23
Сенбі,
Қараша

һижри

Сүйіншілеуші пайғамбар - 2

Сүйіншілеуші пайғамбар - 2

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Інжіл

Алла Тағала Исрайыл халқының арасына жіберген соңғы елші Исаға Інжілді түсірді. Құран осы Інжілдің бес түрлі ерекшелігін айтады:

  1. Һидаят – тура жол болуы. Сол заманда Исрайыл ұрпағы арасында ақида-сенімі бұзылғандар көп болатын. Міне, Інжіл кітабы осы сенімнің негізгі тіректерін баяндайды.
  2. Інжілдің нұр болуы. Адамдарды бақытқа жеткізуге арқау болғандықтан ол кітап тұтастай нұр болатын.
  3. Тәуратты растауы.
  4. Інжілдің хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с) келетіні туралы сүйінші хабар беруі.
  5. Інжілдің тақуаларға насихатшы болуы. Інжілде көптеген насихаттар мен өнегелер бар.

Сөйтсе де Інжілді адамдар өз қалауына қарай өзгертіп, бұрмалаушылықтарға жол берген.

Хауарилар

Бір деректе хазірет Исаға бар-жоғы он екі адам ғана ергені айтылады. Құран осы кісілерді «Хауари» деп атайды[1]. Хауари сөзі «ақ», «ізгі» және «дос» деген мағынаға саяды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) хазірет Зүбәйір ибн Әууам туралы: «Әр пайғамбардың хауариы болады. Менің хауариым – Зүбәйір», – дейді[2].

Иса пайғамбардың хауарилары өзіне аса сенімді һәм берік жандар еді. Хақ пайғамбар оларды жан-жаққа жіберу арқылы халықты дінге шақырып отырған. Бірде хауарилар хазірет Исадан: «Уа, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» – деп сұрайды. Бұл, әлбеттте, хауарилардың жаңадан иман келтірген кездері болатын. Әр мұғжиза олар үшін өте қызық еді. Хақ пайғамбар оларға: «Егер шынайы мұсылман болсаңдар, Алладан қорқыңдар. Мұндай нәрсені әсте талап етуші болмаңдар. Өйткені мұндай талаптар Хақ Тағаланың құдіретіне және менің пайғамбарлығыма күмән келтіру болып есептеледі», – дейді. Сонда хауарилар: «Жо-жоқ, біз де әсте ондай ниет те, ой да жоқ. Біз бар болғаны сол дастарқаннан дәм татқымыз келді. Сонда жүрегіміздегі иман берік болып, сенің айтқандарыңа терең сенеміз», – деп жауап береді.

Хақ пайғамбар олардың шынайы ниеттерін аңғарып қатты қуанып, Хақ Тағаладан осыны тілеуге шешім қабылдады. Ол қолын жайып: «Я, Раббымыз! Бізге аспаннан дастарқан түсір! Бұрынғы, соңғымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең жақсысысың»[3], – деп дұға етеді. Хақ Тағала: «Күдіксіз, Мен сол дастарқанды әлбетте түсіремін. Егер осыдан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын»[4], – дейді. Бір деректе дастарқанның түскен күні жексенбі күні еді дейді. Дастарқан түрлі нығметтерге толы болды. Хауарилар осы нығметті тойғанша жеп, шүкіршілік білдірді. Кейіннен осы күнді хауарилар мереке күні етіп жариялайды[5].

Иса пайғамбардың көкке көтерілуі

Иса (ғ.с.) Исрайыл халқын үш жыл бойы ақиқатқа шақырғанда, бар болғаны ат төбеліндей ғана адам иман келтірді. Ал қалған қара ниеттілер, әсіресе, көсемдер мен байлар, дін өкілдері бәрі ауызжаласып, ақылдасып, оны өлтірудің жолын қарастыра бастады. Осы мақсатта яһудилер Исаны (ғ.с.) тұс-тұстан іздестіре бастағанда, оларға хабар айтып, өзінің екіжүзділігін әшкерелеген адам он екі хауаридың бірі болды. Ол «Тауып бергеніме пәлен ақша бересіңдер» деп ақшасын алған соң, оларды пайғамбар отырған үйге бастап келді. Есікті ашып «іздеген Исаларың осында» деп табалдырықтан аттап, бірінші болып ішке енеді. Бұл кезде Иса (ғ.с.) олардың келетінін алдын-ала білген еді. Сол себепті дұға оқыды.

Алла Тағала оның бұл соңғы дұғасын қабыл етіп: «Ей, Иса! Сені Өз тарапыма көтеріп алмақпын. Қарсыластарыңнан құтқарам. Саған ілескендердің мерейін қияметке дейін олардан үстем қыламын. Соңында қайтар жерлерің Мен жақ! Сонда таласқан нәрселеріңе үкім беремін!» – дейді. Әлгі мұнафық ішке кірген кезде, Жәбірейіл періште пайғамбарды өзімен бірге көкке көтеріп алып кетеді де, Алла Тағаланың құдіретімен әлгі мұнафықтың бейнесі Исаныкінен (ғ.с.) аумай қалған болатын. Еріп келгендер мұнафықтың даусы шыққан бөлмеге кіргенде, «Иса міне отыр, міне отыр» деп тұрған Иса пайғамбар бейнесіндегі біреуді көреді. Олар оны бірден тарпа бас салады. «Өзіңді-өзің басқа жақтан іздеп, бізді тағы ақымақ қылғың келген екен!» – деп кіжінеді. Оның жан даусы шыға «Мен сіздерді бастап келген адаммын ғой!» – дегеніне қарамайды. Кейбір деректерде бұл мұнафықтың аты Тайтанос болғандығы айталады. Олар Тайтаносты айқыш ағашқа керіп байлап өлтіргелі жатқанда, ол соңғы сөзін айтып: «Маған сенбесеңдер, қалтамды қараңдар. Берген ақшаларыңды көресіңдер», – деп жалынады. Қандары қарайған топ оның сөзін елемейді де. Алайда әбден қинап өлтіргеннен кейін, қалтасын қарағанда, расында да, өздерінің ұстатқан ақшаларын көріп қатты таңғалады. Сол кезде ғана істің мән-жайы басқаша болғанын аңғарады. Дереу Тайтаносты іздей бастайды. «Ең алдымен үйге сол бастап кірді. Біз үйді тінтіп шыққанда, Исадан өзге ешкімді көрмедік. Егер ол анық Иса болғанда, бізге оны ұстап берген Тайтанос қайда кетті? Ал бұл Тайтанос болса, онда Иса қайда кетті? Ақша дар ағашына шегелеп өлтірген адамның қалтасынан шыққанына қарағанда ол Иса болмағаны ма? Сонда ол көкке ұшып кетті ме?» – деп бастары қатады.

Құранда ол туралы: «Тағы да «Алланың елшісі Мәриямұлы Иса Мәсихты өлтірдік!» дегендіктері... Негізінде, олар оны өлтірген де, асқан да жоқ. Бірақ көздеріне ұқсасы көрсетілді. Расында, оның пайғамбарлығы туралы сөз таластырғандар өлтіру туралы да сөз таластыруда. Бірақ олар күмәннің ғана жетегінде. Олар оны анық өлтірмеді. Алла оны өз тарапына көтерді. Алла өте үстем, хикмет иесі» деп, хазірет Исаның өлтірілмей көкке көтерілгендігі жайлы ақиқат баяндалған[6].

Иса пайғамбардың дүниеге әкесіз келуі қандай таңғаларлық мұғжиза болса, оның көкке тірідей көтеріліп кетуі де дәл сондай мұғжиза. Көкке көтерілген пайғамбар күндердің күнінде жер бетіне «Дәжжал» (Тажал) келіп, адамзатқа бұрын-соңды болмаған зұлымдық жасаған шақта Хақ Тағаланың әмірімен жерге түсіп, сол Тажалмен соғысып, жеңеді. Бұған қоса бұзылған христиандарды да түзейді. Шоқынған крестерін сындырып, доңыз етін жеуге тыйым салып, оларды иманға келтіреді. Бұл туралы елуден астам сахих хадис бар. Әйтсе де хазірет Исаның жер бетіне қашан және қалай түсетіні туралы нақты деректер жоқ. Анық ақиқаты Жаратушыға ғана аян.

Иса пайғамбар (а.с.) отыз жасында пайғамбар болып, отыз үш жасында көкке көтерілді. Осы үш жыл ішінде ол өз міндетін кемшіліксіз атқарып кетті. Өзінен кейін соңғы пайғамбар – хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) келетінін де зор қуанышпен сүйіншіледі.

Хазірет Исаның ақырғы пайғамбар туралы хабар беруі

Фарақлит

Иоанн Інжіліндегі бір аятта: «Мәсих: (Иса) «Мен – менмін. Мен сендерге Тәуилді әкелетін Фарақлитті жіберу үшін сендердің Рабтарыңа кетемін», – деп баяндалған. Фарақлит – хақтың рухы, оның мағынасы ақиқат пен жалғанды бір-бірінен толық ажыратушы дегенге келеді. Алла Елшісі – ақиқаттың рухы. Өйткені өлі жүректер Оның әкелген шындық шырынымен ғана тіріліп, бүршік жарды. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін аянбай күресті. Хақ пен жалған ұғымдары бір-бірінен тек осындай бір күрес пен күш-жігердің арқасында ажыратылады. Хазірет Мәсих хабар берген Фарақлит келіп жетті. Ол – Алланың ақырғы елшісі, екі әлем Сардары хазірет Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уәсәлләм). Иоанн Інжілінде: «Егер мені жақсы көрсеңдер, әмірлеріме бас иіңдер! Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы ақиқат рухын (Фарақлитті) береді», – делінеді (Иоанн, 14-бап, 15-16 аят).

Енді кезекпен төмендегі аяттарға назар аударайық: «Фарақлиттің Рухул-Қудус болғанының ерекшелігі сонда – Рабб Оны менің атыммен (яғни, пайғамбар етіп) жібереді. Ол сендерге барлық нәрсені үйретеді. Әрі менің сендерге үйреткендерімді де қайта еске салады» (Иоанн, 14-бап, 26-аят).

«Фарақлит келген кезде, мен үшін куәгер болады. Сендер де маған куәлік етіңдер» (Иоанн, 14 бап, 26-аят).

«Мен сендерге хақты айтамын. Менің кетуім сендер үшін жақсы. Өйткені мен кетпесем, Фарақлит сендерге келмейді. Бірақ мен кетсем, оны жіберемін» (Иоанн, 16-бап,7-аят).

«Фарақлит келген кезде, барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларды тәрбие етеді» (Иоанн, 16-бап, 8-аят).

Інжілдің негізгі түпнұсқасы көне еврей тілінде, кейін грек тіліне аударылды. Біздің қазіргі қолымыздағы арабша аудармалар грек тілінен тәржімаланған. «Фарақлит» – грек тіліндегі «ақиқатты айқындаушы» сөзінің арабша баламасы, яғни араб тіліне аударылып, осы тілге енген сөз[7]. Иоанн Інжілінде: «Мәсих (Иса) былай деді: Мен енді сендер­мен сөйлеспеймін. Өйткені бұл әлемнің басшысы келе жатыр. Онда бар нәрсе менде жоқ» – делінген (14/30). Ендеше бұл жердегі айтып отырған «Фарақлит» ақырғы пайғамбар – хазірет Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) еді.

Хазірет Исаның пайғамбар болып келуінің бір сыры – адамзатқа жіберілген ақырғы пайғамбарды сүйіншілеу болатын. «Саф» сүресіндегі мына аят та осыны қуаттайды. «Сол уақытта Мәриямұлы Иса: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Шын мәнінде, мен Алланың елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмәд» атты пайғамбарды айтып сүйіншілеймін», –деген еді»[8].

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Маида» сүресі, 47

[2] Бухари. Жиһад, 40; Муслим. Фәдәилус-сахаба, 48

[3] «Маида» сүресі, 114

[4] «Маида» сүресі, 115

[5] Сабуни, Нубууә, 262-бет

[6] Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Ахмед Бәһжәт, Әнбияуллаһ,

355-362 беттер

[7] Ф.Гүлен, Ғаламның рақым нұры (ауд:Ахмет Әшен), Алматы. 2007. 67-68-беттер

[8] «Саф» сүресі, 6

Бөлісу: