«Өз ісімді таба алмай жүрмін» деген сөз таныс шығар?
Әсіресе, коучтарды тыңдап, мотивациялық кітаптарды оқитын адамдарға жақын бұл тақырып. Өз ісіңді іздеуге болады. Түрлі техникалар бар. Мысалы, Майерс-Бриггс, Томас тесттерінен өтіп, өз психотипіңді, неге бейім екеніңді анықтай аласың. Бұл - сенің табиғатың. Сондай-ақ өзіңе сұрақтар қойып, «икигай табу» техникасын да қолдансаң болады. Өзгелерден «артықшылықтарымды, мықты тұстарымды айтшы» деп сұрасаң да, пайдалы боп қалар. Бірақ бұл процесс ұзақ болуы мүмкін. Себебі, ананы көресің, ұнамайды, мынаны көресің, одан да көңілің қалады. Сөйтіп «әр істің басын шалғаның - нәтижесіз қалғаның» болады.
Мен басқа нұсқа ұсынып көргім кеп тұр. Педагог-тренер Ескендір Бестайдан естігенім. Идеясы ұнады. «Өзіңді іздемей, өзіңді қалыптастыр» дейді. Өзіңді қалыптастыру - белгілі бір миссия жолында өзіңді шыңдау. Мысалы, кезінде Әлихан Бөкейханов Мағжан Жұмабаевқа педагогика жайлы кітап жазуды тапсырды. Мағжан - ақын, педагог емес. Бәлкім, бұл саланы анау айтқандай сүймеген де шығар. Бірақ сол кезде қазаққа педагогика, бала тәрбиесі жайлы білім қажет болды. Сол миссия жолында Мағжан «Педагогика» деген кітап жазды. Әрине, ізденді, өзін шыңдады, өзгерді. Нәтижесінде, сол туынды қазақ педагогикасының классикасына айналды.
Тағы бір мысал. Қаныш Сәтбаев өте алғыр боп өсті. Сол заманда болашағы зор заң саласына бейімділігі бола тұра, геологияға бет бұрды. Себебі, қазақ жерінің байлығын зерттейтін адам қажет болды. Нәтижесінде ұлы геолог ғалымға айналды. Бүгінде ол кісінің атында планета бар.
Мидың жұмысы жайлы біраз кітап оқыдым. Адам ой еңбегінің нәтижесінде өз бойында кез келген қабілетті дамыта алатынына көзім жетті. Табиғатынан гуманитарий адам мықты технарьға айнала алады және керісінше.
Мүмкін бізге өзімізді іздей бермей, бір үлкен миссия жолында қалыптастыру дұрыс шығар?!
материал «Лайфхактар. Өміріңді өнімді өткіз.» кітабынан алынды,
ummet.kz