңдап басқан бойжеткеннің болашақта байыппен амал қылып, бұрыс жолға түспесі анық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Арсыз әйелдер көбейсе, арсыздық қоғамда кеңінен етек алса, бұрын соңды болмаған шипасыз аурулар пайда болады»[5], – деген екен. Сондай-ақ, ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Тозақтағылардың мен көрмеген екі түрі бар: киінгені жалаңаш және ырғатылған, ауытқыған, бастары ұзын мойынды түйелердің бұлғақтаған өркештеріндей әйелдер. Ол (әйелдер) жәннатқа кірмейді, оның иісін де сезбейді. Ал, оның иісі пәлен-пәлен қашықтықтан сезіледі»[6], – деген екен. Бұл хадис жайында ертеректегі Ислам ғұламалары «киінгені жалаңаш» деген сөзінде не мақсат етілгенін түсінбеген көрінеді. Тек уақыт өте келе әйелдердің жартылай жалаңаш киіне бастағанында барып, «бұл – хадисте айтылған сипат» деп баға берген екен.
Алла Тағала әмірінен бас тартып, ашық-шашық киіну – әртүрлі күнәларға себепкер болатыны айтпаса да түсінікті. Көшедегілерді көз зинасын батырғанын былай қойғанда, ақыр соңында некесіз қатынас пен арсыздыққа да апарып жатады. Қазіргі кезде қоғамдағы «оң жақта отырып қарабет болғандар» мен жасанды түсік жасатқандардың саны күн санап көбейіп жатқаны да – «қызға қырық үйден тыйым» салмағанның жемісі емес пе?! Бұрындары қызын «пері соғып кетеді» деп түнде суға жібермеген қазақтың бүгінгі бойжеткендерінің түнгі клубтың еденін тоздырып жүргені де осы – «қырық тыйымның» жоқтығы. Қымсынуды ұмытқан қаракөздеріміздің көше бойында сүйісіп тұрғанына біздің қоғамның көзі үйреніп, еті өліп кеткендей көрінеді кейде. Шылымды бұрқыратып, сыраны сіміріп салудан кез келген еркекке дес бермейтіндер нәзікжыныстылардың да аз еместігін анық білеміз. Бұл айтылғандардың барлығы – қазіргі заманымыздың асқынып тұрған ауыр дерттерінің қатарынан. Дертке дауа іздесек, қызға қояр қырық тыйымды ұмытпағанымыз жөн!
[1]Ибн Мәжә, Ахмед.
[2]«Нұр» сүресі, 31-аят.
[3]«Тахрим» сүресі, 6-аят.
[4]Муслим.
[5]Байһақи.
[6]Муслим.