19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Кеудеңді иман кернесін

Кеудеңді иман кернесін

Күдікпен күрес
Жарнама

Адамды адам ететін иман. Адам баласы үшін ең құнды дүние де қалыбындағы иманы. Иман адамды Алла құзырында мәңгілік азаптан құтқарып және мәңгі жәннатқа жетелейді. Ал, Жаратқанға сенбеу немесе оған серік қосу пендені мәңгілік азапқа кіріптар етеді.

Жүрекке жайғасқан сенімге үнемі сақ болу қажет. Өйткені жүрек мың құбылмалы болғандықтан арабтар қалып деп атаған. Қалып күнделікті болып жатқан құбылыстардан әсерленуші болғандықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұдайы дұғасында

يا مقلب القلوب ثبت قلبي علي دينك

Яғни: «Уа, қалыптарды құбылтушы жүрегімді дініңде берік ет», деп айтушы еді. Пайғамбардың бұл дұғасын естіген сахаба Әнес бин Малик (р.а.): уа, Алланың Елшісі! Расында біз сізге және сіз әкелген дінге иман еттік. Сонда да біз үшін алаңдайсыз ба?, деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): ия, расында жүректерді Рахман Алла қалауынша құбылтады, деген екен (Тирмизи риуаяты).

Ал, иман дегеніміз не? Иман мен амалдың ара қатынасы қаншалықты? Пендені нәпсіге еріп істеп қойған күнәсі иманынан айырады ма? Осы ақидаға қатысты мәселені талқылап көрелік.

Бақара сүресінің 260-аятында

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ أَرِنِي كَيْفَ تُحْيِي الْمَوْتَى قَالَ أَوَلَمْ تُؤْمِنْ قَالَ بَلَى وَلَكِنْ لِيَطْمَئِنَّ قَلْبِي

Яғни: «Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.) Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет, деді. (Алла Тағала) Маған сенбейсің бе?, деді. (Ибраһим (ғ.с.) Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын, деді...».

Ибн Касир тәпсірінде бұл аят жайлы: ғұламалар Ибраһимнің (ғ.с.) бұлай мінәжат етуіне бірқатар себептерді тізбектеп келтірген. Соның бірі патша Нәмруд тәңірмін деп айтқанда,  оған Халилуллаһ (ғ.с.) «Менің Раббым тірілтеді және өлтіреді», деп жауап берген, дейді.

Халилулла Ибраһим неге бұлай мінәжат етті? Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар иманда илмул яқиннан (біліммен танудан) айнул яқин (көзбен көріп тану) мәртебесіне көтерілуді қалады. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)

نحن أحقُّ بالشكِّ مِنْ إبراهيمَ, إذْ قال: ربِّ أَرِنِي كيف تُحيي الموتى, قال: أوَ لمْ تُؤْمِنْ؟ قال: بلى, و لكنْ لِيَطْمَئِنَّ قلْبي.

Мағынасы: «Біз Ибраһимнен қарағанда көбірек күдіктенеміз. Ол кісі: Раббым! Сен өлгендерді қалай тірілтесің? - деп сұрады. Алла Тағала: Сен сенбейсің бе? - деді. Ибраһим: Керісінше, сенемін, бірақ жүрегім орнықсын дедім», - деген (Бухари).

Әрине, Алланың досы Ибраһим (ғ.с.) иманында зәредей де күдік болмады. Ал, сіз бен біздің жүрегіміздегі иман әрбір тосыннан болған жайтта сыр беріп жатады. Қаншалықты құлшылық етсек те кейде күдік кеудеге кіруге тырысады.

Иман дегеніміз не? Имам Ағзам өзінің әл-Уасия кітабында: Иман тілмен айту, жүрекпен растау. Тек тілмен айтып қою иманға жатпайды. Егер адам тілмен ғана иманды болатын болса, мұнафықтардың барлығы да мұсылман саналатын еді. Сондай ақ, тек білумен, яғни тек танумен иманды бола алмайды. Танумен мұсылман болатын болса, кітап иелері де мұсылман есептелетін еді.

Құранда (Мунафиқун сүресі, 1-аяты) мұнафықтар жайлы

وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّ الْمُنَافِقِينَ لَكَاذِبُون

«... Сондай ақ, Алла Тағала расында мұнафықтардың анық өтірікші екендігіне куәлік етеді», делінген. Яғни олардың иманға қатысты айтқан сөздері жалған.

Ал, кітап иелері жайлы

الَّذِينَ آَتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ يَعْرِفُونَهُ كَمَا يَعْرِفُونَ أَبْنَاءَهُمُ

Мағынасы: «Біз өздеріне кітап бергендер, оны (Мұхаммедті (с.ғ.с.) ұлдарын танығандай таниды...» (Әнғам сүресі, 20-аяты), делінген. Яғни, кітап иелері біздің пайғамбарымызды (с.ғ.с.) анық танып тұрса да тілдерімен оны мойындамады.

Аяттың мағынасы: кітап иелерінің тек Алла Тағала мен Оның елшісін танып қана қоюлары ешбір пайдасын бермейді. Сондықтан жүрекпен растау және тілмен айту екеуі қатар жүруі қажет.

Жумһур ғұламалар иман жүрекпен растау, деген тоқтамға келген. Ал, тілмен айту адамды бұл дүниеде мұсылман деп тану үшін және оған шариғат үкімін орындату үшін қажет. Өйткені жүректегі жасырын иманды тек тілмен білдіруге болады. Ал, кімде кім жүрегімен сеніп, бірақ тілімен айтпаса, бұл дүниеде шариғат бойынша мұсылман деп саналмаса да, ол Алла Тағала құзырында мұсылман болып табылады. Ал, керісінше кімде кім тілімен айтып, бірақ жүрегімен сенбесе ол екіжүзді болғаны. Міне бұл анықтаманы Әбу Мансур әл Матуриди берген.

Бұған Құрандағы

أُولَئِكَ كَتَبَ فِي قُلُوبِهِمُ الْإِيمَانَ

«...Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған...» (Мүжәдәлә, 22).

Нахыл сүресі 106-аят

وَقَلْبُهُ مُطْمَئِنٌّ بِالْإِيمَانِ

«...Оның жүрегіне иман орныққан...», делінген.

Бұл аяттар иманның жүрекпен растау екендігін көрсетеді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзінен мысал айтып көрелік.

Усама бин Зайд (р.а.) риуаят етеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) Жуһайнаның бір руына жіберді. Біз олармен шайқасып жеңдік. Олардың арасында біреуі мұсылмандардың бірін байқамай өлтіріп қойды. Мен және бір ансарлық оған жетіп бардық. Сонда ол: лә иләһә илла Алла, деді. Ансарлық қаруын кейін тартты. Ал, мен қолымдағы найзамен оны түйреп алдым. Ол өліп қалды. Біз кері қайтқанда осы жайт Алла Елшісіне (с.ғ.с.) де жетіпті. Ол кісі маған: ей, Усама! Ол лә иләһә илла Алла дегеннен кейін өлтірдің бе? - деді. Мен: Уа, Алланың елшісі! Ол қарудан қорыққандығынан айтты, - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): Оның жүрегін жарып көрдің бе? - деп қатты айтты. Ал, Усаманың (р.а.) әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегінен алған орны бөлек еді.

Бухари, Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Насаи, Ибн Мәжә және басқа да мухаддистер риуаят еткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зайдты және оның баласы Усаманы қатты жақсы көретін. Тіпті Омар бин Хаттаб (р.а.) өзінің баласы Абдуллаға: «Расында Зайдты Алла елшісі (с.ғ.с.) сенің әкеңнен де қатты жақсы көретін. Ал, Усаманы Алла елшісі (с.ғ.с.) сенен артық жақсы көрген», деп айтқан екен (Тирмизи риуаяты).

Жүректегі иман көбеймейді және азаймайды. Біз иман етуіміз қажет болған шарттар тұрғысынан иман көбеюі немесе азаюуы мүмкін емес.

Кемелдік тұрғысынан көбейіп азаюы мүмкін. Имам Рази айтқандай растау тұрғысында иман көбеймейді және азаймайды.

Шын мәнінде үмбеттің қатардағы мұсылмандарының имандары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немесе Әбу Бәкір (р.а.) иманымен тең деп айтпаймыз. Осы мағынада пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер Әбу Бәкірдің иманы мен барша мұсылмандар иманы таразыға салынса, Әбу Бәкірдің иманы басып кетеді», дегенде иманның кемелдік жағы меңзелуде.

Әбу Ханифа (р.а.) Уасия кітабында: Иман көбеймейді және азамайды. Өйткені иманның көбеюін күпірліктің азаюымен ғана, ал иманның азаюын күпірліктің артуымен ғана елестетуге болады. Бір адам қалайша бір қалыпта тұрып әрі мұсылман әрі кәпір болады? Мұсылман ақиқатында мұсылман. Мұсылманның иманында ешбір шәк жоқ, деп түсіндіреді.

Сол сияқты кәпірдің күпірлігінде де күдік жоқ. Алла Тағала Құранда:

أُولَئِكَ هُمُ الْمُؤْمِنُونَ حَقّ

«Міне солар, шынайы мүміндер...» (Әнфал сүресі 4-аят) және

أُولَئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ حَقّ

«Міне олар анық кәпірлер» (Ниса сүресі 151-аят), деген.

Сондықтан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмбетінің күнәһар адамдары шынайы мүміндер.  Олар кәпір емес. Әбу Ханифа (р.а.) бұл сөзімен күнә амал иманды жоймайды дегенді білдірген. Бұл әһлі сүннә уәл жамағат ақидасы.

Ал, хауариж және мұғтазила ағымдары күнә амал мен иман бір кісінің бойында болмайды дейді. Бұл қате түсінік. Өйткені мұсылман қандай кемел дәрежеде болса да, ол түбегейлі күнәдан арылуы мүмкін емес жайт.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Адам баласының барлығы қателесуші, қателесушінің ең жақсысы тәубе етушісі», деген сөзі де бекер емес.

Құлшылық пен ғибадат иманның жемісі және шынайы сенімнің нәтижесі болып саналады. Жүрек мағрифат, яғни таным нұрымен жарқырай түседі. Ал, күнә керісінше жүректі қарайтып, Жаратушыға болған махаббатты әлсіретеді. Кейде күнәні үздіксіз жасай беру күпірлік зұлымдығына түсіреді. Өйткені кіші күнә үлкен күнәға, ал үлкен күнә күпірлікке итермелейді. Біз Алла Тағаладан барлық ісіміздің соңы сәтті болуын сұрайық.

Имам Ағзам (р.а.) Уасия кітабында: Амал иман емес, ал иман амал емес. Өйткені көптеген жағдайларда мұсылманның мойнынан амал түсетін жайттар бар. Мұндай жағдайда мұсылманның мойнынан иманы түсті деп айтпаймыз. Мысалы: етеккірі келген әйелге намаз оқу және ораза тұтуына тыйым салынады. Біз әйелге иман етуіне тыйым салынды деп айтпаймыз. Ораза тұтуға болмайтын әйелді иманды қоя тұр, кейін иманның қазасын өтейсің деп айтпаймыз. Сондай-ақ, кедей адамға зекет парыз емес. Мұндайда кедейге иман парыз емес деп айтылмайды.

Құранда бірқатар аяттарда да мұның дәлелі бар. Мысалы:

Ибраһим сүресі, 31-аятта

قُلْ لِعِبَادِيَ الَّذِينَ آَمَنُوا يُقِيمُوا الصَّلَاةَ

«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Менің иман еткен құлдарыма, намаз оқыңдар деп айт!», деп әмір етілуде. Алла Тағала пенделерін ғибадатқа бұйырардан алдын, мұсылман деп атап тұр.

Мәида сүресі, 6-аятта

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلَاةِ

«Ей иман келтіргендер! Егер намаз оқымақ болсаңдар...», бұл жерде де намазға тұрмас бұрын, «мұсылмандар» деп шақырып тұр.

Имам Насафи бұл жөнінде: Шариғатта бір кісі сәске уақытысында Ислам дінін қабылдаса, сөйтіп бесін уақыты кірмей жатып қайтыс болса, жәннаттық деп үкім беріледі. Егер де амал иманның ажырамас бөлігі болса, ол пенде жәннаттық деп айтылмас еді. Өйткені, ол ешбір амал жасамады, деп пәтуа берген.

Сондай ақ, Мұса (ғ.с.) мұғжизасын көріп, иман еткен сиқыршылар мәселесі. Олардың иман еткенін көрген перғауын сиқыршыларды өлім жазасына кесті. Бұл сиқыршылар ешбір амал етпесе де жәннаттық дейміз, деп көрсетілген Бахрул кәлам кітабында.

 Қос хадисші имам Бухари (5578) және имам Муслим (57-102) еңбектерінде мынадай хадис бар:

لا يزني الزاني حين يزني و هو مؤمن, و لا يسرق السارق حين يسرق و هو مؤمن, و لا يشرب الشارب حين يشرب و هو مؤمن.

Мағынасы: «Ойнастық жасаушы зина жасап жатқан кезде мұсылман болмайды. Ұры ұрлық етіп тұрғанда мұсылман болмайды. Маскүнем арақ ішіп тұрғанда мұсылман болмайды», деген.

Бұл хадис Бухариде айтылған. Имам Бухари амал иманнан деп айтатын болған. Тіпті, ол хадисті мың сексен адамнан жаздым. Олардың барлығы да иман: айту және амал ету, деуші еді, дейді. Сонда да осы хадисті түсіндіргенде: кәміл мұсылман болмайды және иманының нұры болмайды, деп шарх жасаған.

Имам Тахауи (р.а.): Иман біреу, оның иелері және негізі тең, олардың арасындағы айырмашылық қорқуда, тақуалықта, нәпсіге еріп кетуде және берік тұруда, деп айтқан.

Демек, мұсылман баласы иман шарттарына сенуде бірдей және тең деп қабылдаймыз. Осы мағынада Әбу Сағид әл Худри (р.а.) риуаят еткен мына хадис бар

منْ رأى منكم مُنْكَرًا فَلْيُغَيِّرْ بيدِهِ, فإنْ لم يستطعْ فبلسانِهِ فإنْ لم يستطعْ فَبِقَلْبِهِ و ذلك أضْعَفُ الإيمان.

Мағынасы: «Кімде-кім тыйым істі көрсе қолымен өзгертсін, шамасы келмесе тілімен өзгертсін, оған шамасы келмесе жүрегімен қарсы болсын. Бұл иманның ең әлсізі», деген.

Аталмыш хадисте иман дәрежелері айқын айтылуда.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте        

المؤمن القويُّ أَحبُّ إلى الله مِن المؤمن الضعيف

Яғни: «Күшті мұсылман Алла Тағала құзырында әлсіз мұсылманнан жақсырақ», деген (Муслим, 2664, Ибн Мажаһ 79/4168, Ахмад 2/366).

Мұндағы күштілік иманның, тақуалықтық күштілігі. Әлсіздік те имандағы және тақуалықтағы әлсіздік.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:

أكمل المؤمنين إيمانًا أحسنُهمْ خُلُقًا...

Мағынасы: «Мұсылмандардың кәміл имандысы ең көркем мінездісі...», деп айтылған. Ал, көркем мінез үш қасиеттен тұрады: жылы жүзділік, біреуге зиян тигізбеу және жомарттық. Көркем мінез иесі екі дүниеде де бақытқа кенелген жан, деп көрсетілген.

Әбу Дауд кітабында:

مَنْ أحبَّ للهِ و أبغضَ للهِ و أعطى للهِ و منع لله فقدْ استكملَ الإيمانَ

Яғни: «Кімде-кім Алла Тағала разылығы үшін жақсы көрсе, Алла Тағала разылығы үшін жеккөрсе, Алла Тағала разылығы үшін берсе, Алла Тағала разылығы үшін тыйса, ол адамның иманы кемелденгені», деп айтылған. Демек, мұсылманның бір істі орындауы немесе тәрк етуі және бір нәрсені жақсы көруі немесе жеккөруі Алла ризашылығымен байланысты болса, оның иманы кемел екендігін көрсетеді.

 Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

  خِصْلتانِ لاَ شئَ أفْضلُ منهما الإيمانُ بالله و النفعُ للمسلمين, خِصْلتانِ لاَ شئَ أَخْبَثُ منهما الشركُ بالله و الضَّرُّ بِالمْسلمين.

Мағынасы: «Екі қасиет бар, одан абзал дүние жоқ, ол: Алла Тағалаға иман ету және мұсылмандарға пайдалы болу. Екі қасірет бар. Одан жаман нәрсе жоқ, ол: Алла Тағалаға серік қосу және мұсылман баласына зиян тигізу», деп айтқан екен.  

«Нұр Астана» орталық мешіті

сауат ашу бөлімінің

Директоры Руслан Қамбаров

Бөлісу: