29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қоныс аудару бақыты бұйырды

Ислам жұлдыздары

Ардақты сахаба Әбу Бәкір (р.ғ.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген адалдығының арқасында жанына жақын тұтар ең жақсы көретін адамына айналды. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) исламды халыққа кеңінен насихаттау жөнінде және басқа да істерінде онымен жиі ақылдасып тұратын. Меккеде өткен 13 жылдық дәуірде Әбу Бәкір (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі жанынан табылып, ыстығы мен суығына төзе білді.

Исламның алғашқы насихаттала бастаған уақытта Меккеде мұсылмандардың қатары көбейіп жатты. Мұны қызғанған мүшріктер оларға жапа көрсетуді күн сайын үдете түсті. Өмірлері мен діндерін сақтап қалу үшін мұсылмандардың бір тобы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Эфиопияға көшуге рұқсат алды. Қалғандары иләһи әмір келгеннен кейін Мәдинаға һижрет етті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) һижрет етуіне әлі рұқсат келмеген-ді. Қасынан бір елі айрылмаған шынайы дос Әбу Бәкір өзі жайлы сұраған кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: “Уа, Әбу Бәкір, асықпа. Бәлкім Алла саған да бір һижрет серігін нәсіп етер”, – деді. Әбу Бәкір һижретте Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болатынын түсінді. Өйткені Меккеде Әли, Әбу Бәкір және Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) басқа ешкім қалмаған еді.

Иә, хазреті Әбу Бәкірдің (р.ғ.) өміріндегі ең тәтті шағы – Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге һижрет ету бақытына ие болуы. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сенімді досы бола білген Әбу Бәкірді ескеріп, өзіне сенімді жол серік етуді қалады. Хазреті Айша (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйге келсе, таңертең немесе кешқұрым келетін. Алладан һижрет етуге рұқсат алған күні нағыз түскі уақытта келді. Әкем ол кісіні көрісімен: «Хазреті Пайғамбар мұндай уақытта келмеуші еді. Мұның бір себебі бар», - деп таңданды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ішке кірген кезде әкем орнынан тұрып, ол кісіге орнын берді. Әкемнің қасында мен және бауырым Әсма болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) әкеме: «Бұларды сыртқа шығара тұр», - деді. «Иә, Алланың Елшісі! Олар менің қыздарым ғой. Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын. Бұл жүрісіңізге не себеп?» - деді. Хазреті пайғамбар (с.ғ.с.) былай деді: «Алла Тағала маған Меккеден шығуға және һижрет етуге рұқсат берді». Әкем ол кісіге: «Ей, Алланың Елшісі! Мен саған серік болғым келеді», - деді.

Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) да: «Мен де сені өзіммен бірге алып кету үшін келдім», - деді. Міне, сол күннен бері әкемнің дәл осы күнгідей қуаныштан жылағанын көрген емеспін». Әкем осы хабарды естіген күні жылаумен болды. «Ей, Алланың Елшісі! Мына екі түйені осы жолға әзірледім», - деді қуанып.

Меккеден Мәдинаға қоныс аударатын сәтте келді. Ардақты елші (с.ғ.с.) сол түні өзінің төсегіне Әлиді қалдырып, Әбу Бәкір екеуі ел көзінен жасырынып жолға шықты. Олар Сәур тауына қарай бет алды. Әбу Бәкірдің көңілі толқып Адамзаттың ардақтысына (с.ғ.с.) зиян келмесін деп қобалжыды. Мүшріктердің оларды байқап іздеріне түсуі мүмкін еді. Ол өзін мүлдем ұмытып, тек қана Пайғамбарымызды (с.а.с.) ойлаумен болды.

Олар түннің бір уақытында Сәур тауындағы ішіне адам кірмеген үңгірге келіп жетті. Оның іші құрт-құмырсқа, жылан мен шаянға толы еді. Үңгірге бірінші Әбу Бәкір кіріп, айналаны тексеріп, киімінің құрақтарымен тесіктерді бітеп шықты. Құрақ жетпегендіктен бір тесікті аяғымен бітеді. Алланың елшісі келіп оның қасына отырды. Ардақты елші (с.ғ.с.) көз шырымын алмақшы болып, оның тізесіне басын қойып, мызғып кетті. Қас қылғандай Әбу Бәкірдің тесікті бітеген аяғы жанын көзіне көрсетіп удай ашытты. Ауру жанына батса да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұйқысын бұзып алудан қорқып, орнынан тырп етпеді. Бірақ, дызылдаған аяғы шыдатпай, еріксіз көзінен жас ыршып кетті. Нұрлы жүзіне тамған ыстық көз жасынан оянып кеткен Алланың Ардақты елшісі (с.ғ.с.):

– Саған не болды, ей, Әбу Бәкір? – деді.

– Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ! Аяғымды бір нәрсе шақты, – деді даусы қынжыла шығып.

Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрәк түкірігінен жаққан кезде хазірет Әбу Бәкірдің аяғының ашыған жері бірден тоқтады. Досының бұл жанкешті әрекетіне тебіренген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Аллаһым, қиямет күнінде Әбу Бәкірдің дәрежесін менімен бірдей қыл!» – деді.   

Иә, дін үшін болған һижрет сапары ислам тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Сонымен қатар, һижрет мұсылмандарды мүшріктердің зұлымдығынан құтқарып, имандылық шуағының көкжиегі кеңейген сәт. Жиырма үш жылдық пайғамбар дәуірінің алғашқы 13 жылы Меккеде болса, һижреттен кейінгі он жылы Мәдинада жалғасым тапты. Осындай маңызды оқиғалардың куәсіне айналған Әбу Бәкір (р.ғ.) пайғамбарымызбен бірге қоныс аудару бақытына да осылай ие болды.

 

 

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: