Зекет – Исламның бес парызының бірі. Дініміздің негізін құраушы бес тіректің бірі. Зекет араб тілінен аударғандакөбею, тазару деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, мал-дүниесінің ақысын, зекетін берген адамның дәулетіне берекет кіріп, көбейе түседі. Мал-дүниесі адал болып, харамнан тазарады. Мәселен, жеміс ағашынан көп және дұрыс өнім алу үшін оның қажет емес бұтақтарын уақытында қырқу маңызды. Сырт көзге ағаштың бұтағы көп болған сайын жемісі де мол болатындай көрінуі мүмкін. Алайда, жеміске баратын нәрді ретсіз өскен артық бұтақ сорып, жеміске зияны тиеді.
Құран Кәрімде: «... әрі намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер және Аллаға көркем қарыз беріңдер. Өздерің үшін алдын ала қандай жақсылық істеген болсаңдар, оны Алланың алдында содан да қайырлы әрі ұлы сый күйінде табасыңдар. Алладан кешірім тілеңдер. Шын мәнінде, Алла – өте Кешірімді (Ғафур), ерекше Рақымды (Рахим)», [1] – делінеді.
Құранда намаз жайлы аяттар зекетпен бірге қоса айтылады. Намаз – пенде мен Раббысының арасындағы діннің негізі болса, зекет – пенде мен бауырларының арасында діннің негізі. Намаз – денемен жасалатын ең үлкен құлшылық болса, зекет – мал-дүниемен жасалатын құлшылықтардың үлкені.
Бұл аятта: «Ей, адамдар! Қандай жақсылық істейтін болсаңдар, оның қайтарымы мен сауабын Алланың құзырынан табасыңдар. Қиямет күні дүниеде жасаған жақсылықтарыңызды еселеп, әлденеше жақсы күйде табасыңдар. Өйткені, дүние – өткінші, ал ақырет – мәңгі», – деп әмір етуде.
Аяттың соңы қайырымдылық жасаушыларға Алла Тағаладан кешірім сұрауды әмір етіп тәмамдалады. Мұның сыры – қайырымдылық жасау кезіндегі адам ниетін түзеуге шақыру. Сонымен бірге, адам кейде дұрыс емес жерге қайырымдылық жасауы ықтимал. Немесе өзінің мұрат-мақсаты немесе жеке мүддесі көздеп, қайырымдылық етуі мүмкін.
Әбу Аюб (р.а.) риуаятында: «Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Мені жәннатқа кіргізетін амал жайлы айтыңызшы», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға ешнәрсені серік етпей құлшылық етуің, намазды орындауың, зекет беруің және туыстық қарым-қатынасты жасауың», – дегені айтылады[2].
Ал, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бір араби кісі Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Маған істесем жәннатқа кіретін бір амалды үйретіңіз?» – деп өтінді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда: «Аллаға серік қоспай ғибадат етуің, намазды орындауың, парыз зекетті беруің, рамазанда ораза тұтуың», – дейді. Сұрақ қойған араб: «Менің жаным қолында болған Затпен ант етемін, сіз өсиет еткен бұл амалдардан артық ешнәрсе істемеймін», – деп жөніне кете барды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім жәннаттық адамды көргісі келсе, анау адамға қарасын», – деген екен[3].
Зекет – адамның иманы мен намазының қорғаны. Пенденің иманы қаншалықты екенін көрсететін белгі.
Қасиетті Құранда Қарун атты байдың қиссасы бар. Ол Мұса (ғ.с.) заманында өмір сүрген, асып-тасыған бай кісі еді. Мал-дүниесі сақталатын қоймалардың кілтінің өзін бірнеше мықты кісі әрең көтеріп жүретін. Мұсаға (ғ.с.) туысқандық қатысы бар Қарун тым сараң, ерекше дүниеқоңыз еді.
Зекет беру уахи етілгенде, Қарун әр мың алтынына біреу беруге келіседі. Санап шыққан соң, беретін зекетін көпсініп, Мұсаны (ғ.с.) Исраил жұртының алдында масқарасын шығаруды жоспарлады. Қарун бір жезөкшені ақшамен паралап, пайғамбарға жала жабуды тапсырады. Айт күні келіп, Мұса (ғ.с.): «Кімде-кім ұрлық жасаса қолы кесіледі, үйленбегендер зина жасаса, дүре соғылады, үйленген адам зина жасаса, тас боран етіледі», – деп қауымына насихат айтып тұрған болатын. Кенет Қарун: «Бұл саған да қатысты ма?» –дейді. Мұса (ғ.с.): «Иә, мен болсам да», – дейді. Қарун: «Исраил жұрты сені пәленше деген әйелмен зина жасағаныңды біледі», – деп, жезөкше әйелді көпшіліктің алдына шақырады. Мұса (ғ.с.) әйелге Алланың атымен ант етіп, тек қана шындықты айт дегенде: «Сізге жала жабу үшін Қарун маған ақша берді», – дейді.
Міне, сонда Мұса (ғ.с.) Аллаға шағымданып, сәждеде жалбарынады. Алла Тағала оған: «Жерге қалағаныңды бұйыр», – деп уахи етеді. Мұса (ғ.с.) «Қарунды ал», – деп, жерге әмір етті. Жер оны тізесіне дейін жұтты, тағы ұста дегенде беліне дейін, тағы жұт дегенде мойнына дейін, тағы жұт дегенде тұтастай Қарунды жер жұтып жібереді. Қарун жалбарынып жатса да, пайғамбар (ғ.с.) еш кешірмейді. Алла Тағала: «Сені масқара етпек болған жан бірнеше рет рақымшылдық сұрады, сен оны кешпедің. Ұлылығыммен серт, Менен бір рет жалбарынса, кешірер едім», – деп уахи етеді. Бұл оқиғаға куә болған Исраил жұрты: «Мұса мұны Қарунның дәулетін өзіне мұра ету үшін жасады», – десті. Сонда Мұса (ғ.с.) Аллаға жалбарынып, Қарунның сарайы мен мал-дүниесін түгелімен жерге жұтқызып жіберді.
Құран Кәрімде: «Кезінде Исраил ұрпағына: «Алладан басқаға құлшылық етпеңдер, ата-анаға, туысқандарға, жетімдер мен кедейлерге жақсылық істеңдер, адамдарға жақсы сөз айтып, намазды толық орындаңдар және зекетті бересіңдер», – деп, уәделерін алдық. Содан соң, сендер азыңнан басқаң серттерінен бас тартқан түрде теріс айналдыңдар» [4] – деп баяндалады.
Қарун зекет беруден бас тартқаны үшін осындай азапқа душар болды. оның есімі қияметке дейін қорлықпен аталады. Оның шектен шыққан дүниеқұмарлығы, сараңдығы басын жалмады. Алла Тағаланың оған берген мал-дүниесінен болмашы бөлігін шығарып, Жаратушының әмірін орындаудың орнына ол Аллаға және Пайғамбарына қарсы шықты.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүние салған соң, Әбу Бәкір (р.а.) халифалығының алғашқы айларында иманы әлсіздер діннен шыға бастады. Тағы біреулері зекет бермейміз деп жатты. Әбу Бәкір (р.а.) олармен соғысамын дегенде, көптеген сахабалар: «Зекетін бермесе бермесін, мұсылман боп қала берсе де жетеді», – дегендей ой айтты. Сонда Әбу Бәкір (р.а.): «Алла Елшісіне бергенін, тіпті ешкінің лағы немесе түйенің мойын арқанын маған беруден бас тартса, мен олармен соғысамын. Зекет – мал-дүниенің ақысы. Намаз бен зекеттің арасын бөлген әрбір адаммен соғысамын», – деп кесіп айтқан еді.
Жарир бин Абдулла (р.а.): «Мен Пайғамбарға (с.ғ.с.) намазды орындауға, зекет беруге және әрбір мұсылманмен шынайы болуға байғат (серт) бердім»,[5] – дейді.
Байдауи (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болған мына оқиға баяндалады. Бірде Пайғамбарға (с.ғ.с.) Сағләбә бин Хатыб есімді кісі келіп: «Маған Алладан мал-дүние сұрап дұға етіңізші», – деп өтінді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Сағләбә! Шүкір ете білген аз мал-дүние, шамаң келмейтін көп дүниеден қайырлы, жақсырақ», – дейді. Сағләбә: «Сізді Елші етіп жіберген Алламен ант етейін, егер Алла Тағала маған мал-дәулет берсе, әрбір ақы иесінің ақысын орындаймын», – деп қоймайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол үшін дұға жасады. Бұдан соң Сағләбә қой бағып, малы құртша көбейіп, Мадина қаласына сыймай кетеді. Ақырында қала сыртына көшуге мүжбүр болады. Шаруасы көбейе түскен Сағләбә бірте-бірте жамағаттан және жұма намазынан алыстап түсті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оның жағдайын сұрағанда, адамдар: «Оның малы көбейіп, сайға сыймай жатыр», – деді.
Күндердің күнінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Сағләбә, сорың құрысын!» – деп, садақа жинайтын екі кісіні жіберді. Ол екеуін жұрт жақсы қарсы алып мойындарындағы зекеттерін беріп жатты. Екеуі Сағләбәға барып, мал-дүние ақысы зекетті беруді ескертіп, Құрандағы әмірді оқып бергенде, Сағләбә: «Бұл жизияға қатысты», – деп, зекет беруден бас тартты. Екеуі кері қайтқанда: «Олардың ішінде: «Егер Ол (Алла) бізге кеңшілігінен берсе, міндетті түрде садақа береміз әрі ізгілерден боламыз», – деп Аллаға серт бергендер де бар. Ал, оларға Алла кеңшілігінен берген кезде, олар сараңдық етіп, серттерінен жалтарып, теріс айналды. Сонда Алла олардың берген уәделерін бұзғандықтары әрі өтірік айтқандары үшін Өзіне жолығатын қиямет күнге дейін олардың жүректеріне екіжүзділікті ұялатады. Алла олардың сыры мен құпия әңгімелерін білетінін және Алла ғайыпты білуші екенін олар білмей ме?» [6] – аяты уахи етіледі.
Бұны естіген Сағләбә зекетіп өзі алып келеді. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала сенен зекет қабылдауыма тыйым салды», – деп жауап береді. Соры қайнаған Сағләбә басына топырақ шашып байбалам салады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Өзің кінәлісің, саған бұйырған кезімде, өзің бермей қойдың», – дейді. Сағләбә Пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салған соң, халифа Әбу Бәкірге де (р.а.) зекетін алып келді, бірақ халифа қабыл етпейді. Кейіннен мұсылмандар әміршісі Омарға да (р.а.) зекетін алып келеді. Хазреті Омар да (р.а.) өзінен алдыңғы екі жолдасы сияқты оның зекетін алмады. Ақырында Осман бин Аффан (р.а.) халифалығы заманында Сағләбә дүниеден озады.
Құран Кәрімде: «Әрі жақсылықты көп болып қайтуы үшін жасама», [7] – деп әмір етіледі. Яғни, адамдарға жақсылық берсең, еселеп қайтуын ойлама. Нағыз жомарт берген қайырымдылығын аз санайды. Ибн Аббас (р.а.): «Өзіне көп қайтуын ойлаған адам сияқты берме. Өзіңе көп берілу үшін біреуге қайырымдылық етпе. Мұндай тыйымның сыры – қайырымдылық қайтымды күтпейтін кіршіксіз де кемел болуы қажет. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с.) барлық көркем және кемел әдеп пен мінезге бұйырылған жан», – дейді.
Суфиян Саури: «Кімде-кім міндетсінсе, садақасы бұзылады», – дейді. Сонда: «Міндетсіну қалай болмақ?» – деп сұрағандарға, ғұлама: «Берген садақасын айтуы және адамдар арасында әңгіме етуі», – деген екен.
Ал, Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Сендер намаз оқуға және зекет беруге әмір етілдіңдер. Кімде-кім зекет беруді тәрк етсе, оның намазы жоқ», – деген екен.
Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде әмір етілгендей, Жаратушы Иенің нәсіп еткен мал-мүлкі пен дәулетін адалдап, адамдар арасында бауырмалдықты нығайта түсу үшін шамасы келген мұсылмандарға зекет беру – парыз. Сағлабә құсап сорыңыз қайнамасын десеңіз, зекет құлшылығына немқұрайлы қараудан сақтаныңыз!
Руслан ҚАМБАРОВ,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы
[1] «Муззәммил» сүресі, 20-аят.
[2] Муттафақун алейһи.
[3] Муттафақун алейһи.
[4] «Бақара сүресі», 83-аят.
[5] Муттафақун алейһи.
[6] «Тәуба» сүресі, 75-78 аяттар.
[7] «Муддассир» сүресі, 6-аят.