22
Жұма,
Қараша

һижри

Худайбия келісіміндегі көрегенділік

Ислам жұлдыздары

 

Әбу Бәкір Сыддықтың Ардақты Елшіге (с.а.у.) қылаусыз сенімі мен парасаттылығын Худайбия келісімі кезіндегі әрекетінен аңғаруға болады. Алла Елшісінің (с.а.у.) мүшріктердің ұсынған қиын шарттарын қабыл етіп, бейбіт келісімге баруын сахабалардың көпшілігі алғашында түсіне алмай қарсы шықты. Омар сияқты ақылды сахабаның өзі бұл келісімнің астарындағы сырды ұғына алмай әбігерге түссе, Әбу Бәкір өзіне келген адамдардың бәрін “Алла Елшісі бұлай жасаған болса, демек білген бір ақиқаты бар” деп сабырға шақырды. Әбу Бәкір бұл жайлы былай дейді:

“Ислам үшін Худайбиядан асқан ұлы жеңіс болған емес. Бірақ адамдар ол күні Мұхаммед пен Оның Раббысы арасындағы сырды түсіне алмай асығыстық жасады”.

Худайбия келісімі сырт көзге жеңіліс сияқты көрінгенімен, ақиқатында Құранда „Фатх” сүресінде баян етілгендей “айқын жеңіс” болды.

Худайбия келісімінің нәтижесінде кескілескен екі жақтың арасында тыныштық орнады. Мұсылмандар өз діндерін қорықпай уағыздай алатын болды. Мүшріктер болса мұсылмандарды жақыннан тану мүмкіндігіне ие болды. Мұсылмандар мен қоян-қолтық араласып, оларды таныған сайын, бойларындағы адалдық, шынайылық пен адмгершіліктің керемет үлгісін көріп, жаңа дінге деген қызығушылықтары арта түсті. Көптеген адам Исламды қабылдаса, бірқатары дұшпандықтан бас тартты. Худайбия келісімінен кейін мүшріктердің ең жаужүрек, жеңілмес қолбасшысы Халид ибн Уәлид пен айлалы саясаткер Амр ибн Ас т.б. сияқты ірі тұлғалары мұсылмандықты қабылдады.

Худайбия келісімі мен Меккенің алынуына дейінгі екі жылдық қысқа уақыт аралығында мұсылман болғандардың саны Алла Елшісіне (с.а.у.) пайғамбарлық келген кезден бастап, өткен жиырма жылда иман келтіргендерден ондаған есе артық. Демек, бұл бейбіт келісім – жеңіліс емес, Исламның ұлы жеңісі.

"Саңлақ сахабалар" кітабынан

Бөлісу: