22
Жұма,
Қараша

һижри

Жамағат – көпшілік бірлігі

Мінбер

Бисмиллаһиррохманир рохим.

Қазіргі кезде қоғамымызда өмір сүріп жатқан көп адамдардан: - Ислам дінінде бірлік жоқ, олар топ-топ болып алып қырылысып жүр, бірін-бірі жек көреді деген сөздерді де еститін болдық. Алла сақтасын, бұл ақ пен қараны айырып білмеген адамның айтқан сөзі. Әлбетте мұсылмандар әрқашан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біледі.

Ал соғыс қылып, жиһад деген желеумен ланкестік ұйымдастырып жүргендер олар діннің жаулары, жау болғанда да іштен шыққан жаулар. Дана халқымыз «Іштен шыққан жау жаман» дейді. Діннің атын жамылып, қой терісін киген қасқырдың нақ өздері. Сөзім жала жабу болып кетпесін, құр сөзбен ауыз сүртпей тереңдете түсіндіріп өтсем.

Мұсылмандардың ең басты ұстанымы – Құран. Құранда Алла Тағала біздерге ақ пен қараны айырып, мұсылмандар үшін әмірлері мен тыйымдарын паш етіп, сондай-ақ бірлік пен басшыға бағынудың да маңызын баян еткен. Сондай аяттардың бірінде Алла тағала былай деп келтіреді:

«Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер».

Әлу Имран сүресі, 103-аят.

Осы аятты ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұд р.а былай түсіндіреді:

-         «Уа халайық, сендерге басшыға бой ұсыну және көпшілікпен болу міндетті. Расында бұл Алла Тағаладан әмір етілген Алланың жібі»- дейді.

 

Мінекей, күллі әлемнің сырын қамтыған, адам баласына ең үлкен жол нұсқаушы қылынған, ақ пен қараны айқын баян еткен қасиетті Құранда Алла тағала біздер үшін бір болуды да әмір етті. Ал құранда әмір етілгенінің өзі бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі Құдітетті Аллаһ біздерді не нәрседен тыйса сонда қайыр бар, ал не нәрсеге бұйырса сол да біздер үшін ең дұрысы болмақ. Демек мұсылмандар үшін бір болу Алладан келген әмір ғана емес, тағылымы мол іс екені шүбәсіз.

 

Ал жоғарыда айтып өткен түсініспеушіліктерге келсек, бұл тарихы терең оқиғалардан басталады, әлбетте мұсылмандардың ортасында бүліктің, бөлінушіліктің болатынын Алла Елшісі де с.а.с ескертіп өткен еді. Мұсылмандардың арасындағы бүлікші топтар сахабалар дәуірінен бері болған. Олардың бәрі дерлік уақыт өте келе қателіктері айшықталып, әлем сахынасынан жойылып кеткен. Бұл Алла тағала ислам дінін жер бетіне  қияметке дейінгі, соңғы дін етіп жібергендіктен. Ал қазіргі кезде өкінішке орай, атауының өзі бейбітшілік деген ұғымды білдіретін, бір адамды өлтіру барша адамзатты өлтіргенмен тең күнәға балайтын асыл дініміз – исламның  жаулары да жоқ емес. Солардың бірі – уаһабилік ағым. Әлбетте уақыт өте келе олардың да сахына төрінен кетері мәлім. Десекте біз ел ретінде еш бір отандасымыздың исламның іштен шыққан жаулары болған сол топтың өкілдерінің қатарынан табылмауына ықпал жасауымыз керек. Ол үшін әлбетте әрбіріміз асыл дініміздің құндылықтарын терең түсіне білгеніміз жөн.

Уаһабия ағымының шығу тарихына қарасақ шамамен екі жарым ғасыр бұрын пайда болған. Негізін қалаушы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб. Уаһабия атауы да осы адамның есімімен байланыстырылған. Аталып отырған ағымды харижиттер деп те атайтындар бар, себебі бұл топ өз сеніміне қосылмағандарды «кәпір» деп айып тағуында харижиттердің әрекетімен сәйкестік тапқан.  Ағымның жетекшісі алдымен өзі туып өскен Уяйна елді мекенінің қазысы, әкесі Абдулуаһһабтан, кейін Мединада, сондай-ақ Басрада білім оқыған. Оқып жүріп Ибн Таймияның пәтуаларымен танысады, кейін халық арасында өз пікірін жариялап, Құран мен хадистен тікелей үкім алу керектігін алға тартады. Әкесі қайтыс болған соң Уяйнаға барып насихат жұмыстарын жүргізеді. Сол ауылдың әміршісі Осман ибн Хамдпен достасып, «егер мені қолдасаң Алла сені Нәдж даласының әміршісі етеді»- деп үгіттейді. Енді екеуі бірігіп халықты күшпен үгіттеп пікірлерін тыңдататын болды. Халықтан наразылық көрген ол Рияд маңыңа көшіп барады. Сол жерде Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Саудпен тіл табысып, алғаш уаһабиенің іргетасын қалайды.  Ағымның идеологиялық басшысы Ибн Абдулуаһһаб «Кутуб ат-таухид» еңбегін жазып оны халыққа таратады, ал оны қабылдамағандарға қарсы қылыш көтеруге рұқсат береді. Оларды өлтіріп, мал-мүліктерін талан-таражға салу халал деп  үкім шығарады. Қатары көбейген уаһабилер 1773 жылы Рияд қаласын басып алды, бірте-бірте айналасына ықпал етіп, қатігездікпен пікірін таратып жатты. Сөздеріне қарсы келгендерді аяусыз өлтірді. Мекке мен Медине қалаларын да өз қол астарына өткізеді. Жалпы алғанда екі жүз жыл арасында өз мемлекеттерін құра білген уаһабилер басшысы, Мұхамммед ибн Саудтың ұрпағы Абдулазиз ибн Сауд 1926 жылы «Нәдж және Хижаз» патшасы болып тағайындалды. 1932 жылы Абдулазиз ибн Сауд құрған мемлекетін «Сауд Арабия Каролдігі» деп атайды.

Уаһабилердің діни түсініктеріне тоқтала кетсек. Аталмыш ағым өкілдері алғашқыда өздерін Ханбали мәзһабының ұстанушылары етіп көрсеткісі келген. Бірақ ондай саяси арам ойлары іске аспады, себебі ол кездерде төрт мәзһаб имамдарының қай-қайсысы болсын еңбектері кітап бетіне жазылып сақталған кез еді. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Кашфуш-шубуһат» атты еңбегінде «амал иманның бір бөлігі, егер адам таухидті танып оған амал етпесе кәпір болады» деген пікірін алға тартады, және Имам Ахмад ибн Ханбал да осы пікірде болғанын айтады. Алайда Имам Ахмад та, сондай-ақ ешбір ұлы ғалым «намаз оқымаған жанды кәпір» деген сөзді айтпаған. Имам Абу Ханифа да ақидаға қатысты «Әл-Уасояа» атты еңбеінде «Амал иманның бір бөлігі емес, егер олай болса, етеккір уақытында намазын тоқтатуға бұйырылған әйел, иманын тәрк етуге бұйырылған болады» деп, тоқтамды пікірін жария еткен.

Уаһабилердің тағы бір уәжі, өздерін алғашқы өткен мұсылмандармен теңеп «біздер сәлафилерміз, сәләфтармыз» деп, сол кезеңдегі исламға шақыруы. Осы желеумен тәуәссулге тыйым салады. Ал бұған дейінгі Ислам ғұламалары тәуәссулді шектен шықпай, өз орнымен қылса ешбір ширк болмайтындығын айтып өткен. Кезінде сахабаларымыз да Алла Расуліне с.а.с барып бізге дұға ет деп сұрайтын, бұлда тауассулге жатады, сондай-ақ Пайғамбарымыздың с.а.с хадисінде амалдарын тауассул еткен уш пенде туралы да хабарлар жеткен, бұл да болса тауассул жасаудың дұрыс болатындығын дәлелдейді.

Сондай-ай, «жиһад» терминін де бұрмалап түсіндірудің салдарынан жер бетінде қаншама лаңкестік болып жатқанын ескеру керек. Жиһад – әр адамның өз ішкі дүниесін тәрбиелеуі, ал уаһабилер болса бұл қасиетті ұғымды «соғысу, қырып жою» деп түсіндіріп келеді. Айта берсек осы сияқты қателіктері жетерлік, сондықтан да айтып өткеніміздей әрбіріміз өз сенімімізді нақты білуіміз қажет. Жалпы уаһабилік пікірлер салдарынан бірнеше діни ағымдар пайда болды, мысалы: Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың ағымы тағы басқа, сонымен қатар қазіргі таңдағы ИГИЛ де «жиһад» мәселесінде сол уаһабияның ізбасарлары болып келеді. Ал Мұхаммед ибн Абдулуаһһабты мұсылмандар арасында болып жатқан барша бүліктің басшысы ретінде танысақ еш артық кетпейтініміз анық.

Халқымызда «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді. Қазіргі таңда мұсылмандардың бірлік-берекесі қашып отырғанын жасырмай ақ қояйық. Ал бұған не себеп? Жауап бір, сол уаһабизм пайда болмай тұрып барша мұсылмандар Түркі Осман Империясына бағынатын, бұл Пайғамбарымыздың с.а.с заманынан бері жалғасын тауып келе жатқан мұсылмандардың бірлігі еді. Алғашқыда мұсылмандардың басшылығы арабтарда болса, кейін лайық деп танылып түріктерге берілген еді. Міне осы замандарда исламның туы желбіреп Еуропада салтанат құрдық. Ислам барша әлемдік дін болуы да ғажап емес болатын. Ал неліктен болмады? Себебі империяның іштей ыдырауына әсер еткен де осы ағым басшысы және оның қолдаушылары болды.

Қазіргі таңда ислам дінінде жамағаттар көп. Бірақ Алла Елшісінің с.а.с айтып өткен «Жаннатта болатын бір топ, ол – жамағат» дегені қайсысы? Бәрі де жамағат бола беретін болса Алла Елшісі с.а.с «Сендерге жамағатпер бір болу міндетті, бөлінушіліктен сақтаныңдар, расында шайтан жалғыздың жанында болады, ол екеуден алыс тұрады, ал кімде-кім жаннаттың ләззатын сезінгісі келсе ол жамағатпен болсын» деп ескерткен жамағаты қайда қалды?

 

Құрметті қандастарым, отандастарым! Жамағат деп әрбірі бас-басына би болған, арам ниетті, билікті көксеп, мұсылмандардың тыныштығын бұзып жүрген адамдарды емес, керісінше Алла Елшісінің с.а.с артынан ергендерді және де солардан қалған мирасты, ақиқатты жалғап келген көпшілікті айтамыз. Ендеше, жамағат – көпшілік бірлігі, ақиқатты сақтап келе жатқан көпшілік бірлігі. Олай болса баршамыз сол көпшілікпен болып, бүлікшілерден аулақ тұрайық. Жарылқаушы Йеміз баршамызға сол жаннатқа лайық болатын жамағаттың қатарында болуды нәсіп етсін! Отанымызға тыныштық, ынтымақ, береке-бірлік берсін! Әмин!

Манарбек ұлы Қонысбек,

 

«Нұр Астана» орталық мешіті ұстазы.

Бөлісу: