Хақ Тағала өзге жаратылысқа қарағанда тұрпаты бөлек, айрықша артықшылар беріп жаратқан хазірет Адамға бүкіл заттардың есімдері мен сипаттарын үйретті.
Ол жайлы Құран кәрімде былай дейді: «Алла Адамға (а.с) барлық атауды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», - деді. Періштелер: «Сен пәксің! Біз сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білушісің, өте данасың», - деді». Осы уақытта Ұлы Жаратушы: «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет, - деді. Сонда (Адам а.с) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Алла: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?» - деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай, періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі адамның ең ұлы міндеті – Алланы танып-білу.
Осылайша Алла тағала періштелерге қарағанда Адамға мол ілім беріп, мәртебесін жоғары етіп жарату арқылы оның халифалыққа лайықты бірден-бір жаратылыс иесі екендігің аңдатады. Әлбетте, адам баласы ілімімен былайғы жаратылыстан үстем. Адам баласының халифа деген атқа лайықты болуының басты шарты – ілімді меңгеріп, пайдасына жаратуы. Міне, сонда ғана адам баласы Алла тағаланың үкімдері мен шариғат шеңберінен шықпай өмір сүре алады. Ал періштелерде мұндай қабілет пен қасиет жоқ. Негізінде, адам білген жаратылыс құпиясының шет жағасын періштелер де білетін. Алайда Адамның мерейі олардан бәрібір үстем. Мұның себебі, періштелерге қарағанда есімдерді көбірек біледі, һәм ғаламзат пен Хақ Тағаланың барлық есімдерінің ақиқатына бойлай алады. Ол – жұмыр жердің бірден-бір халифасы. Халифалықтың шарты тек қана құлшылық етумен және күнәлардан сақтанумен шектелсе, жер бетіне періштелер әлдеқашан хадифа болар еді ғой. Сонымен қатар, Алла тағаланың хазірет Адамды жер бетіне халифа етіп тағайындауына оның өзге жаратылыс иелерінен үстем ететін төрт артықшылыққа ие болуы себеп болды:
1. Оны Алла тағаланың өз құдірет қолымен жаратуы;
2. Адамға Алла тағаланың бізге беймәлім Өз рухынан үрлеп, жан бітіруі;
3. Хақ тағаланың күллі періштеге оған сәжде етуге әмір беруі;
4. Хақ тағаланың оған барлық есімдерді үйретуі;