27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Жындардың атасы «Жан» ба? Қазақша «жан» деп айтуға болмай ма?

Жындардың атасы «Жан» ба? Қазақша «жан» деп айтуға болмай ма?

Пәтуа all

Адамзаттың атасының аты – Адам пайғамбар, ал жындардың атасының аты «Джанн» дейді. Сол қаншалықты рас? Өйткені, біз жарымыз екеуміз бір-бірімізге «Жан» деп сөйлейміз. Сол видеоны көріп, біртүрлі болып қалдым. Себебі, отағасын атымен атамауға үйреніп қалдым. 

Деректерге сүйенсек, адамдардың атасы – Адам ата болса (ғалейһиссәләм), жындардың атасы – Ібіліс делінген. Ібіліс - Адам атадан бұрын жаратылған.

Бұған қатысты Имам Табари өзінің тәпсірінде: «Ібіліс – жындардың атасы» - десе[1], Хадисші ғалым әл-Асқалани: «Ібіліс – барлық жындардың атасы» дейді[2].

Жындардың атасы Ібіліс, ал жындар оның ұрпағы екендігін мына аят-и шарифтен де ұғынуға болады:

«Менен өзге Ібілісті және оның ұрпақтарын, олар сендерге дұшпан бола тұра, дос тұтасыңдар ма?»[3]  

Ендеше, жындардың атасы Ібіліс малғұн болса, «Жанн» деген кім?

Жанн – Ібіліс шайтанның басқа бір атауы. «Көзге көрінбес», «жасырын» деген ұғымды білдіретін "жын" сөзінің басқа бір нұсқасы (ملح مالح қалыбында). Шайтан көзге көрінбейтін болғандықтан, солай да аталған. Өйткені Құранда Шайтанның жындар тобына жататындығы ашық білдіріледі. (Бұдан бөлек жын сөзінің көпше түрі де «жанн» деп келеді, әрі жер бауырлап жүретін жыланға да араб тілінде «жан» делінеді).

Құран аяттарына назар салар болсақ, Құранда Ібіліс шайтанның оттан жаратылғаны анық айтылған. Шайтан: «Сен мені оттан жараттың, ал адамды топырақтан жараттың»[4]деп, Адам атаға сәжде жасамай қойғаны мәлім. Енді, Құранның басқа аятында адам мен шайтанның жаратылысы жайында сөз етіле келе: «Шынында адамды балшықтың сыңғырлаған құрғағынан жараттық. Ал «Жаннды» болса, бұрын түтінсіз оттан жараттық», - делінеді[5]. Осы аятта Ібіліс шайтанды «Жанн» деп атап отыр. Табиғин ғалым, Хасан әл-Басри осы аяттың тәпсірінде былай деген:

«Яғни, Ібілісті Алла Адам ғалейһиссәләмнан бұрын жаратып, көзге көрінбейтіндігіне қарап оны «жанн» деп атады»[6].

Хасан әл-Басридің бұл сөзін тәпсірші Ибн Кәсир «Сахих иснадпен» жеткен деп баға береді.

Ал, «Жанн – жындардың атасы» делінген риуаят жоқ па, десеңіз, ондай риуаят бар. Кейбір риуаяттарда сахаба Абдулла ибн Аббастың «Жанн – жындардың әкесі» дегендігі келтіріледі, бірақ бұл жерде Ібілісті айтып тұрғанын анық байқауға болады. Себебі, дəл сол сахабаның басқа бір сөзінде: «Ібіліс – жындардың әкесі» дегендігі риуаяттарда бар.

Қорытындылай келе, көпшілік ғалымдардың тұжырымынша жындардың атасы – Ібіліс. Ал "Жанн" болса, оның басқа бір атауы. Шайтанның көзге көрінбейтін ерекшелігіне қарай және жынға теңеп аятта солай атаған.

Ендігі жерде, қазақ тіліндегі «жаным», «жан» деген сөздерді айтуға бола ма? - десеңіз, әрине болады. Қазақ тілінде жан – адамның рухын, жанын білдірсе, жаным деп, әлдебіреуді еміреніп, жақсы көргенде қолданамыз. Адамға ең қымбат - жаны болғандықтан жақсы көретін адамды солай атап жатамыз. Сондай-ақ, «жаным» дегенді қысқартып «жан» деп те айтатынымыз бар. Олай да, қате емес. Оның «жын» сөзіне еш қатысы жоқ.

"Жан сөзін араб ұлтты адамға қарасты айтпа" десек, ақылға қонады. Өйткені, қазақ тілінен мүлдем хабарсыз, қазақша түсінбейтін бір арабқа «Жанн» делінсе, қате түсініп қалуы мүмкін. Ал қазақ тілділерге олай айтудың еш ағаттығы жоқ. 

 

[1] Тәпсирут Табари: Хижр сүресі, 27 аят.
[2] Ибн Хажар әл-Асқалани: әл-Фәтх.
[3] Әл-Кәһф сүресі, 50 аят.
[4] Сод сүресі, 76 аят.
[5] Хижр сүресі, 26, 27 аяттар.
[6] Құртуби тәпсірі: Хижр, 27 аят тәпсірі.

материал «Заман тудырған сұрақтар, І том» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: