19
Жұма,
Сәуір

һижри

Алматыда «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі басталды (фото)

Алматыда «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі басталды (фото)

Жаңалықтар
Жарнама

Алматы қаласында ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі басталды. Көрменің ресми ашылуына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

ҚМДБ Төрағасы алғысөзінде «QMDB Halal» сертификатын иеленген отандық және шетелдік кәсіпорын өкілдеріне ризашылығын білдірді.

«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» дейді. Осы аятқа амал еткен күллі мұсылмандардың қарашаңырағы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал көрмесін жыл сайын әрбір өңірде ұйымдастыруда. Бұған дейін еліміздегі ірі мегаполистер елордасы – Астана, Шымкент қаласында өтті.

HALAL EXPO-2023 көрмесі белді кәсіпорындар мен беделді кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлері мен дін мамандарын, өндірушілер мен тұтынушыларды бір шаңырақ астында біріктіретін мәдени мерекенің шамшырағы іспеттес. Бұл түрлі ұлт пен ұлыстардың басын қосып, өндірушілер мен тұтынушылардың арасын жалғап, пікір мен тәжірибе алмасудағы таптырмас басқосу. Сонымен қатар бұл көрме кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметтерін ұсынуға, тұтынушыларға түрлі халал өніммен танысуға, өндірушілерге өзара әріптестік келісім орнатуға, халал жөнінде жаңа мағлұмат алуға мүмкіндік береді» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти салтанатты рәсімде үздік халал кәсіпорындар мен қызметкерлерді арнайы марапаттады. Одан бөлек бірқатар құрметті қонақтар, шетелдік меймандар сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, екі күнге созылатын көрмеге «QMDB Halal» таңбасымен халал өнім өндіретін отандық кәсіпкерлермен бірге Қырғызстан мен Өзбекстан, Ресей мен Татарстан, Беларусь пен Моңғолия, Индонезия мен Малайзия мемлекеттерінен келген 100-ге жуық кәсіпорынның өнімдері (ет, құс, сүт, балық, бал, май өнімдері, жартылай дайын және кондитерлік өнімдер, Халал косметикалар, шұжықтар, БАД, тағам қоспалары, гигиеналық заттар, жуғыш заттар, фаст-фудтар, балмұздақтар, сусындар, т.б.) қойылған. Көрме Алматы қаласының «Бақшасарай» қабылдау үйінде өтіп жатыр. Шара аясында семинар халал саласына қатысты семинар-тренингтер өтеді.

Бөлісу: