21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мұсылмандар қажылықты өтеуге неліктен Қағбаға баруы тиіс?

Мұсылмандар қажылықты өтеуге неліктен Қағбаға баруы тиіс?

Қажылық

Алла Тағала қажылық орны ретінде жер бетіндегі бірінші мешіт болып табылатын, Аллаға құлшылық ететін алғашқы қасиетті үй құбыламыз Қағбаны бекіткен.

Бұл туралы Құранда: «Оның жолына шамасы келген адамдар Алла үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық жасау) керек. Ал, кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай» («Әли Имран» сүресі, 97-аят) делінген.

Егер біз бұған жай мұсылман ретінде қарайтын болсақ, Ислам бастау алып, өркендеген, қасиетті аяттар келіп түскен, Пайғамбарымыз бен сахабалар үлкен қиындықтарға төтеп беріп ақиқат үшін күрескен қасиетті орындарды өз көзімізбен көру, Адам пайғамбарымыздан бастап кейінгі басқа да пайғамбарлар жиі болған жерлермен жүру, сол ауамен тыныстау әрбір мұсылманның ең үлкен арманы екендігі және бұл мұсылмандардың иманын күшейтіп, олардың Исламға деген сүйіспеншілігін арттыратынына күмән жоқ. Дүние жүзі мұсылмандарының бір-бірімен кездесіп, Алла елшісінің қабірінің жанында бірге болуы Исламның алғашқы жылдарындағыдай оларды біріктіреді, ал ең бастысы, олардың өз міндеттерін одан бетер қадірлеуін қамтамасыз етеді. Сондықтан, Қағба қажылық үшін ең бірегей орын.

Барлық дүниелік нәрселерін: мүліктерін, билігін, қызметі мен құрметін, қоғамдағы беделін артта қалдырып, дүние жүзінің мұсылмандары әлеуметтік жағдайының ерекшелігінсіз бір адамдай Алланың алдына келіп, жалбарына тілек тілейді. Күш пен қуаттың Жалғыз Иесіне осындай дұғамен жалбарыну пендеге өзінің Алланың құлы екенін үйретеді.

Нәсілі, тілі, мәдениеті, лауазымы мен қоғамдағы беделі ешқандай рөл ойнамайтын, бір ортақ мақсатты ұстанатын бұл адамдар жер бетіндегі теңдік пен бауырластықтың шынайы бейнесін көрсетеді. Бұл бірде-бір идеология, бірде-бір бас қолбасшы және бірде-бір бұйрық арқылы жасалынбайтын феномен болып табылады. Сонымен қатар, бұл мұсылмандардың бір-бірімен танысып, өзара байланыс орнатып, бірігуіне септігін тигізеді. Олардың өзара қатынас құрып, бір-бірінің қайғы-мұңдарын бөлісіп, жан-жақты қатынастарды орнатуға мүмкіндік сыйлайды, осылайша мұсылман үмбетін нығайтуға септігін тигізеді.

Қажылық кезеңдерінің бір сатысы болып табылатын Арафат астарында мүлдем басқа ерекшелік байқалады. Қиямет күні күллі адам баласының жиналу орны болып табылатын осы жерде адамның ақыл-есі мыңдаған жылға ілгері шарлап, өзінің ақыл-қиялының мүмкіндігі жеткен дәрежеде өздерінің қайта тірілтіліп, Алланың алдында, Рабымыздың құзырында тұрғанын елестетеді. Осы көргендері оның есінде мәңгі сақталады. Бұл иманы биікке шарлаған адамның Аллаға қолын жайып, ішкі жан дүниесін жайып салатын, өз күнәлары үшін жалбарына кешірім сұрайтын дұға тілеу сәті. Бұл өз дәрменсіздігін түсінген адамның Мәңгілік Жаратушының шексіздігін, Оның рақымы мен қайырымыдылығын, сүйіспеншілігін сезіну сәті. Осы бір сезім бүкіл жан дүниесін баурап алған мұсылман адам өз күнәларын қайталай ала ма?

Бұл жағдайда қажылық басқаларынан гөрі пендені күнә жасаудан сақтап, рухани жетілуіне септігін тигізеді.

Қысқасы, қажылық астарында терең мән жатыр, онда басқа құлшылық түрлерінде кездеспейтін тұстар: рухани-адамгершілік, әлеуметтік, экономикалық және психологиялық аспектілер қамтылған. Бұл аталғандар өз кезегінде бүкіл адамзатқа тек игі әсер ететіні сөзсіз.

материал «Күнделікті діни сауалдарға жауаптар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: