29
Жұма,
Наурыз

һижри

Жетпіс түрлі ауруға ем көкөніс

Жетпіс түрлі ауруға ем көкөніс

Дін және ғылым
Жарнама

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірқатар хадистерінде сарымсақтың өте пайдалы екендігін, оны емге жарату керектігін білдірген: «Сарымсақ жеңдер, сонымен емделіңдер. Өйткені ол жетпіс түрлі ауруға ем»; «Сарымсақ немесе пияз жеген кісі  (иісі кеткенше мешіттерімізге жоламасын, үйінде отырсын)».

Кейде Расулуллаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкөністен жасалған тамақ әкелінгенде, алдымен иісін байқап, неден жасалғанын сұрайтын. Қай көкөніс түрі екенін анықтап, өзі жемейтін болса, жанындағы сахабаларының біріне беретін. Әлгі сахабасының сәл тартынғанын байқаса: «»Сен маған қарама, же. Өйткені мен сен секілді емеспін, сен сөйлеспейтін- дермен (періштелермен) тілдесемін», - дейтін.

Сарымсақ - пияз тұқымдастар тобына жататын көпжылдық шөп тәріздес өсімдік. Өнімді топырақтың астына салады. Топырағы жұмсақ әрі құнарлы болса, сарымсақтың басы да үлкейе түседі. Басы бірнеше бөліктерден қүралады. Дәмі ащы, иісі өткір. Күздік және жаздық деп бөлінеді. Көкөніс ретінде ас мәзірінде бұрыннан көп қолданылады. Әсіресе, Шығыс және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдерінің, сондай-ақ, Жерорта теңізі тағамдарының негізгі қоспасы. Көне мысырлық папирустарда да сарымсақтар жайлы мәліметтер кездескен.

Қызықты мәліметтер

Ертеде римдіктер мен гректер сарымсақ жеген әскер батыл әрі өжет болады деп сенген. Тіпті, Олимп ойындарына қатысатын атлеттер де бұдан шет қалмаған. Мысырлық әйелдер балаларын ішек құрттардан сақтау үшін мойындарына сарымсақ іліп қоюды әдет еткен екен.

Пирамидаларды салып жатқан жұмысшыларды түрлі аурудан қорғау үшін оларға пияз бен сарымсақ қосылған тағамдарды көп жегізген. Сарымсақ жеу олардың жұмысқа деген қабілеттерін арттырған көрінеді. Бүл жайында б.з.д. 450 жылы Мысырға саяхат жасап, Хеопс пирамидасын тамашалаған көне грек тарихшысы Геродот мынадай естелік жазып қалдырған:

«Пирамидада көне Египетке тән белгілермен таңбаланған жазбалар сақталыпты. Онда пирамиданы салып жатқан уақыттарда жұмысшылар тұтынған ащы көкөністер: шалқан, пияз бен сарымсақтардың мөлшері көрсетіліпті. Менің жақсы есімде, әлгі жазбадағы таңбаларды түсіндіріп тұрған аудармашым бір мезет қатты таңғалған кейіпте: «Білесіз бе, жұмысшыларға пияз бен сарымсақ алуға жұмсалған ақша тұп-тура он алты мың күмісті құрапты», - деген еді.

Қытай халқы сарымсақты ас қорыту мен тыныс алу жолдарындағы ауруларды емдеуге, оба мен тырысқақ індеттерінен қорғануға, әйелдердің етеккір циклі бүзылған кезде, тері ауруларына, ревматизмге, авитаминозға қарсы пайдаланса, әлі де көп ұлттар сарымсақты жылан шаққанда, удың әсерін кетіруге жаратуда. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де әскерлерге көбірек сарымсақ жегізу арқылы оларды жұқпалы аурулардан қорғау тәжірибесі іске асырылған.

Құранда не дейді?

Алла Тағала Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қауымын түрлі сынаққа салып, 40 жыл шөлде қаңғыртқаны белгілі. «Көктен бізге тамақ түссін» дегенде, оларға үнемі бөдене еті мен мәннә шырыны түсіп тұрған. Бірақ біршама уақыттан кейін әлгі қауым қайта баяғы әніне басады. Өздері бұрын көп тұтынған көкөніс түрлерін, жеңсік астарын аңсайды. Тамақтың бір түрінен жалыққандарын айтып, Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) шағымданады. Осы оқиға баяндалғанда аяттағы көкөністер қатарында сарымсақ та аталған: «Қане, сендер былай деп едіңдер: Әй, Мұса, тамақтың бір-ақ түріне енді төзе алмаймыз. Біз үшін Раббыңа дұға ет, бізге сәбіз, асқабақ, сарымсақ, жасымық пен пияз секілді жер өнімдерінен берсін».

Құрамы

Жаратушы Иеміз сарымсақтың құрамын өте бай етіп жаратыпты. Зерттеушілердің айтуынша, оның құрамында В және С тобына жататын дәрумендер, хлор, темір, фосфор, йод, марганец, кальций, мыс, магний, көмірсулар және тағы да басқа микроә- лементтер көп. Басым бөлігі судан, көмірсулар мен ақуыздардан тұрады. Селен, А, В1, С, РР дәрумендері де кездеседі. Аздаған мөлшерде майлар да жоқ емес. Солардың бірі - әфир майы. Ма- мандардың айтуынша, 100 г сарымсақта - 150 ккал бар.

Қалай қолдану керек?

Сарымсақты негізі шикідей жеген пайдалы. Сарымсақтың өткір иісін артынан алманы, жалбыз жапырақтарын, балдыркөк- ті шайнау арқылы немесе сүт ішумен кетіруге болатындығы айтылады.

Швецияда балалар мектепке барарда сарымсақ жегізу қалыпты әдетке айналған. Өйткені, бұл балаларды мешеулікке ұрынудан сақтайды делінеді. Бүгінгі күні дәріханаларда сарымсақтың ұнтақтары мен арнайы дәрілері де сатылады. Мамандар күн сайынғы тамақта 10-15 гр. сарымсақ жеп тұрудың денсаулыққа пайдалы екендігін алға тартуда.

Сарымсақтың пайдалары

Бүгінге дейін зерттеген ғалымдардың айтуынша, сарымсақтың құрамында төрт жүзден аса пайдалы компоненттер бар. Бірқатар пайдалары мыналар:

Қүрамындагы антиоксиданттардың жағымды емдік қасиеттері мол. Қан қысымын төмендетеді. Қабынуға қарсы. Перифериялық қан тамырлардың бітелуі мен ластануының, сондай-ақ, ми ісігінің алдын алады.

Иммунитетті нығайтады, организмді қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайды. Ағзадағы бактерияларды өлтіреді.

Асқазан-ішек жолдарына, жүрек-талма ауруларына ем. Микропты болдырмайды, жараны тез жазады, ауруды басады, ішекқұрттарды жояды, қақырықты түсіреді.

Авитаминозға өте пайдалы. Оның құрамындағы селен антиоксидантты құрамымен ерекшеленеді.

Сарымсақ қанды тазалайды, ол табиғи антибиотик болыи табылады. Ертеде оба ауруына ұшырағандарды емдеуге баратым дәрігерлердің сарымсақ салынған суға батырылған дәкемен жүздерін орап алуы осы себепті деп білінуде.

Сарымсақ - суық тиген ауруларға да таптырмайтын ем. Ол жүйке жүйесі бұзылғанда, зәр жолдарын емдеуге, сондай-ақ, организмді тазалауға пайдаланылады.

Теріге сүйел, теміреткі, сыздауық, қышыма, тағы басқа жаралар шыққанда да емге жаратады.

Арнайы зерттеулер

АҚШ пен Швеция ғалымдары сарымсақтың молекулалық тұрғыда адам денсаулығына қаншалықты әсер ететінін зерттеген. Нәтижесінде сарымсақтың әсерімен қан тамырлардың кеңейіп, ашылатыны байқалды. «Бұл сарымсақпен гипертонияны (қан қысымының көтерілуін) емдеуге болатындығын білдіруде», - деп мәлімдеді Калифорния университетінің профессоры Дәвид Джулиус.

Жапон ғалымдарының мәлімдеуінше, сарымсақ адам миындағы қартаю процесін бәсеңдетіп, оның жасушаларын тазартып отырады екен. Құрамында өте белсенді күкірт қосындылары болғандықтан, қанға түскен соң сарымсақ мидың ең қажетті деген бөліктеріне оң әсер етеді. Яғни сарымсақтан бөлінетін заттар есте сақтау қабілеті мен эмоцияға жауап беретін жасушаларды жақсартады.

Тағы бір ескере кетер жайт, ғалымдардың зерттеуінше сарымсақты жиі қолданатын әйелдер арасында кеуде ісігі дертіне шалдыққандар саны аз кездескен.

Пайдалы кеңестер

Қатты суықтап қалған кезде сарымсақты ұсақтап турап, үстіне ыстық су құйып, сосын соның буымен дем алу керек.

Тіс ауырған кезде сарымсақты қабығынан аршып алып, сонымен тістің қызыл етін сүртеді.

Сүйел шыққан жағдайда ұсақталған сарымсақты азғантай балмен араластырып алып, әлгі жерге қалыңдап жағып, таңып тастаған жөн.

Радикулит асқынып кеткен кезде сарымсақ пен қара шаңбырды (черная редька) үккіштен өткізіп алып, бір-бірімен жақсылап араластырып, белге тартады. Тағы бір әдісі: ұсақталған сарымсақты жұқа дәкеге салып, қашан қыздырғанша, белге тар- тып байлап қояды. Сосын оның орнына май жағып, жүн матамен орап тастайды.

Гипертониялық аурулар кезінде қатарынан екі күн, 2-3 түйір сарымсақты ұсақтап турап алып, түнге қарай жейді. Сосын екі апта үзіліс жасап барып, осы процедураны тағы бірнеше рет қайталайды.

Тұмаудың алдын алу немесе ауыра қалған жағдайда ем- деу үшін де күніне 2-3 рет мұрынға сарымсақтың суын тамызған жақсы.

Қорыта келгенде, өзі бармақтай болғанымен, сарымсақтың емдік қасиеті мол. Нақты қандай ауруларға ем екендігі бүгінгі күні толық ашылды.

Бұндай жайттарды ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай зертханада зерттеу жүргізбей-ақ, уахиға сүйене отырып жеткізген. «Сарымсақты емге жаратыңыздар, онда жетпіс түрлі ем бар» деуі әрі оның бүгінгі күні толықтай дәлелденуі - әз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек ақиқатты ғана айтқанын ұқтыруда.

Материал «Пайғамбар сүннеті» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: