Намаздардан кейін Құран кәрім оқу да, оқымау да – жаиз. Яғни оқыса да болады, оқымаса да болады. Егер уақыты бар болса, Құран кәрім оқу үлкен сауап болғаны үшін оқу, әрине өте жақсы.
Құран кәрім оқу "Сүбханә раббикә" аятынан кейін "Фатиха" сүресін оқуға себеп болады. Ал "Фатиха" сүресін оқу үлкен сауап болып табылады.
Хадис шәрифте былай делінген: «Құран кәрімде қайыры ең көп болған сүре – фатиха.» (И. Ахмед)
«Құран кәрімнің ең қасиетті сүресі – Фатиха» (Хаким)
«Фатиха сүресі бүкіл дерттерге дауа» (Бәйһақи)
«Фатиха сүресі уларға қарсы шипа.» (Әбушшәйх)
Бір сахаба "Фатиха" сүресін оқығанын айтқан кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Ант етемін, Алла Тағала Тәуратта да, Инжилде де, Зәбурда да "Фатиха" сүресінің ұқсасын түсірмеген. Ол намаздарда қайталанып оқылатын жеті аят болып, маған берілген ұлы Құраннан болады. (Тирмизи)
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Жәбрейілмен (алейхиссалам) отырған кезде бір періште келіп айтты: «Сенен алдын ешбір пайғамбарға берілмеген, тек саған ғана берілген екі нұрмен сені сүйіншілеймін. Бұлар "Фатиха" сүресі мен "Бақара" сүресінің соңғы аяттары. Осы екеуін оқитын болсаң, қалағаның міндетті түрде беріледі» (Мүслим).
"Фатиха" сүресі Алла Тағаланың ашуының алдын алады» (Шира)
Бір тайпа басшысын жылан шағып алады. Сахабалардан бірі Фатиха сүресін оқыған кезде Алла Тағаланың рұқсатымен әлгі адамның ауруы жазылады. Тайпа басшысы оған бір отар қой сыйға тартады. Сахаба оны алу жаиз не жаиз еместігін білмегені үшін сүйікті пайғамбарымыздан сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Не оқыған едің?» деп сұрайды. Ол "Фатиха" сүресін оқығанын айтқанда, оған былай деді: «Фатиха сүресінің шипа болатынын қалай білдің? Сол қойларды алып, жаныңдағылармен бөліс» (Арифин).
Дұға оқылуы білдірілген жерлерде "Фатиха" оқу жақсырақ болады. Намаздардан кейін дұға етілуі хадис шәрифтерде білдірілген. "Фатиха" сүресі дұғалардың ең жақсысы екенін білдіру үшін түсірілген. Имам «Фатиха» деген кезде әркімнің дауыссыз оқулары жақсы болады. Өйткені дұғалардың соңында хамд ету мүстаhаб. Ал хамд етудің ең жақсысы "Фатиха" сүресін оқу (Бәриқа).
Намаздардан кейін Құран кәрім оқу, Құран кәрім оқылғаннан кейін "Фатиха" оқу – жаиз. Оқылмаса күнә болмайды. Бірақ оқылса сауап болады.
материал «Намаздан кейінгі тәсбих» кітабынан алынды,
ummet.kz