20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Күпірлікпен айыптау - үлкен күнә

Күдікпен күрес
Жарнама

Бүгінгі жат ағым өкілдерінің басты қателігінің бірі – адамдарды күпірлікте айыптау. Яғни, намаз оқымайтын адамдар мен күнә жасаушыларды дінсіз деп сөгу, оларға күпірлік үкімін беріп, ауыр айтыптайтын көзқарасты ұстану.

Ислам дәуірінің алғашқы ғасырларында болмаған мұндай келеңсіздіктер – саясиланған жат ағым жетекшілерінің теріс бағыттағы иделогиялық жұмыстарының жемісі.

Олар күпірлікпен айыптаған әрекеттер Ислам дінінде үлкен күнәлар болғанымен, өзін мұсылман ретінде жариялап, иман келтірген кісіні ауыр айыптармен сөгуге болмайды. Олардың күнәсін кешірсе де, жазаласа да Алла біледі. Алайда, өзі мұсылман болып саналады.

Бұл әрекет Исламда өте ауыр күнә ретінде тыйым салынған амалдардың бірі. Қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі 58-ші аятында «Мүмин ер мен мүмин әйелді жазықсыз жәбірлегендер, жала жапқандар, анық өзіне ашық күнә жасап алады» делінсе, «Нисә» сүресі, 94-аятында былай делінеді:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَى إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا  

«Әй, мүміндер! Алла жолында шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Сен – кәпірсің» демеңдер». Алла Тағала аталмыш аятта иман келтірген кісіні күпірлікпен айыптаудан үзілді-кесілді қайтарып отыр. Бұл аят туралы ғалымдар былай дейді:

Тәпсірші сахаба Ибн Аббас (р.ғ.) осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала мүминдерге «лә иләһә илләлла» - деп куәлік айтқандарға: «Сен – кәпірсің!» деп айтуды оларға өлексені тыйым салған сияқты тыйым салды!», - деп айтқан.

Имам Заркәши (р.х.): «Күпірлікте айыптағыштың өзі, мұсылманды такфир жасауның себебінен, күпірлікке кіріп кетуден қорықсын!» дейді. Бұл пікірді Құраннан кейінгі құндылғымыз ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мүбәрак мәтінді хадистерінде айтылады. Бір хадисте:

تَكْفِيرُ الْمُسْلِمِ كَقَتْلِهِ

«Мұсылманды күпірлікте айыптау – оны өлтірген секілді», - делінсе, тағы бір хадисте «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік», - деген.

Бұл аят, хадистерден күпірлікпен айыптаудың иләһи жауапкершілігін аңғарып, ол істің қандай ауыр күнә екенін бағамдауға болады.

Біреудің иманы жайлы сырттай үкім шығарудың салдары өте ауыр. Айталық, хадис-шарифтерде Алла Елшісінің айтуы бойынша, біреуді жазықсыз күпірлікпен айыптаудың салдары өзіне қайтатынын, яғни оның үкімі өзіне жүрмек. Имам Бұхарида келетін Ибн Омар (р.ғ.) жеткізген Расулулланың (с.ғ.с.) мына бір хадисінде:

أَيُّمَا امْرِئٍ قَالَ لِأَخِيهِ: يَا كَافِرُ، فَقَدْ بَاءَ بِهَا أَحَدُهُمَا، إِنْ كَانَ كَمَا قَالَ وَإِلَّا رَجَعَتْ عَلَيْهِ

 «Егер қандайда бір адам бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады», - делінсе, Әбу Зардан (р.ғ.) жеткен басқа бір хадисте былай делінеді:

مَنْ دَعَا رَجُلاً بِالْكُفْرِ أَوْ قَالَ: عَدُوَّ اللَّهِ، وَلَيْسَ كَذَلِكَ إِلَّا حَارَ عَلَيْهِ

«Кім бір кісіні күпірлікте айыптап: «Кәпір», немесе «Алланың дұшпаны», - десе, ол кісі кәпір болмаса, онда айтылған сөз оны айтқан иесіне қайта оралады!».

Демек, адамдарды діннен шығару үшін жат ағым идеялогтарының ойлап шығарған тәсілі.

Әбу һурайрадан (р.а) жеткен хадистердің бірінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرَمْ جَارِهِ، وَمَنْ فَلْيُكْرِم ضَيْفَهُ، وَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لَيَسَكَتْ

«Кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісін және қонағын құрметтесін, жақсы сөздерді сөйлесін немесе үндемесін (тыныш отырсын)», - деп ескерткен еді.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) біреудің дініне, ар-намысына тиетін пайдасыз сөздер айтпауды өсиеттеуі бекер емес. Өйткені, ондай істер өзгенің ар-намысына ғана емес жоғарыдағыдай айтушының өзінің дініне ауыр нұқсан тигізеді.

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» мешітінің бас имамы

Бөлісу: