Көп адамдар Ислам діні адамды көп нәрседен шектейтін дін деп ойлайды. Шын мәнінде солай ма? Ойланып көрелік. Дінімізде тыйым салынған нәрселер саусақпен санарлықтай тым аз деуге болады. Күллі мүлік атаулының иесі Ұлы Жаратушы қалаған ісін жасауға құдіретті.
Алла тағала қаласа адамға тағам мен сусын секілді аса үлкен қажеттіліктерге тыйым салып, қиын жағдайда қалдыра алатын еді. Алайда әрбір ісінің астарында қаншама хикмет пен кеңшілік болған Алла бұлай жасамады. Ол харамның шекарасын өте шектеулі етті. Сонымен қатар адамға зиянды не болмаса зияны пайдасынан көбірек тағамдарды немесе істерді адам баласына харам етті. Құран аятында харам етілген ішімдік пен доңыз етінің «рижс» екендігі айтылып, оның зияндылығына ишара жасалған34, сонымен қатар ішімдіктің пайдасынан зияны көп екендігі баяндалған.
Алла тағала жаратылысты адам баласына бағынышты етіп, жер бетіндегінің бәрін адам үшін жасап қойды. Адамды жер бетінің халифасы етіп, ондағы бүкіл нәрсені қолдану құқығын берді. Осы тұрғыдан қарағанда жоғарыда да айтып өткеніміздей харам екендігіне қатысты нақты бір насс кездеспеген барлық нығметтер адам үшін халал және халалдың шекарасы харамға қажеттілік болмайтындай дәрежеде кең әрі адамның қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті. Себебі, Алла тағала орнын басатын халал нәрсе болмайынша ешбір нәрсені харам етпеген. Демек, әрбір харам етілген іс-әрекет пен нәрселердің орнын басатын халал баламасы бар деген сөз. Мысалы, ішімдік харам етілді, бірақ оның орнына су, сүт, бал, айран және одан да басқа неше түрлі жеміс шырындары секілді сусындар халал етілді. Жібектен киім кию харам етілгенімен, жүннен, мақтадан тігілген киімдер халал етілген. Дәл сол секілді зина харам етілді, алайда неке арқылы әйелмен жақындасуға рұқсат етілді. Кейбір жануарлардың етін жеуге тыйым салынғанымен, көптеген үй жануарлары мен жабайы жануарлардың етін жеуге рұқсат етілді. Сонымен қатар пайыз харам етілгенімен, сауданың небір түрі халал етілді.
Халалдың шеңбері харамға қажеттілік болмайтындай дәрежеде кең. Харамның саны шектеулі болғанына қарамастан, мүмін адам халал шеңберінен шығып, харамға қол созар болса, шектен шыққан болып есептеледі және Алланың азабына душар болады. Құранда Алла Тағала: «Ендеше, өздеріңе нәсіп еткен ризық-несібеміздің ең таза, адал һәм пайдалы болғанынан жеңдер. Алайда, бұл мәселеде (харамға қол созып, ысырапшылдыққа салынып) шектен шықпаңдар. Әйтпесе, сендерге ашуым түседі. Ашуым кімге түссе, ол, сөзсіз, құрдымға құлап, зауал табады» деп құлдарына харамға жоламауды және ақиретте азапқа ілігіп кетпеуді қатаң ескертеді.
Құран кәрімде халал мен харам туралы айтылған аяттарда бір нәрсені харам етіп, тыйым салу құзыретінің тек Ұлы Аллаға тән екендігі шегеленіп айтылған. Және бұл мәселеде шектен шығып, илаһи әмірге құлақ аспағандардың ісі айыпталады. Өйткені, бір нәрсені халал не харам ету құзыреті тікелей иман, таухид мәселелеріне қатысты. «Яһудилер өз хахамдарын (машайықтарын), христиандар болса, өз дінбасыларын Алланы былай қалдырып тәңір тұтты (яғни, Алланың үкімін былай қалдырып, солардың адал дегенін – адал, арам дегенін – арам деп қабылдады). Сондай-ақ христиандар Мәриямұлы Иса Мәсіхті де тәңір тұтты» аяты түскен кезде бұрын христиан дінінде болған Ади ибн Хатим Алла елшісіне келіп: «Уа, Расулалла! Олар бұл кісілерге құлшылық жасаған жоқ қой», – дейді. Сонда пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған былай деп жауап береді: «Иә, дұрыс айтасың. Бірақ олар дін басыларының харам дегенін харам, халал дегенін халал деп білді. Бұл олардың дінбасыларына құлшылық етуі болып табылады».
Құранда харам не халал ету құзыретінің тек Аллаға тән екендігін баяндаған негізгі аяттар мыналар: «Ақымақтық қылып һәм надандықпен өз балаларын өлтіргендер, сондай-ақ Алланың өздеріне берген адал ризығын («бұл Алланың үкімі» деп), Аллаға жала жабу арқылы харам қылғандар шүбәсіз, зиянға ұшырады. Олар сөзсіз, тура жолдан адасты һәм (мына түрлерімен) тура жолға түсуі (әрі екі дүниеде де мақсат-мұраттарына жетуі) мүмкін емес»; «(Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен) тілдеріңнің өтірік сипаттауымен «Мынау адал, мынау арам» деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам деп үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар, әсте, мақсат-мұраттарына жетпейді (оңбайды)»; «(Уа, Мұхаммед! Оларға): «Алланың құлдары үшін жаратқан адам көркі киім-кешекті және таза әрі пайдалы адал ризықтарды кім харам ете алады?» – де»; «Сондай-ақ оларға: «Алланың өздеріңе түсірген ризығының бір бөлігін арам, енді бір бөлігін адал қылып алғандарың қалай?» – де. Оларға: «Сендерге олай істеуге Алланың өзі рұқсат етті ме, жоқ әлде Алланың атынан жалған сөйлеп тұрсыңдар ма?» – деп айт»; «Уа, иман еткендер! Алланың сендерге адал еткен таза әрі денсаулыққа зиянсыз нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар һәм (оларды ысырап қылып) шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді».
Көріп отырғанымыздай, Құран харам не халал ету құзыретінің тек Аллаға тән екендігін ашық айтқан. Мейлі пайғамбарлар болсын, мейлі олардың ізбасары болып саналатын ғалымдар болсын, олардың бұл іске араласуға құқы жоқ. Себебі, пайғамбарларға халал не харам ету құзыретін Алла тағаланың өзі береді. Сондықтан да түптеп келгенде пайғамбарларда мұндай құзырет жоқ деуге болады.
Жоғарыда келтірген аяттардағы ескертпелерден тиісінше сабақ алған алғашқы толқын ғұламалардың көпшілігі үкімі насста нақты айтылмаған мәселелер төңірегінде пәтуа беру барысында «харам» сөзін қолданудан сақтанған. Имам Шафиғи өзінің «әл-Умм» атты кітабында Әбу Юсуфтың мына сөзін келтіреді: «Ілім иелерінен болған сондай ұстаздарды көрдім. Олар пәтуа беру барысында: «Бұл – халал, бұл – харам» деп айтуды жөн санамайтын. Олар тек Құранда нақты әрі кесімді түрде үкімі айтылған мәселелерде ғана осылай кесіп айтатын».
Ибраһим ән-Нәһәи де бұл мәселеде ғұламалардың ұстанымын былайша баяндайды: «Олар қандайда бір мәселеде пәтуа беретін кезде немесе бір нәрсенің тыйым салынғанын білдіруі кезінде: «Бұл – мәкруһ» немесе «Мұның ешқандай айыбы жоқ» деп айтатын. Себебі, «Мынау – харам, анау – халал» деп айту үлкен нәрсе». Ахмад ибн Ханбалдан қандайда бір мәселенің үкімі сұралғанда ол кісі: «Мұны құп көрмеймін» немесе «Мұны ұнатпаймын», не болмаса «Мұны жақсы көрмеймін» деген секілді сөздермен жауап беретіндігі айтылған.
Ханафи ғалымдарының үкімі насста нақты айтылмаған мәселелерге «харам» деуден сақтанғаны, оның орнына мәкруһ (тахриман) сөзін қолданғаны белгілі.
материал «Адал астың артықшылығы» кітабынан алынды,
ummet.kz