23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ұмытуға қатысты фиқһ мәселелері

Ұмытуға қатысты фиқһ мәселелері

Иман келтіру

а) Құрбандық шалғанда немесе аң аулау кезінде хайуанды өлтіргенде, Алланың есімін айтуды ұмытқан жағдайды айтсақ...

Имам Шафиғи (Аллаһ оған рақым етсін) құрбандыққа мал сойғанда Алланың есімін айту сүннет деп есептейді. Егер бұл жайт ұмыту себепті әдейі істелмеген болса, онда сойылған хайуанның еті желінеді. Айша (Алла оған разы болсын): «Бір күні адамдар Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Адамдар бізге ет әкеледі, ал біз олардың малды сойған кезде Алланың есімін айтқан-айтпағанын білмейміз», – деген. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Өздерің (Алланың есімін) айтыңдар да, жей беріңдер», – деді», – деген.

Имам Әбу Ханифа мен имам Мәлик, сондай-ақ имам Ахмадтар (Алла оларға рақым етсін) «Алланың есімін айту қажетті шарт, адам әдейі бұлай етпеген болса да, сойылған хайуанның етін жеуге болмайды» деген. Өйткені Алла Тағала: «Алланың аты айтылмай (бауыздалған мал етін) жемеңдер. Өйткені ол пасықтық», – деді.

Бұған тиесілі бірнеше нұсқаулар бар. Егер адам ұмытшақтығы себепті малды соярда Алла есімін айтуды ұмытса, жалпы пікір бойынша, малдың етін жеуге болады. Бұған дәлел осы тараудағы біз қарастырып отырған хадис болмақ.

Аңшылық кезінде өлтірілген хайуан туралы имам Әбу Ханифа, имам Мәлик және имам Шафиғи да (Алла оларға рақым етсін) осы пікірді білдірген. Ал имам Ахмад (Алла оған рақым етсін): «Егер (аңға) итті жібергенде немесе (оны) атқанда Алланың есімі әдейі немесе байқамай қалуы себепті айтылмаса, оның етін жеуге болмайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Итті жібергеніңде Алла есімін айтсаң, жеуіңе (болады)», – деген», – деді. Сонымен қатар Пайғамбар (с.а.с.): «Алланың есімін айтып, садақпен атып алған етті (хайуанның етін) жеуіңе (болады)», – деп айтқан.

Құрбандық шалу мәселесінде бұл аса міндетті емес. Себебі құрбандық шалу қатаң түрде, белгілі бір тәртіп бойынша, кеңірдегін кесу арқылы сойылады. Ал аң аулау кезінде хайуан кез келген жеріне оқ тию арқылы өлтіріледі және мұндай жағдайдың бәрінде Алланың есімін айту міндет болады.

ә) Намаз кезінде байқамай қалуы себепті айтылып кететін сөздер.

Имам Шафиғи мазһабындағылар «Мұндай жағдайда намаз бұзылмайды» деп есептейді, өйткені намазды бұзатын сөздер тыйым салынған сөздер, ал олардың адам ұмытшақтық себепті айтып қоятын сөздерге еш қатысы жоқ. Бір күні Пайғамбар (с.а.с.) бесін не екінті намазын орындап жатып алғашқы екі ракағаттан соң сәлем береді6 және сол кезде «Зүл-Ядәйн» деген лақап атқа ие адам Пайғамбардан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Сен бір нәрсені ұмыттың ба әлде намаз қысқарған ба еді?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Мен ешнәрсені ұмытқан жоқпын және намаз да қысқарған жоқ», – деген. Осыдан кейін ол сахабаларынан: «(Мәселе шынында да) Зүл-Ядәйн айтқандай ма?» – деп сұрайды. Олар: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) (қайтадан) алға өтіп, қалған екі ракағатты орындаған, ал намаз соңында екі сәжде жасап, сонан соң сәлем берген.

Бұл хадистегі нұсқау-ереже: Пайғамбарымыз (с.а.с.) намаз аяқталды деген оймен сөйлеп қойған және сахабалары (Алла оларға разы болсын) намаздың әдеттегі тәртібі өзгерген екен ғой деп сөйлеуге кіріскен, бірақ осыдан кейін Пайғамбармен (с.а.с.) бірге сахабалары да, жоғарыда айтылғандай қалып кеткен ракағат санын толықтырған. Бұл жайт намаз кезінде бөгде-бөтен сөздер аз айтылған жағдайларға қатысты.

Имам Мәликтің (Алла оған рақым етсін) нұсқауы осындай. Ал ханафилер намаз кезінде бөгде-бөтен сөздің айтылуының өзі-ақ намазды бұзатындығын және мұндай жағдайда байқамай қалу немесе әдейі сөйлеудің бірдей екендігін айтады.

б) Адамның ораза кезінде ұмытып ішіп-жеген және жыныстық қатынаста болған жағдайлары.

Ораза кезінде ұмыту себепті ішіп-жеп қоюға ғана жеңілдік жасалады. Бұл туралы арнайы нұсқаулар бар. Имам Ахмад (Алла оған рақым етсін) бұл туралы екі пікір айтқан. Барлық фақиһтердің пікірлері бойынша, ораза екенін ұмытып ішіп-жеген адам, парыз ораза кезінде болса, есіне түскен кезде ішіп-жеуін дереу тоқтатып, сол күннің аяғына дейін ішіп-жеуден тыйылуы шарт. Мұндайда оның сол күнгі оразасы бұзылмайды, оған жаңадан ораза тұту міндеттелмейді және күнәсін өтемейді. Бұған Пайғамбардың (с.а.с.): «Кім ораза кезінде ұмытып әлдене ішсе немесе жесе, ол (сол күні) оразасын соңына жеткізсін, өйткені оны Алла Өзі ішкізіп-жегізді», – деген хадисі дәлел бола алады.

Имам Мәлик (Алла оған рақым етсін): «Егер парыз ораза болса, оны басқа күні ораза тұту арқылы орнына келтіру керек. Мұндай жағдайда өтеу амалдары міндетті емес, өйткені бұл ұмытуы себепті белгіленген уақытында намазды орындамаған кісінің жағдайына ұқсас», – деді.

Имам Мәлик: «Кім өзінің ықтият болмауы немесе ұмытуы себепті рамазан кезінде не міндетті болған ораза кезінде бір нәрсені жеп немесе ішіп қойса, онда басқа күні ораза тұту арқылы бұны орнына келтіру қажет», – деп пікір білдірген.

Яғни оның қарастырылып отырған хадисті нәпіл оразамен байланыстырып отырғаны анық, өйткені ол тағы: «Кім нәпіл ораза кезінде ішіп-жеп қойса, мұндай оразаны қайта тұтуы керек емес. Ол осы оразасын үзбей аяғына жеткізсін», – деген.

Имам Әбу Ханифа, имам Шафиғи және имам Мәлик (Алла оларға рақым етсін) ішіп-жеп қоюға қатысты мәселелер ораза кезінде жыныстық қатынас жасағандарға да бірдей дәрежеде тиісті деп есептейді. Ал имам Ахмад (Алла оған рақым етсін) қателесу не ұмыту арқылы ішу, жеу оразаны бұзады және ол адам оразаны қайта тұтуы тиіс деп есептейді, ал өтеу амалдарының қажеттігі туралы оның екі пікірі келтірілген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: