22
Жұма,
Қараша

һижри

Парасат иесіне айналған тұлға

Ислам жұлдыздары

Адамның дәрежесін көтеріп, абыройын өсіретін құндылық ол – парасат. Парасат бір сәт қана емес, үнемі адам бойымен жасасып тұратын қасиет. Осындай қасиеттің биік шыңыннан хазреті Әбу Бәкірді (р.ғ.) көруге болады. Жарқын жүзді, нұр дидарлы әрі Құран әдебімен көмкерілген Әбу Бәкір (р.ғ.) дін төңірегіндегі  мәселелерде терең танымымен, нақты шешімдерімен, дұрыс көзқарастарымен де күллі сахабалардың алды еді. Тіпті, мұсылман болмастан бұрын да парасаттылықтың нағыз үлгісі бола білген.

Құрайштың алдыңғы қатарларынан көрініп, маңызды істердің шешімін табуға атсалысқан ардақты жан. Сондай-ақ, парасаттылығының арқасында кез келген оқиғаға терең бойлап, оған көрегенділік танытатын.

Оның бір ғана мысалын ардақты сахаба Әбу Сағид Әл-Худри (р.ғ.) былайша жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс боларынан алдын сырқаттанып жүрген кезі еді. Бірде басына сәлдесін орап, мешітке келді. Жайлап-жайлап жүріп, мінбердің қасына жақындады. Біз де ол кісіге көз алмай қарап отырған болатынбыз. Сосын мінберге шығып отырды да:

- Ей, адамдар! Өмірім құдіреттің қолында болған Аллаға ант етейін, мен қазір Кәусар бұлағының басындамын. Мынаны біліңіздер, бір құлына Алла Тағала «қаласаң мен саған дүниені және дүниенің нығметтерін берейін» деген екен. Ол болса, ақыретті шешіпті, – деді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзінен ешкім ешнәрсе түсінбеді. Бірақ, осында отырған Әбу Бәкірдің (р.ғ.) көздері жасқа толып:

-Ата-анам саған құрбан болсын. Ата-бабаларымызды, аналарымызды, өзімізді және мал-дүниелерімізді саған құрбан етеміз», - деді. Міне, сол күннен бері Пайғамбарымызды (соллаллаһу ғаләйһи уә салләм) мінберден көру бізге нәсіп болмады».

Осындай парасат иесі Әбу Бәкір (р.ғ.) халық арасында тақуағылығымен ерекше тұлғаға айналды. Ол Алладан шынайы қорыққандықтан түндерін намазбен, күндіздерін оразамен өткізген. Үнемі жақсылықты бұйырып, игі іске келгенде өзі бас болып асыға жүретін. Дүниеге берілмеген әрі әрбір жағдайына шүкір еткен. Ал, халық алдында жүрсе, әділдікке аса мән беретін болған. Танымы терең, парасаты пайымды Әбу Бәкір (р.ғ.) үлгі аламын деген жанға осындай қасиеттерімен де өнеге.

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: