06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Аллаға сену үшін, Оны көру қажет емес

Аллаға сену үшін, Оны көру қажет емес

Иман келтіру

Аллаға сену үшін оны көру шарт емес. Мұны кейбір мысалдармен түсіндіріп өтуге тырысайық. Бұйырса, бұл мысалдар теңізге түскен тамшыдай, сұрақтарыңа түсініктеме береді.

Кел, екеуіміз сурет көрмесіне барып келейік.

Қарасаң, не деген керемет суреттер салынған. Мына үстелдің үстіндегі алтын түсті құмыраға қарашы. Оның ішіндегі бәйшешек гүліне қара. Бәйшешектің үстінде көкпеңбек аспан, көкпеңбек аспанда жүйткіген бұлттар, қанаттарын қағып бара жатқан құстар... Ұзақтан шағылысқан сарғыш егін даласы...

Енді саған сұрақ қояйын. Кейбір сұрақтар ыңғайсыз болса да, сен жауап бер.

– Бұл сурет қаншалықты әдемі?

– Өте әдемі екен.

– Бұл суретті кім салған, кім жасаған?

– Әрине, бір суретші салған.

– Оның салып жатқанын көрдің бе?

– Жоқ.

– Олай болса, бұл суретті біреу салғанын қайдан білесің?

– Өйткені басқа жолы жоқ. Мұндай суретті суретшілер ғана салады ғой...

– Көрмесең де сенесің бе?

– Мен суретті көріп тұрмын, бәйшешектер, құмыра, көкпеңбек аспан, құстар, бұлттар, егін даласы. Бұлар өздігінен салынбайды ғой...

– Бұл қалам мен бояулар сол жерде жылдар бойы тұрса, осындай сурет салынып қалуы мүмкін ғой?

– Сұрақтарым ыңғайсыз болады дегенсің. Бірақ мұншалық қыңыр сұрақты күтпеген едім. Қалам мен бояу өз бетінше бұл суреттің бір шетін де жасауы мүмкін емес!

– Бәлкім, суретші бұл суреттің бір жеріне орналасқан шығар?

– Не деп кеттің? Тоқтат болды! Суреттің ішінде суретшінің не ісі бар. Ол суреттің сыртында болғаны үшін осы сурет салынды емес пе?!

– Жақсылап ойланып көрші. Қалам не бояулардың бірі суретші болып жүрмесін?

– Олай деме! Бұл қалам, бояулар миллиардтаған жылдар бойы тұрса да, бұл суретті сала алмайды. Өйткені олар жансыз, күшсіз! Өзінен басқа біреуге мұқтаж...

– Өте әдемі жауап! Кел, енді бұл көрмеден сыртқа шығайық.

– Қарашы, қай жерге алып келдім? Бұл дөңнен бәрі көрінеді. Көкпеңбек аспан, жайқалған егін даласы, қалқыған бұлттар. Бұлттармен жарыса ұшқан құстар... Жайқалған шөптер, өзен бойлап күнге жүзін қаратып тұрған бәйшешек гүлдер... Бұл жер біраз бұрын көрген суретке ұқсас па екен?

– Иә, бірақ бұл жерді ол суретпен салыстыруға келмейді. Қандай әдемі!

– Бұл жер әдемі ме әлде сурет пе?

– Әлбетте, жер әдемі.

– Демек, бір сурет өзінен өзі салынбаса, мұндай әдемі жер өзінен өзі жаралуы мүмкін бе?

– Әлбетте жоқ! Бұлардың бәрін Алла...

– Тоқта! Асықпа, айналаңа жақсылап қара. Үндемей мені тыңдап ал. Мына алтын сабақты түймедаққа қарап көрші. Жапырақтарын санайық. Түсіне қарайық, ортасындағы сары түс, шеткі ақ жапырақтарына қандай әдемі жарасып тұр! Ал енді жасыл шөптердің арасынан өсіп шыққаны мынадан да әдемі. Қарасаң, кейбір гүлдерінің ішінде бал аралары билеп ұшып жүр. Құжынаған құмырсқалар бірінен кейін екіншісіне аттап өтіп бара жатыр. Терең-терең дем алсаң, қандай аңқыған хош иіс, нәзіктігі қандай десеңші...

Арттағы әлсіз қызғалдаққа қара, мұндай өңді басқа жерден көрдің бе? Ұшып-қонып жүрген көбелекке қарашы! Қанаттарына жақыннан, мұқият зер сал. Оның қанаттары өте нәзік. Кел, мына гүл жайнаған жерден аспанға бір қарап көрейік. Түймедақтар сияқты аппақ болған бұлттар, көкпеңбек аспанға көтеріліп қалқып бара жатыр. Ұшып жүрген шіркейлер, көшіп-қонып жүрген инелікке қара. Анау өзеннің арғы жағында егін даласы бар. Оның арғы жағында тау бауырлап өскен тоғайдың тамаша көрінісіне қарашы. Бау-бақшалардың көркемдігіне көз тоймайды!

Енді айтшы:

Жай бір суретті «ешқашан суретшісіз пайда болмайды» дейсің. Мұндай әсемдіктер, көркем табиғат өзінен өзі пайда болды деп айта аласың ба?

– Жо-жоқ, ешқашан! Бұлардың бәрін Алла Тағала жаратқан.

– Ал бірақ Алла Тағаланы көрген жоқсың ғой?

– Қандай айырмасы бар! Оның жаратқан гүлдерін, көк аспанды, араларды, көбелектерді көріп тұрмын ғой. Гүлдердің аңқыған иісін сезіп тұрмын. Олардың нәзік жапырағын ұстай аламын. Бұлттарды көріп тұрмын. Құстардың қанат қағысына, қонып қайта ұшқанына көз салудамын. Алланы көрмесем де, көргендей сеніп тұрмын! Бұлардың бәрі, жер жүзіндегі шеберлікпен жасалған табиғат – бәрі бір Аллаға тән!

материал «Алланы танығым келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: