Абдуллаһ ибн Масғұд (Алла оған разы болсын):
«Ислам дінінің алғашқы кезеңінде Пайғамбар (с.а.с.) Қағбаның қасында намаз оқып жатты. Сол жерде Әбу Жәһл де жолдастарымен бірге отырды. Сонда олар бір-бірлеріне: «Қайсың пәлен рудың шұңқырындағы малдың ішек-қарнын әкеліп, сәжде жасаған кезінде Мұхаммедтің арқасына қоя аласыңдар?» – деп сұрады. Сонда олардың ішіндегі ең сорлысы атып тұрып, әлгі лас затты алып келді де, Пайғамбар (с.а.с.) сәждеге жығылғанда екі жауырынының ортасына қойды. Мен бұл жағдайды бақылап тұрдым. Өкінішке орай менің қолымнан ештеңе де келмейтін еді. Осыдан кейін олар ішек-сілесі қатқанша күліп, бір-бірлеріне қарай қисайды. Ал Алла елшісі (с.а.с.) болса сәждеде жатты, басын көтермеді. Ақырында қызы Фатима келді де оның (с.а.с.) арқасындағыны алды да, лақтырып тастады. Сосын Пайғамбар (с.а.с.) басын көтерді де: «Уа, Алла! Құрайыштың жазасын бер!» – деп үш рет дұға қылды. Құрайыштықтарға оның (с.а.с.) дұғасы қатты тиді. Өйткені олар бұл киелі жерде жасалынған дұға сөзсіз қабыл болатындығына сенетін. Сосын Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Әбу Жәһлдің, Ғұтба ибн Рабиғаның, Шәйба ибн Рабиғаның, Уалид ибн Ғұтбаның, Умәйя ибн Халафтың, Ғұқба ибн Әбу Муғиттың жазасын бер», – деп олардың есімдерін атап шықты. Жетіншісінің де есімін айтқан, бірақ қазір есімде жоқ. Жаным қолында болған (Аллаһ)пен ант етемін! Кейіннен Алла елшісі (с.а.с.) есімдерін атағандардың мүрделерін Бәдір құдығында көрдім», – деген.
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz